23 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 23 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

23 қаңтар БЕЙСЕНБІ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

3 2 жыл бұрын (1982) Қазақтың академиялық опера және балет театрында «Ақан сері - Ақтоқты» операсының премьерасы өтті. Алғашқы қойылымда бас партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Х.Қалиламбекова мен К.Мыржықбаев орындады. Операның авторы - С.Мұхамеджанов.

25 жыл бұрын (1989) үлкендігі авионосецтей астероид Жерге тақау тұстан ағып өтті. Егер ол 6 сағат бұрын жеткенде Жерге соқтығысады екен.

22 жыл бұрын (1992) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылдады. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.

19 жыл бұрын (1995) Брюссельде Елбасы Н.Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

15 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жазушы Шыңғыс Айтматов «Отан» орденімен марапатталды.

13 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңы қабылданды. 13 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңы қабылданды.

8 жыл бұрын (2006) Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы және жапонның екі корпорациясы - «Сумитомо корпорэйшн» мен «Кансай Электрик Пауэр КО.Инг» кәсіпорны Оңтүстік Қазақстандағы «Мыңқұдық» кен орнының батыс учаскесін игеретін үшжақты біріккен кәсіпорын құру жөніндегі келісімге қол қойды.

7 жыл бұрын (2007) Алматыда «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» кітабы жарыққа шықты. Басылымның авторы - белгілі журналист, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ҚР жастар Одағы сыйлығының лауреаты Жарылқап Бейсенбайұлы.

7 жыл бұрын (2007) Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында қазақ тілі білімінің негізін салушы Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті.

Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған.

С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түркітанушы.

6 жыл бұрын (2008) Ақтауда «Маңғыстау - аңыздар өлкесі» кітабының таныстырылымы болды. Кітаптың авторы журналист және Маңғыстау өлкесінің аңыздарын жинаушы Наталья Задерецкая. Кітапқа - Маңғыстаудың қасиетті жерлерінің, құдықтары мен мешіттерінің, тарихи бұрыштарының көптеген әдемі фотосуреттері және батырлар мен қарапайым адамдар туралы аңыздары енгізілген.

6 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жыл сайынғы «Парыз» конкурсын өткізіп отыру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерілету және оларды осы саладағы ең үздік тәжірибені енгізуге ынталандыру мақсатымен құрылған.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Нью-Йоркте бас консульдығы салтанатты түрде ашылды.

Рәсімге АҚШ-та аккредиттелген елдер консульдығы қызметтерінің басшылары, БҰҰ жанындағы ТМД мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің, Нью-Йорк бизнес топтарының және мэриясының өкілдері қатысты.

4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы еліміздегі және халықаралық тәжірибені ескере отырып, міндетті сақтандыру саласындағы тетіктерді жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2010 жылы ОАР-да өткен футбол бойынша Әлем чемпионатына арналған номиналы 100 теңгелік ескерткіш күміс шақаны айналымға шығарды.

Шақаның бет жағында стильге келтірілген стадионның бейнесі және төмен жағында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген, және «Ag 925 31,1g» деген жазуы бар, ол жасап шығарылған металлдың таңбасы, салмағын білдіреді. Сол жағында шақаның номиналын білдіретін «100 tenge» деген жазуы бар. Жоғарғы бөлiкте ұлттық банктiң логотибі орналасқан. Шақаның периметрі бойынша «Republic оf Kazakhstan» деген жазуы ішіне қарай енгізілген. Шақаның артқы жағының орталық бөлігінде ойын үстіндегі добы бар екі футболшы бейнеленген. Шеңбері бойынша «2010 Fifa World Cup South Africa TM» деген жазуы жазылған. Шақаның максималды тиражы 10 мың дана, оның 3 мың данасы ғана ішкі нарық үшін жасалған. Бұл Ұлттық банктің шақасы спортқа арналған инвестициялық топтамасының жетінші шақасы болып табылады.

2 жыл бұрын (2012) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың ресми сапары барысында АҚШ-та Джонатан Айткеннің «Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер» кітабының ағылшын тілді нұсқасының таныстырылымы өтті.

