23 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

60 жыл бұрын (1963) «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Қаныш Тәңірбергенұлы МОЛДАБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысында дүниеге келген. 2016-2020 жылдары РФ Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясын (іскерлік әкімшілік ету докторы), 2003-2004 жылдары ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын (мемлекеттік қызмет менеджері), 1999-2002 жылдары Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін (экономист-заңгер), 1981-1987 жылдары Павлодар индустриалды институтын (инженер-электрик) бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылғы тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданы электр желілерінің слесарі қызметінен бастады. 1987-1999 жылдары пайдалану мен жөндеуден бастап Павлодар облысы Баянауыл ауданының электр желілерінің бірінші басшысына дейін әр түрлі лауазымда жұмыс істеді. 1999-2003 жылдары Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2003-2004 жылдары ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында оқыды. Оқуды аяқтағаннан кейін, 2004-2007 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Содан кейін «KEGOC» АҚ-ға жұмысқа ауысты, 2007-2009 жылдары «KEGOC» АҚ «Солтүстік ЖЭТ» филиалының директоры, 2009-2011 жылдары ҰЭТ-ты дамыту департаментінің директоры болып еңбек етті. 2011-2012 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ Индустриялық активтерді басқару жөніндегі директоры қызметін атқарған. 2012-2018 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ-да Инновациялық-технологиялық саясат және даму департаментінің директоры, Даму және сату жөніндегі басқарушы директор - басқарма мүшесінен бастап басқарма төрағасының бірінші орынбасарына дейін түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2018-2019 жылдары «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ Бас директорының орынбасары болды. 2019-2021 жылдары – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Энергетика» секторының басшысы. 2021 жылы – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Энергетикалық және тау-кен активтері дирекциясының директоры. 2021-2023 жылдары «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы. 2023 жылғы 31 шілдеде «KEGOC» АҚ Акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен (№32 хаттама) «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

«Құрмет» орденімен (2015 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) медальдарымен, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен (2006 ж.), «ТМД еңбек сіңірген энергетигі» атағымен (2010 ж.) марапатталды.

58 жыл бұрын (1965) Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Ұзақбайұлы МАМИН дүниеге келді.

Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын бітірген, мамандығы бойынша инженер-құрылысшы, экономист.

Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтажшы болып бастаған. Қазақстан инновациялық кәсіпорындар одағы директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарған. Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары (1996-2000), ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі (2000-2002), «Инком-Астана» ЖШС бас директоры (2002-2003), ҚР Индустрия және сауда бірінші вице-министрі (2003-2004), ҚР Көлік және коммуникациялар министрі (2005-2006), Астана қаласының әкімі (2006-2008), 2008-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары (2016-2019) қызметтерін атқарды. ҚР Премьер-Министрі болды (2019-2022).

1998 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2006 жылы «Құрмет» орденімен, 2011 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, 2013 жылы Француз Республикасының Құрметті легионы орденімен, 2014 жылы Испания корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» І дәрежелі орденімен марапатталған. 2011 жылы Астана қаласының Құрметті азаматы, 2012 жылы Құрметті теміржолшы, 2013 жылы Қазақстанның Құрметті құрылысшысы атағын алды.

46 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орынбасары, генерал-майор Қанатай Жорабекұлы ДАЛМАТОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын (2000); Орталық Азия университетін (магистратура) бітірген.

Еңбек қызметі: Зайсан шекара отряды шекара заставасы бастығының орынбасары, шекара бекеті бастығы, шекара заставасының бастығы болған. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел-басқару құрамы лауазымдарында қызмет еткен.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың қазан айынан бастап атқарып келеді.

37 жыл бұрын (1986) Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлы БАЙКЕН дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Қаз МЗУ Гуманитарлық заң колледжін (2005); Қазақ гуманитарлық заң университетін (2008); Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (2010) бітірген.

Еңбек жолы: 2008-2009 жылдары Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат және жоспарлау бөлімінің жетекші маманы м.а. болып жұмыс істеген. 2009 жылы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат және жоспарлау бөлімінің жетекші маманы, 2010 жылы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат және жоспарлау бөлімінің бас маманы, 2010 жылы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы құқықтық қамтамасыз ету және сатып алу бөлімінің бас маманы, 2010-2013 жылдары Астана қаласы әкімі аппараты әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы, 2013 жылы Астана қаласы әкімдігінің бас инспекторы, 2013-2016 жылдары Астана қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, 2016-2017 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығының сарапшысы, 2017-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2019 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Аппарат басшысының орынбасары, 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2022 жылдың қыркүйек айында кірісті.

29 жыл бұрын (1994) UFC-де жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Бақтыбайұлы РАХМОНОВ дүниеге келді.

Жартылай орта салмақта М-1 бұрынғы чемпионы. UFC жартылай орта салмақ рейтингінде 6-қатарда тұр.

Өзбекстанда туған. 2014 жылы Рахмонов Қазақстан азаматтығын алып, отбасымен Қарағанды қаласына көшіп келді. Қазір Алматы қаласында тұрады.

101 жыл бұрын (1922-1943) Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Жиенғалиқызы МӘМЕТОВА дүниеге келген.

Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан) Орда ауданындағы Жасқұс ауылында туған. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүктің балалық шағы Алматыда Ә. Мәметованың тәрбиесінде өтті. Алматы қаласындағы №28 мектепте оқыған. Мектепті бітіріп, медициналық рабфакта, Алматы медициналық институтында оқыды.

1942 жылы тамызда өз еркімен сұранып, Қызыл Армия қатарына алынды. Алғашында штаб песірі, кейіннен дала госпиталінде медбике болды. Институтта оқып жүргенде мергендікке үйренген Мәншүк бос кезінде «Максим» пулеметінің құрылысын зерттеді. Өзі сұранып, атқыштар дивизиясына қосылып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. 1943 жылғы 15 қазанда Калинин майданының әскерлері құрамында Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Денесі Невель қаласына жерленді. Батыр қызға қаза тапқаннан кейін, 1944 жылғы 1 наурызда СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.