22 желтоқсан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 22 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Қазақстанда архив қызметкері күні

Қазақстан Үкіметі 2020 жылдың 22 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қаулыға толықтырулар енгізді. Құжатқа сәйкес, мерекелік даталар тізімінің қосымшасы «Архивші күні – 22 желтоқсан» мазмұнымен толықты.

Халықаралық бард әндері күні

Алғаш пайда болған жылдан бері интернет арқылы шығармашылық кездесулер өткізіп, түрлі елдер мен қалалардағы бардтардың басын қосқан шынымен халықаралық мереке. Музыка мен поэзияға шектеу жоқ болғандықтан, Авторлық өлең күнін таяу және қиыр шетелдің автор-орындаушылары тойлап келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Қазақстанды электрлендіру жоспары қабылданды. 1892 жылы Қазақстан аумағында алғашқы гидравликалық станса салынды. ХХ ғасырдың басында республика аумағындағы барлық электр стансаларының қуаттылығы 2,5 МВт-тан асқан жоқ. Бүгінде энергетиктердің табанды еңбегінің арқасында Қазақстанның энергетикалық қуаттылығы 23 мыңнан астам МВт-ты құрап отыр.

1974 жылы Екібастұз қаласынан солтүстікке қарай 16 шақырым жерде Екібастұз отын-энергетика кешенін салу жобасы бойынша ГРЭС-1 құрылысы басталды. 1980 жылы 500 мегаВатт қуатқа ие алғашқы энергоблок іске қосылды. 1984 жылы сегізінші блоктың іске қосылуымен стансаның жобалық қуаты 4000 мегаВатқа жетті. Соның арқасында жергілікті кеніштерден алынған таскөмірмен жұмыс істейтін Екібастұз ГРЭС-1 әлемнің ең үлкен жылу электр стансаларының біріне айналды.

1998 жылы отбасы мүддесін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі белсенділігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанында отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

2000 жылы «Айгөлек» балалар журналының алғашқы саны жарық көрді.

2005 жылы Новосібірде қазақ қарпімен басылған «Ұлы Абайға адалдық» кітабының ілкі данасы Семейге жеткізілді. Кітаптың баспадан шығуына Абай республикалық қоры жәрдемдесті. «Ұлы Абайға адалдық» кітабында Абай өмір сүрген кезеңнің белгілі оқиғалары мен бүгінгі күнге дейін жарық көрмеген материалдар да қамтылып отыр, яғни Абайдың тікелей ұрпағы – Мінаш Ысқақованың естеліктерін айтуға болады.

2007 жылы Петропавлда Қазақстанның және Якутияның белгілі мемлекет әрі саясат қайраткері Максим Амосовқа ескерткіш тақта орнатылды. Максим Амосов (1897-1938) Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды, Қазақстан Компартиясы ОК-де жұмыс істеді. Қазақстан экономикасын дамытуға, босқын қазақтарды Отанына қайтаруға, оларды баспана және жұмыспен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. 1938 жылы Қырғызстанда репрессияға ұшырап, атылды. Өлген соң ақталды.

2011 жылы Қарағандыдағы Юрий Гагарин атындағы алаңда ғарышты игергендерге ескерткіш қойылды. Мемориал авторлары қарағандылық сәулетші Мұрат Байысбай және астаналық мүсінші Асқар Нартов болды. Мүсін композициясының жалпы биіктігі – 40 метр. Оны тұрғызуға алюминий, тот баспайтын болат, нитротитан, гранит және габра тастар қолданылды.

2011 жылы Қазақстан Ұлттық банкі «Шығыс күнтізбесі» сериясына кіретін номиналы 500 теңгелік «Айдаһар жылы» алтын және күміс монеталарын айналымға шығарды. Монеталар 999-сынамалы алтыннан және 925-сынамалы күмістен дайындалған.

2014 жылы ТМД-да алғаш рет Алматы онкологиялық орталығында интраоперациялық сәулелі терапия өткізу үшін (ИОЛТ) LIAC 10 MEV мобильді электрондар үдеткішін енгізді. «LIAC 10 MEV» электрондарды интраоперациялық үдеткіші дәл операция кезінде сәулеленудің жоғары мөлшерін қатерлі ісікке дәл түсіруге мүмкіндік береді. Осылайша, хирургиялық және сәулелік емдеу өзара үйлестіріліп, бір мезетте жүргізіледі.

2015 жылы Астанада Қазақстандағы күрес түрлерінен ең үлкен академия «Qazaq Batyry» құрылды. Спорт кешенінің ауданы – 850 шаршы метр.