2 жыл бұрын (2012) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанда мемлекет тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында «Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы» мемлекеттік мекемесінің және салынып жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы» ғимаратының негізінде «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесі құрылды.

ЕСІМДЕР

114 4 жыл бұрын (870-950) қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі ӘБУ НАС Ы Р ӘЛ-ФАРАБИ, Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби дүниеге келді.

Әскер басының отбасында туған.

Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.

Әбу Насыр әл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ші ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің гүлденген кезіне дәл келді. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукалдың «Китаб масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-заман» атты еңбегінде Әбу Наср әл-Фарабидің арғы аталарының аттарын (Тархан, Ұзлағ) таза түркі тілінде келтірген.

Әбу Насыр әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.

Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. «Ғылымдар тізбегі» атты еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі: 1) тіл білімі және оның тараулары; 2) логика және оның тараулары; 3) математика және оның тараулары; 4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.

Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.

1975 жылы Алматы, Мәскеу және Бағдадта Әбу Насрдің 1105-жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті.

Оның есімі Шымкент педагогикалық институтына, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне және бір даңғылға берілген.

231 жыл бұрын (1783-1842) француз жазушысы СТЕНДАЛЬ (шын аты-жөні - Анри Мари Бейль) дүниеге келді.

Ол 1800-1814 жылдары әскери қызмет атқарып, Наполеон әскері құрамында Берлин, Вена, Мәскеу шабуылдарына қатысқан. 1830 жылдан өмірінің соңына дейін Италияда елші қызметін атқарған. Жазушы алғашқы шығармаларын бүркеншік атпен 1814 жылдан жариялай бастаған. Стендаль есімін тұңғыш рет «Рим, Неаполь, Флорения» атты еңбегінде қолданған. Оның «Анри Брюлардың өмірі», «Өзімшілдің естеліктері», «Наполеонның өмірі», «Наполеонды еске түсіру», «Автобиографиялық естеліктер», т.б. туындыларында құнды мәліметтер сақталған. «Парма мекені» шығармасында Наполеон соғысынан кейінгі саяси жүйені, «Люсьен Левен» туындысында Франциядағы монархияны әшкерелеген. «Махаббат туралы» трактаты психологиялық талдаудың шебер үлгісі саналады.

75 жыл бұрын (1939) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ҚАЛИЕВ Байынқол Қалиұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1967-1991 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, терминология бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылдан Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қазақ филология кафедрасының меңгерушісі болған. Ғалымның 130-ға жуық ғылыми еңбегі, оның ішінде 8 монографиясы жарық көрген.

52 жыл бұрын (1962) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының доценті, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ҮЛКЕНБАЕВА Айгүл Нариманқызы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Алматы қаласындағы музыка училищесін ( 1981 , педагогы Т.Бәділов), одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін ( 1986 , профессор А.Т. Жайымовтың жетекшілігімен) бітірген. 1989 - 1991 жылдары осы консерваторияның ассистентура-стажировкасынан өтті.

Шығармашылық еңбек жолын оқып жүрген кезінен Қазақтың акад. халық аспаптар оркестрі құрамында ( 1979 - 1989 ) домбырашы болумен бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіптік-шеберлік биігіне көтерілді. Оның күйшілік-орындаушылық репертуарынан халық күйлері ("Ақсақ құлан", "Ел айрылған", т.б.), қазақтың халық композиторлары (Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, т.б.), осы заманғы композиторлар (мыс., Н.Тілендиевтің "Аққуы", А.Жайымовтың "Күй анасы" мен "Шалқымасы") шығармалары мен орыс, шет ел классикалық туындылары мол орын алған.

1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында ( 2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан "Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында" (өзі ұйымдастырған) педагогикалық қызметпен айналысады.

Үлкенбаеваның орындауындағы күйлер аудио-кассета ( 2000 ), топтамалық 2 дискі ( 2002 ) және бейне-кассета ( 2003 ) болып жарық көрді.

