23 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
23 қазан. ЖҰМА
Венгрияның Мемлекеттік мейрамы - Республика күні. Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-де орнатылды.
Мысырда Ұлттық азат ету күні
Англия, Франция, Израиль агрессиясынан Ұлттық азат ету күні атап өтіледі. бұл күні ел бойынша көпшілік ойын-сауығы, фестиваль, концертттер өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
247 жыл бұрын (1768) ағылшын дәрігері Димсдейл II Екатеринаға шешекке қарсы екпе жасады. Бұл оқиға барлық елде шешекке қарсы екпе жасауға бастама болды. Бір айдан кейін тақ мұрагері Павел Петровичке, сәл кейін сарай маңындағылардың барлығына да егеді. Бұл жұмысты атқарған барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлері арнайы медальмен марапатталады. Ал Димсдейлге барон дәрежесі мен лейб-медик атағы берілді және сол кездегі бағамен есепсіз болып саналатын жылына 500 фунт стерлинг зейнетақы тағайындалды.
54 жыл бұрын (1961) Ермак елді мекенінің атауы Ермак қаласы болып өзгерді (қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласы).
22 жыл бұрын (1993) Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орта Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.
20 жыл бұрын (1995) ірі ақпараттық медиахолдинг «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның тарихы басталды. Сол кезде Қазақ телевизиясының ақпараттық қызметінің негізінде заманауи жаңалық құрылымы құрылды. «Хабар» командасына жас, жігерлі журналистер жиналды. «Тележурналист» мамандығы олар үшін әуесттіке айналды. «Хабар» Қазақстан үшін жаңалықтық инновацияларды: оқиға орнынан тікелей трансляциялар, ірі әлемдік оқиғаларға байланысты тікелей эфирдегі комментарийлер, «Мир» ғарыш стансасымен телекөпірді әкелді. «Хабар» агенттігі Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (ABU), Азия-Тынық мұхиты жаңалық агенттігі ұйымының (OANA), Азия-Тынық мұхиты хабар таратуын дамыту институтының (AIBD), Еуразиялық телевизия және радио академиясының (ЕАТР) мүшесі болып табылады.
1 6 жыл бұрын (1999) Прагада Президент Н. Назарбаев Чехия Президенті В. Гавелмен кездесті. Мемлекет басшылары көкейкесті халықаралық мәселелер мен жемісті де екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты дамыту және кеңейте түсу мәселелерін талқылады.
12 жыл бұрын (2003) Амангелді газ кенішінің бірінші кезеңі ашылды. Аталмыш шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
12 жыл бұрын (2003) Астанада Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды.
11 жыл бұрын (2004) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Афинада өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындары жүлдегерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградалар табыс етті. Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев 1-дәрежелі «Барыс» орденімен, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері - грек-рим күресінің палуаны Георгий Цурцумиа, боксшы Геннадий Головкин, еркін күрес палуаны Геннадий Лалиев, ауыр атлет Сергей Филимонов «Құрмет» орденімен, қола жүлдегерлер - жеңіл атлет-онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің палуаны Мкхитар Манукян «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушылар - Н.Ақүрпеков, К.Ғалымтаев, Л.Дон, Ю.Мельниченко, Т.Сайханов және В.Карповқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарынан бір алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Қазақстан жиырма төртінші орынға табан тіреді.
11 жыл бұрын (2004) Астанадағы «Арсенал» сауда ойын-сауық кешенінде Меломан компаниясының жаңа кинотеатры ашылды. Кинотеатр техниканың ең соңғы үлгідегі жабдығымен жарақталған және жобалануының ыңғайлылығымен ерекшеленеді. «Арсенал» қазіргі заманғы екі форматты DTS ES және Dolby Digital Surround көпарналы дыбыспен жұмыс істейді. Кинотеатрда өзара қосылған компьютер желісі, біркелкі касса жүйесі мен кассирлерге арналған терминалдарында жылдамдығы жоғары билет басып шығаратын принтерлері бар.
10 жыл бұрын (2005) Павлодарлық Тарас Шевченко атындағы Украина мәдениет серіктестігінде республикадағы бірінші украин-қазақ сөздігінің тұсаукесер рәсімі болды.
