Қазақстанның батыс және оңтүстік бөлігі ғана антициклонның ықпалында қалып, мұнда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды ТЖМ-нің баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.
Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғып, бұрқасын күтіледі, Қостанай облысында көктайғақ болады.
Алматы, Жамбыл облыстарында кей жерлерде тұман, желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы, Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында жел екпінінің 18-23 м/с дейін жетуі ықтимал.
Ақмола облысының кейбір жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетіп, күндіз бұрқасын болуы күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз кей жерлерде бұрқасынды жел 15-20 м/с дейін жылдамдықпен соғады.
Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түсуі ықтимал.
Оңтүстік Қазақстан облысында түнде кей жерлерде тұман түсіп, күндіз бірқатар аймақтарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді.
Алдағы тәулікте Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық, шығысындағы суларында және оңтүстік-шығысының жекелеген өзендерінде мұз қату үдерісі жалғасады, осыған байланысты республиканың оңтүстік-шығыс және шығысындағы жекелеген өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы көптеген өзендерде, соның ішінде Сырдария, Шу, Іле өзендерінде су бетінің одан әрі салқындауы байқалады.
Шардара су қоймасынан су толқынының таралуы есебінен Сырдария өзенінің Оңтүстік Қазақстан облысы және Қызылорда облысының оңтүстігіндегі бөлігінде су деңгейінің көтерілуі күтіледі.