23 мыңнан астам деректер цифрландырылды: Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың өзге де бағыттары бойынша деректерді біріктіретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) әзірледі.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жүйенің негізгі мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті бірыңғай, сенімді әрі өзекті деректер базасын қалыптастыру. Бүгінде жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрландырылып, жүйелендірілді.

Оның ішінде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылысжай бар. Сонымен қатар Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жүйеге су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілді.

Сондай-ақ жүйе арқылы суды бастапқы есепке алу бойынша 2,2 мыңнан астам есеп, ал 2-ТП нысаны бойынша 1,3 мыңнан астам есеп қабылданған.

– Жүйенің функционалдық мүмкіндіктеріне су балансын жүргізу, су пайдалануды есепке алу және талдау, су қоймаларының жай-күйін мониторингілеу, трансшекаралық су нысандары бойынша деректермен жұмыс істеу, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қоса алғанда, заманауи технологияларды пайдалану кіреді. Қазіргі уақытта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындықтың соңғы кезеңінде тұр, – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.

Елімізде 1,9 мың шақырым су құбыры жаңартылатынын жазған едік.