2016 жылы Антарктидадағы Юнион Глетчер (Union Glasier) базасынан алғашқы қазақстандық шаңғышылар экспедициясы Жер шарының оңтүстік полюсін бетке ала жолға шықты. Атлеттер Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков және зерттеуші дәрігер Дәулет Шәріповтерден құралған топты қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев басқарды.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан жайындағы ашық пікірталастарына қатысты. Онда көптеген елдер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан алғашқы сайланған мемлекет ретінде әрі Орталық Азия өңірі мен Ауғанстанды дамыту, қауіпсіздік мәселелеріне әлем жұртшылығының назарын белсенді аударғаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

2017 жылы Македония астанасы Скопьедегі Қасиетті Климент Охридский ұлттық және университет кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Орталық Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеп, қазақ әдебиетін насихаттауға үлес қосу, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогті нығайту, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту міндеттерін атқарып келеді.

2018 жылы Астанада Қазақстандағы ең танымал шахматшы, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясының ресми ашылу салтанаты өтті.

– Мен үшін, менің командам үшін біздің шахмат академиямыздың ресми ашылуы - ғажап оқиға. Әрине, академияның негізгі мақсаты – ойын түрін Қазақстанда танымал ету. Мен Астанада, Алматыда және еліміздің басқа да қалаларында мастер-класстар өткіземін, - деді Динара Сәдуақасова академияның ашылу салтанатында.

2019 жылы Алматыда Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ – Жақсылық Үшкемпіров туралы «Жақсылық» атты көркем фильмнің премьерасы өтті. Биографиялық лента ҚР Еңбек Ері, грек-рим күресінен әлем және Олимпиада чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің ғұмыр жолы жайлы баяндайды. Басты рөлдерді Эльнар Назарқұл мен Сануржан Сүлейменов сомдады (спортшының бозбала шағы мен жасөспірім кезі). Театр актері Олжас Сақ фильмде спортшының жастық шағындағы бейнесін ойнаса, 60 жастағы спортшының рөлін сомдауға Қазақстанның Халық әртісі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылды.

2020 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамашылық еткен халықаралық ынтымақтастық және қызметті үйлестіру туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Бұл резолюцияның мақсаты – Семей аймағындағы тұрғындарды оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамыту. Құжатта халықаралық қауымдастыққа Қазақстанда зардап шеккен тұрғындарды емдеу, Семей аймағындағы экономикалық өсім және тұрақты даму бойынша арнайы бағдарламаларды әзірлеуге көмек беруге үндеу жасалған.

2020 жылы Астанада ел тұрғындары, туристер, шетелдік қонақтарға Қазақстанның жерасты байлықтары туралы ағартушылық мақсатпен құрылған алғашқы геологиялық мұражайдың ашылуы өтті.

2020 жылы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінде Абай Құнанбайұлы мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Шара қазақтың ұлы ақынының 175-жылдығы мен Біріккен Ұлттар ұйымының 75 жылдығына орайластырылған.

2021 жылы Димаш Құдайбергеннің D’R’S мангасының екінші бөлігінің шығуына орай грузин зергері Давид Чхеидзе әйгілі Манга тұмарының көшірмесін жасады. D’R’S мангасы – кәсіби суретшілер мен сценаристер тобы әзірлеген әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ресми жобасы. D’R’S – бұл манга (ақ-қара түсті жапон комиксі) форматында бейнеленген және баяндалған тартымды оқиға.

2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылынан бес шақырым жерде Байтайлақ батыр мазары орнатылды. Байтайлақ батыр (1695-1745) – қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, 12 абақ керейдің Шеруші руына ұран болған тарихи тұлға. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек Бердәулетұлы Байтайлақ батыр сынды ұлы қаһармандарымыз осы ғасырдың тарихына есімдерін алтын әріппен қалдырды. Байтайлақ батырдың жерленген жері Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерінің картасына енгізілген.

2022 жылы Эталон орталығында республиканың барлық оқу орындарының орта және жоғары сынып оқушылары арасында стандарттарды әзірлеу бойынша олимпиада жеңімпаздарын марапаттау өтті.

2022 жылы Ташкентке ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөздер жүргізді. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзиттік әлеует және көлік логистикасы салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық берді.

Сондай-ақ білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан Президенті шағын құрамдағы келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалап, достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуге берік ұстанымын білдірді.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюмді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан-Америка ынтымақтастығы қауіпсіздік мәселелерін, тұрақты дамуды, климаттық күн тәртібін және гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, кең ауқымды салаларды қамтиды.

Мемлекет басшысы экономикалық өзара іс-қимылды екіжақты қарым-қатынастардың қозғаушы күші деп атады және сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде Инвестицияларды ынталандыру кеңесінің қызметі аясында кеңейту қажеттігін атап өтті.