Сөздік украина диаспорасының оқушыларына өз тілін және мемлекеттік тілді үйренуге көмек көрсетеді. Басылымның тиражы үш мың дана.
10 жыл бұрын (2005) Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды.
Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Серғабаев.
7 жыл бұрын (2008) қазанның 23-нен 26-сына дейін Бакуде «Достастық елдерінің қаржылық нарығы: даму және ықпалдасу» тақырыбындағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Халқаралық банк конференциясы өтті.
Бұл шараға ТМД елдері үкіметтерінің және министрліктерінің өкілдері, аймақтағы мемлекеттердің ұлттық және де басқа банктерінің басшылары қатысты.
6 жыл бұрын (2009) Қазақстанның шайбалық хоккей федерациясы өзінің ресми сайтын - www.icehockey.kz. іске қосты.
6 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Қабанбай батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Жетісу жерінде тұрып жатқан батырдың ұрпақтары «Дарабоз» қоғамдық-мәдениет қорын құрып, бірнеше қайырымдылық акцияларын жасау нәтижесінде ескерткіштің құрылысына қаражат жиналып отыр.
Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 11 метр. Мүсінші-архитектор - Болат Құсайынов, жобалаушы - Бердібек Шігербаев.
Қаракерей Қабанбай (1691-1769) - қазақ батыры, жоңғарларға қарсы азаттық соғыстың даңқты қаһармандарының бірі. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі болған.
6 жыл бұрын (2009) Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.
Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алтыметрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағын екі қасқыр қоршап тұрса, ал арқасында биіктігі 45 метрлік стела бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған.
Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған.
6 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ыстамбұлдағы Окан университетінің Құрметті докторы атанды. Окан университеті 1999 жылы құрылған болатын.
5 жыл бұрын (2010) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің ректоры Бақытжан Әбдірайым Халықаралық ғылым академиясы қауымдастығының алтын медалімен марапатталды.
Құрметті награда мен «Халықаралық ғылыми әріптестік пен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы дипломын ректорға Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында Халықаралық ғылым академиясы қауымдастығының төрағасы Борис Патон табыс етті.
5 жыл бұрын (2010) Астанада VII қысқы Азия ойындары эстафетасының алауы, медальдар мен төсбелгілері таныстырылды.
5 жыл бұрын (2010) Алматыда көрнекті қазақ ақыны Нұрпейіс Байғаниннің (1860-1945) 150-жылдығына арналған мерейтойлық шара басталды.
Н. Байғанин - қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Бірқатар эпикалық және әлеуметтік-тұрмыстық поэмалар, көптеген патриоттық туындылардың авторы. Оның есімімен аталатын Ақтөбе облысында аудан бар. Алматыда есімі қала көшелерінің біріне берілген.
3 жыл бұрын (2012) Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Чехия Республикасына ресми сапары кезінде екі ел арасында жылдар бойына алғаш рет дипломатиялық қатынас орнады.
Сапар барысында Н. Назарбаев Чехия Президенті Вацлав Клауч пен премьер-министр Петр Нечаспен кездесті.
3 жыл бұрын (2012) «Қазақстандағы аштық: халық трагедиясы және тарих сабағы» атты халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағы шығарылды.
Жинақ 1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарына арналған ескерткіш монументінің ашылуында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың сөйлеген сөзінен басталады.
2 жыл бұрын (2013) Шымкентте көрнекті қазақ қоғам қайраткері Төле биге арналған көрме ашылды.
2 жыл бұрын (2013) Үрімшіде «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі мен ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Халықтық үкіметінің сайты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
2 жыл бұрын (2013) Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің сыртқы экономикалық қызметке жауапты министрлерінің XII кеңесі (ШЫҰ министрлер кеңесі) өтті.
Кеңеске Қазақстан делегациясын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова бастап барды, сондай-ақ, кеңес жұмысына ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин қатысты.
Бір жыл бұрын (2014) ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында регламент және депутаттық этика бойынша комиссия құрылды, оның құрамына сенаторлар Бектас Бекназаров, Георгий Ким және Людмила Полторабатько кірді.
Бір жыл бұрын (2014) «Қазақстан» орталық концерт залында «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің таныстырылымы өтті. Шара барысында фильм ұжымына Ауған әскерлері қауымдастығының атынан «Шапағат» медалі табыс етілді.
