22 жылдық үзілістен кейін Қазақстанның киелі нысандары ЮНЕСКО тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту маңызды міндет екенін айтты.

Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану қорығы

— Тағы бір маңызды міндет — ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым. Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтті. 

— Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды. Сәулет өнерінің осынау жауһарлары — Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды, — деді Президент.

Айта кетейік, жиын барысында Президент Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын құжат болуға тиіс екенін айтты.