227 жолаушысы болған Boeing ұшағын іздеу жұмыстары жалғасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралиялық көліктегі қауіпсіздік бюросы (ATSB) 30 қыркүйекте биылғы жылдың наурыз айының басында жоғалып кеткен малайзиялық Boeing ұшағын іздестіру жұмыстарын қайта қолға алмақ. Бұл туралы британдық Independent басылымы хабарлайды, деп жазады ИТАР ТАСС.

Жерсерік мәліметтерін талдау іздеу жұмыстары көбірек жүргізілуі тиіс аймақтарды нақты анықтап берді. Соңғы есептеулер көрсеткендей, MH370 ұшағы өз бағытын осыған дейінгі болжамнан бұрынырақ өзгерткен. Осылайша, ол теңізге құламастан, әрі қарай оңтүстікті бет алып кеткен болуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, тәуелсіз халықаралық сарапшылар тобы ұшақ апатының Австралияның Перт қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 2,5 мың шақырым жер аймағында орын алуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ олар әуе кемесінің қалыпты жылдамдықпен қалыпты биіктікте ұшқанын, яғни бұл тұрғыда еш ауытқу болмағанын болжап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, малайзиялық компанияға тиесілі лайнер «Куала-Лумпур-Бейжің» бағыты бойынша рейске биылғы жылғы 7 наурыз күні шыққан. Оның бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Ұшақпен байланыс ол Малайзия астанасынан ұшып шыққаннан кейін екі сағат өткен соң үзілген.