Әнел Болғымбаева өмірі мен қызметін кинология саласына арнаған. Айтуынша, ит асырап, оларға күтім жасап, жаттықтыру - бала күннен бергі сүйікті ісі.
«Халқымызда «Ит - жеті қазынаның бірі» деп бекер айтылмаған. Мен бала кезімнен бұл жануарларды асырап, оларға қамқорлық көрсеткенді жақсы көрдім. Тіпті, жай ғана көзқарасынан оларға не қажет екенін, көңіл-күйі қандай екенін жақсы түсініп қоямын. Сондықтан болар, болашағымды кинология саласымен байланыстырғым келді»,- дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде подполковник Әнел Болғымбаеваның кинология саласындағы еңбек өтілі 22 жыл болған.
Алғашқы қызметін ол Шығыс Қазақстан облысында кіші сержант шенінде «кіші инспектор-кинолог» болып бастаған.
«2018 жылы маған Алматы қалалық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығын басқаруға шақыру түсті. Кейін Алматыда ҚР ІІМ кинологиялық орталығының бастығы болып тағайындалдым»,- деді ол.
Кейіпкеріміз қызметінде білікті басшы бола білсе, отбасында сүйікті де мейірімді ана. Оның екі қызы бар.
«Екі қызым өзім секілді жануарларды өте жақсы көреді. Бұл - жақсы қасиет. Себебі, сол арқылы олардың айналасына деген қамқорлық, жауапкершілік және махаббаты қалыптасады»,- деді ол.
Әнел Болғымбаева - өз қызметіне адал адам. Тіпті, әйелдер мерекесі қарсаңында да үйде жатпай, қызметінде жүр.
Себебі, өзінің айтуынша, бір де бір күнін жұмыстағы жануарларды көрмей өткізе алмайды.
«Барлық қыз-келіншектерді, аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Оларға ең бастысы денсаулық, әйел бақытын, сүйікті жар, ана және бақытты болуын тілеймін»,- деп өзінің ақ тілегін жеткізді ҚР ІІМ Кинология орталығының бастығы, полиция подполковнигі Әнел Болғымбаева.