Қаныш МОЛДАБАЕВ, «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі
1963 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1987 жылы Павлодар индустриялық институтын инженер-электрик, 2002 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін экономист-заңгер мамандықтары бойынша бітірген. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызмет менеджері біліктілігін алған. 2020 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында іскерлік әкімшілендіру докторы дәрежесін иеленген.
Еңбек жолы: 1987 жылы Баянауыл аудандық электр желілерінде электр слесары, кейін шебер болып жұмыс істеген. 1988-1989 жылдары диспетчер, 1989-1996 жылдары бас инженер, 1996-1997 жылдары аудандық электр желілерінің бастығы қызметтерін атқарған. 1997-1999 жылдары Баянауыл аудандық электр желілері акционерлік қоғамының президенті болған. 1999-2004 жылдары Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары, 2004-2007 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған. 2007-2009 жылдары KEGOC АҚ «Солтүстік МЭЖ» филиалының директоры, 2009-2011 жылдары KEGOC АҚ Ұлттық электр желісін дамыту департаментінің директоры, 2011-2012 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ Индустриялық активтерді басқару жөніндегі директоры болды. 2012 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Инновациялық-технологиялық саясат және даму департаментін басқарды. 2012-2014 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ Даму жөніндегі басқарушы директоры, 2014-2015 жылдары Басқарма төрағасының орынбасары, 2015-2016 жылдары Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры — Басқарма мүшесі, 2018-2019 жылдары «КАЭС» АҚ бас директорының орынбасары, 2019-2021 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Энергетика» секторының жетекшісі болды. 2021 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Энергетикалық және тау-кен активтері дирекциясының директоры, 2021-2023 жылдары «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы шілдеден бастап атқарып келеді.
«Құрмет» (2015) және «Парасат» (2021) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) және «KazEnergy» (2010) медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» (2010), «ҚЭҚ-тың еңбек сіңірген энергетигі» (2012) және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» (2021) құрметті атақтарына ие.
Ержан ҚАРЫМСАҚОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы
1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша, 2014 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономика және бизнес бакалавры дәрежесі бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Қызылорда облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде түрлі қызметтер атқарған. 2005-2013 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасында консультант, бөлім басшысы болған. 2014-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департаменті басқармасының бас консультанты қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, 2019 жылғы тамыз-қазан айларында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2020 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы болған. 2020-2024 жылдары агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, 2024-2026 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы сәуір айынан бастап атқарып келеді.
Еркебұлан ІЛИЯСОВ, «Alageum Electric» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті
1985 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын электр энергетикасы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС мен «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-да трансформаторлар мен қосалқы станцияларды құрастырушы, монтажшы, өндіріс диспетчері болып жұмыс істеген. 2008 жылы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Бас конструктор бөлімінің инженер-конструкторы, 2009-2010 жылдары «35-110 кВ күштік трансформаторлар өндірісі» жобасының жетекшісі болған. 2010-2016 жылдары «Alageum Electric» АҚ басқарушы компаниясы бас директорының орынбасары қызметін атқарған. 2016 жылдан бастап «Alageum Group» ЖШС бас директоры әрі Директорлар кеңесінің төрағасы, 2024 жылдан бастап «Alageum Electric» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы. 2023 жылғы қаңтардан бастап «Жамбы ату» федерациясының, 2024 жылғы қаңтардан бастап арқан тарту федерациясының президенті.
Есет БАЙКЕН, Ұлытау облысының әкімі
1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін құқықтану бакалавры дәрежесі бойынша, 2010 жылы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2008-2010 жылдары Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші, бас маман, 2010-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратында әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы болды. 2013-2016 жылдары Астана қаласы әкімдігінің бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2016-2017 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының хатшылығында сарапшы, 2017-2019 жылдары Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінде мемлекеттік инспектор болған. 2019 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі, 2019-2020 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, 2019-2022 жылдары Астананың «Сарыарқа» ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2022-2026 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы шілдеден бастап атқарып келеді.
Шавкат РАХМОНОВ, аралас жекпе-жек шебері
1994 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алған.
Спорттағы жетістіктері: 2013 жылы WMMAA нұсқасы бойынша әуесқой ММА-дан әлем чемпионы атанды. 2014 жылы ММА-дан Азия чемпионы болып, әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. 2015 жылы WMMA әлем чемпионатында екінші орын алды. 2018 жылы Battle of Nomads 11 турнирінде чемпиондық белбеуін қорғады. 2019 жылы M-1 Challenge 101 турнирінде жартылай орта салмақта чемпион атанды. 2022 жылы UFC Fight Night турнирінде Карлстон Харристі бірінші раундта нокаутпен жеңіп, «Кештің үздік өнері» бонусын алды. Сол жылы Нил Магниді екінші раундта жеңді.
Мәншүк МӘМЕТОВА, Кеңес Одағының Батыры, 3-екпінді армияның Калинин майданы құрамындағы 100-жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі, гвардияның аға сержанты. Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы
1922 жылы Қазақстанның Орал облысы Орда ауданына қарасты Жасқұс ауылында дүниеге келген. Отбасында бесінші бала болған. Ата-анасынан ерте айырылып, Алматыда тәтесінің қолында тәрбиеленген. Орта мектепті бітірген соң жұмысшы факультетінде білім алып, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің хатшылығында жұмыс істеген. 1942 жылы Алматы медициналық институтының екі курсын аяқтап, өз еркімен майданға аттанған.
1942 жылдың тамызынан Қызыл Армия қатарында қызмет етті. Алғашында штабта хатшы, кейін далалық госпитальда медбике болды. Бос уақытында «Максим» пулеметінің құрылысын меңгеріп, атқыштар бөліміне ауысуға қол жеткізді. Нысана көздеуді институтта оқып жүрген кезінен-ақ жақсы меңгерген еді.
1943 жылғы 15 қазанда Калинин майданының әскерлері Псков облысындағы Невель қаласын азат ету үшін шайқасты. Сол ұрыста қаруластары қаза тапқан соң, Мәншүк пулеметтен оқ жаудырып, жаудың 70 жауынгерін жойып, ерлікпен қаза тапты. Невель қаласында жерленген.
1944 жылғы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.