3-ші Республикалық жас орындаушылар байқауының, Құрманғазы атндағы І республикалық орындаушылар байқауының, Баку қаласында өткен У.А.Гаджибеков атындағы халық аспаптары орындаушылары халықаралық ьбайқауының лауреаты, Қазақстанның «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

5 2 жыл бұрын (1962) ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары МӘТІШЕВ Әлиақпар Болатұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында туды. Қарағанды политехникалық институтын инженер - механик, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын - экономист мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1984 жылы Мұнай өнімдерінің мемлекеттік комитеті басқармасының бас энергетигі болып бастады. 1988 - 1990 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Жезқазған қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1990 - 1998 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 1998 жылы Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1999 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттіктің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры. 2004 - 2008 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы. 2009 жылдан бастап «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ төрағасы болып тағайындалды. 2010 жылдан бастап «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2012 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

40 жыл бұрын (1974) Қазақстан Президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің ресми өкілі ӘБИБОЛЛАЕВ Алтай Ибрагимұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Варшава университетінің халықаралық қатынастар институтын бітірген.

1997-1999 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің референті, атташесі. 1999-2004 жылдары ҚР-ның Польшадағы елшілігінің үшінші, екінші хатшысы. 2004-2005 жылдары - ҚР СІМ кеңесшісі. 2005-2007 жылдары - ҚР-ның Польшадағы елшілігінің кеңесшісі, арнайы өкілі. 2007-2008 жылдары ҚР-ның Австриядағы елшілігінің арнайы өкілі - ҚР-ның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігінің арнайы өкілі. 2008-2009 жылдары ҚР-ның Хорватиядағы істері жөніндегі уақытша сенімді өкілі міндетін қоса атқарушы. 2008-2009 жылдаы ҚР-ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі-елшісі. 2009-2011 жылдары ҚР-ның Австриядағы елшілігінің кеңесшісчі-арнайы өкілі. 2011-2012 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, төрағаның міндетін атқарушы - ресми өкілі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қарашадан бері.

39 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары ӘБДІРАХЫМОВ Ғабидолла Рахматоллаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетн, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Неміс жоғары мемлекеттік басқару мектебін (Германия), бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерін меңгерген. «Нұр Отан» ХДП мүшесі. - Еңбек жолы: Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент (1996-1997гг.); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде бас маман, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі (06.1999-06.2001жж.); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (06.2001-11.2003жж.); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы (24.11.2003-14.10.2005жж.); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (14.10.2005 - 14.01.2008жж.); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы (14.01.2008-13.10.2008жж.); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы (13.10.2008- 02.02.2012жж.); Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы (Монополияға қарсы агенттік) (02.02.2012 - бүгінгі күнге дейін). Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектері қауымдастығының президенті (04.2001- 12.2008жж.); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы (09.2008 жылдан бастап). 2012-2013 жылдары - Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) төрағасы.

2013 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» (01.07.2008ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

43 жыл бұрын (1971) ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Мариан Асарқызы ӘБІШЕВА дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия бөлімін бітірген.

1995 жылдан - Алматы теміржол көлігі инженерлері институтында философия және әлеуметтану кафедрасының ассистенті. 1995-1996 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтында қоғамдық пәндер кафедрасының асистенті. 1997-2005 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық байланыстар басқармасында І санатты маман, халықаралық байланыстар бөлімінің жетекші маманы, халықаралық ғылыми-мәдени байланыстар бөлімінің бастығы. 2005 жылғы ақпаннан - ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында ғалым-хатшы. Қазіргі қызметінде - 2005 жылғы қыркүйектен бері.

1415 жыл бұрын (599-649) Таң әулетінің ең күшті қытай императоры Тай ЦЗУН (Ли Шиминь) дүниеге келді.

228 жыл бұрын (1786-1858) сәулетші, Санкт-Петербордағы Исаакиев соборын салушы Огюст Рикар де МОНФЕРРАН дүниеге келді.

107 жыл бұрын (1907-1981) жапон-физик-теоретигі, Нобель сыйлығының лауреаты Хидэки ЮКАВА дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1947) Индонезияның 2001-2004 жылдардағы бесінші президенті Диа Пермата Мегавати Сетиавати СУКАРНОПУТРИ дүниеге келді.

50 жыл бұрын (1964) 1999-2011 жж аралығындағы Гайана президенті Бхаррат ДЖАГДЕО - дүниеге келді.