69 жыл бұрын (1946) БҰҰ Бас Ассамблеясының алғашқы отырысы өтті.
15 жыл бұрын (2000) қытай археологтары Хан династиясы дәуірінде 2000 жыл бұрын құрылған ежелгі музыкалық аспаптар мұражайын тапты. Ұзақ уақыт өткеніне қарамастан табылған барлық 150 экспонат жақсы сақталған. ЕСІМДЕР
86 жыл бұрын (1929) ғалым, геологиялық-минерологиялық ғылымдарының докторы, профессор, Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының Минералды ресурстар академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық гидрогеология қауымдастығының мүшесі МҰХАМЕДЖАНОВ Серік дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Жарқайың ауылында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Геологиялық ғылымдар институтының аспирантурасын бітірген.
Қазақстан Ғылым академиясы Геологиялық ғылымдар институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1965-1972 жылдары - Гидрогеология мен инженерлік геология институтының сектор меңгерушісі, Қазақ политехникалық институты гидрогеологиялық факультетінің деканы. 1984-1990 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Гидрогеология мен гидрофизика институтының директоры. 1990 жылдан - Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры. 1992 жылдан - «Ыстық су» ғылыми-өндірістік қауымдастығының президенті болған.
Негізгі ғылыми еңбектері платформалық-тауарлық және Орталық Қазақстанның гидрогеологиялық кен аймағында артезиан бассейндері түзілуінің заңдылықтарын зерттеуге арналған. Шідерті өзені бассейнінің жер асты суларының қалыптасу заңдылықтарын зерттеді, оның ғылыми ізденістерінің нәтижесінде осы өзен аңғары арқылы Ертіс-Қарағанды каналы салынды. Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде жүргізген гидрогеологиялық зерттеулерінің нәтижесінде артезиан суларының орналасу, таралу, қалыптасу заңдылықтарын ресурстар қоры туралы мәліметтер алынды. Жер асты суларын, оның ішінде артезиан суларын пайдаланудың ғылыми-тәжірибелік ұсынысын жасап, өндіріске енгізді.
350-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, 14 ғылым кандидатын даярлаған.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1965) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті, техника ғылымдарының кандидаты МАМИН Асқар Ұзақбайұлы дүниеге келді.
Целиноградта туған. Целиноград инженер құрылысы институтын, Г. Б. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы «Тұрғынүйқұрылысытресті» ҚБ монтаждаушылықтан бастады. 1988-1991 жылдары ішкі істер органында қызмет етті. 1991-1996 жылдары Қазақстанның инновациялық кәсіпорны Одағында бас директордың орынбасары, «Интер Ишим» БК ЖШС бас директоры болып қызмет етті. Астана қаласы әкімдігінде, көлік және коммуникациялар министрлігінде, индустрия және сауда министрлігінде, Астана қаласы әкімі қызметтерін атқарды. 2008 жылғы сәуірден «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жыдығы» медалімен марапатталған.
6 4 жыл бұрын (1951) Қазақстан Ғылым академиясының Тарих және эитнология институтының бас ғылыми қызметкері ӘБІЛҚОЖИН Жұлдызбек Бекмұхамедұлы дүниеге келді.
Осы институтта аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Қазіргі қызметінде 1991 жылдан бері.
"Қазақстанның дәстүрлі құрылымы", «ХХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тарихының очерктері» «Еуразия кіндігіндегі ел», «Қазақстан тарихы; халықтар мен мәдениеттер» және басқа да кітаптардың авторы.
9 5 жыл бұрын (1920-1980) итальян балалар жазушысы, «Чипполиноның басынан кешкендері» кітабының авторы Джанни РОДАРИ дүниеге келді. 8 7 жыл бұрын (1928-2003) кеңестік композитор, әндер авторы, РСФСР халық әртісі САУЛЬСКИЙ Юрий Сергеевич дүниеге келді.
7 5 жыл бұрын (1940) бразилияның атақты спортшысы, тарихтағы ең әйгілі футболшы ПЕЛЕ (шын аты-жөні - Эдсон Арантис ду Насименту) дүниеге келді.
61 жыл бұрын (1954) тайвань кинорежиссері және продюсер Энг ЛИ дүниеге келді.