23 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 23 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
64 жыл бұрын (1962) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының доценті, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Нариманқызы ҮЛКЕНБАЕВА дүниеге келді.
Атырау облысы Исатай ауданы Чапаев ауылында туған. Алматы қаласындағы музыка училищесін (1981, педагогі Т. Бәділов), одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін (1986, профессор А. Жайымовтың жетекшілігімен) бітірген.
1989-1991 жылдары осы консерваторияның ассистентура-стажировкасынан өтті. Шығармашылық еңбек жолын оқып жүрген кезінен Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі құрамында (1979-1989) домбырашы болумен бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіптік-шеберлік биігіне көтерілді. Оның репертуарында халық күйлері («Ақсақ құлан», «Ел айрылған», т. б.), қазақтың халық композиторлары (Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, т. б.), осы заманғы композиторлар (Н. Тілендиевтің «Аққуы», А. Жайымовтың «Күй анасы» мен «Шалқымасы») шығармалары мен шет ел классикалық туындылары бар.
1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында (2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан «Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында» (өзі ұйымдастырған) ұстаздық қызметпен айналысады.
52 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Ибрагимұлы АБИБУЛЛАЕВ дүниеге келді.
Қызыл-Орда облысында дүниеге келген. Польшаның Варшава университетінің Саясаттану және журналистика факультетінің Халықаралық қатынастар институтын (1997) халықаралық саяси және экономикалық қатынастар мамандығы бойынша халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен бітірген. Дипломатиялық дәрежесі: 2-ші дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елші (2022)
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмекшісі, атташесі (1997-1999); Польшадағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің үшінші, екінші хатшысы (1999-2004); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі (2004-2005); Польшадағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-министрі (2005-2007); Аустрия Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесші-министрі (2007-2008); Хорватиядағы Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі (2008-2009); ЕҚЫҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің кеңесші-министрі (2008-2009); Австрия Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің және Хорватиядағы Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі (2009-2011); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі (2011-2013); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары-ресми өкілі (2013-2014); Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары (2014); «Егемен Қазақстан» республикалық газеті және «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі (2014); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші (2015-2016); Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2016-2017); «Дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы» ҰАҚ Басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі (2019-2021); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі (2021-2022); Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2022-2023); Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2022-2023); Польшаның Варшава қаласындағы WSB Merito университетінде оқытушы. (2024); Румыниядағы KMG Rompetrol компаниясында GR қызметкері және директоры (2023-2025).
Қазіргі қызметін 2025 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
51 жыл бұрын (1975) «Самұрық-Қазына құрылыс» компаниясы төрағасының орынбасары Ғабидолла Рахматоллаұлы ӘБДІРАХИМОВ дүниеге келді.
Шымкент облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист және бухгалтер мамандығы бойынша бітірген (1996); «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияның мемлекеттік басқару жоғары мектебін бітірген, мемлекеттік басқару магистрі (1997-1999).
Еңбек жолы: Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент (1996-1997); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас маманы, бөлім меңгерушісі, төрағасының кеңесшісі (1999-2001); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (2001-2003); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы (2003-2005); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (2005-2008); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы (2008); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы (2008-2012); Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы (2012-2013); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары (2013-2015); Шымкент қаласының әкімі (2015-2017); «Нұр Отан» партиясының хатшысы (2017-2018); Шымкент қаласының әкімі (2018-2019); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі (2019-2021); Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі (2021).
2026 жылдың қаңтарынан бері қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен (2006), «Астананың 10 жылдығы» медалімен (2008) марапатталған.
49 жыл бұрын (1977) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есімханұлы ЕСЕНБАЕВ дүниеге келді.
Ол Ақтөбе облысында туған. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген (1998). Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы: Қазақстан даму институтының ғылыми қызметкері; «Стратегия» талдау орталығы (2001-2005); Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ғылыми қызметкері; Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі (2005-2009); Астана қаласының Тұрғын үй-құрылыс басқармасының басшысы; Рухани Жаңғыру Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы (2009-2022); Астана қаласы Есіл ауданының әкімі (2022-2024).
2024 жылдың ақпанынан бері қазіргі қызметінде.
45 жыл бұрын (1981) «ҚазАзот» АҚ бас директоры Арман Ахметжанұлы МӘУЛЕШЕВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған.
Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Халықаралық мұнай бизнесі» мамандығын, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін «Мұнай және газ бизнесін басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ менеджері, 2007-2012 жылдары «ОрдабасыМұнайГаз» АҚ маркетинг жөніндегі директоры, 2013-2018 жылдары «Матен Петролеум» АҚ маркетинг жөніндегі директоры, Мұнай дайындау терминалы компаниясының бас директоры болды.
2018 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
37 жыл бұрын (1989) Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Қожанбердіұлы АҚЖАРОВ дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар бакалавры мамандығы бойынша бітірген, Философия ғылымдарының докторы (Phd).
Еңбек жолы: 2008-2012 жылдары Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының жетекші маманы, Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, жоғары оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы, 2012-2019 жылдары Ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, әлеуметтік-мәдени сала басқармасының басшысы, Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.