23 сәуір. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 23 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

23 СӘУІР, ДҮЙСЕНБІ

Бүкілдүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні. Бұл мерекені 1996 жылы ЮНЕСКО Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы - тарихшы Инко Гарсиласо де ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекітті. Бұл үш жазушыны біріктіріп тұрған олардың өмірден қайтқан күндері - 1616 жылғы сәуірдің 23-і.

Қазір барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдар өткізіледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы - Бүкілдүниежүзілік кітап күнін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі.

Түркия Республикасының ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні. Қазақстан Республикасы мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 2-де орнатылды.

Ұлыбританияда, Канадада және Ньюфаундлендте әулие Георгий (St George's Day) күні. Әулие Георгий (туған жылы белгісіз, 304-ші жылы қайтыс болған) - танымал әулие қамқоршылардың бірі. Оның атымен байланысты ең танымал аңыздардың бірінде Ливияның Селен қаласы маңындағы өзенде тіршілік еткен айдаһармен ұрысы туралы баяндалады. Аңызға сенсек, армия жеңе алмаған айдаһарды Георгий найзасымен бір ұрып өлтірген.

Бермуд аралдарында бұрыш күні. Бұл дәмдеуіш Бермуд аралдарының экономикасында үлкен рөлге ие.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

55 жыл бұрын (1957) Қостанай облысындағы Рудный елді-мекені қала мәртебесін алды.

430 жыл бұрын (1580) Ташкент билеушісі Баба сұлтан Ақназар (Хақназар) ханды опасыздықпен өлтірді. Мұның алдында Шарапхана маңында сол Баба сұлтанның қолынан Ақназардың екі ұлы қаза тапқан. Ақназар үш тарап - үш ұлысты ағалы-інілі үш туысқан бастаған Үш жүз деп жариялап, бастарын қайта қосқан болатын.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы», «Қазақстан Республикасының лицензиялау сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңдарына қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Наурыз мейрамын мерекелеу күндерін наурыздың 21-нен 23-не дейін ұлғайтуды және Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуді алып тастауды көздейді.

3 жыл бұрын (2009) Польшадағы Великопольски аймағының астанасы Познань қаласында Адам Мицкевич атындағы университеттің Шығыстану және түркітану институтында қазақ бөлімі ашылды.

Польшаның ең ірі оқу орындарының бірінде қазақ бөлімінің ашылуы поляк ғылыми-педагогикалық және студенттер қоғамының елімізге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне, тарихы мен тіліне деген қызығушылығын білдіреді.

16 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Назарбаевтың «ХХI ғасыр табалдырығында» атты кітабының жарық көруіне орай баспасөз мәслихаты өтті.

2 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Елшілігі Тәжікстанның «Иттилоот ва муошират» деп аталатын республикалық баспасөз орталығында Елшіліктің жәрдемімен Парсы тілдес журналистер форумы «Афрузда» басылып, «Қазақстан - ХХІ ғасыр» деп аталатын парсы және орыс тілдерінде шығарылған журналдың тұсаукесері өтті.

Аталған журналда еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірі жайында толыққанды ақпарат берілген. Сонымен бірге Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына жеке тармақ арналған.

Басылымның негізінен парсы тілдес оқырмандарға, бірінші кезекте масс-медиа өкілдеріне бағдарланғанын ескеретін болсақ, оның беттерінен қазақстандық радио, теледидар, Интернет-провайдерлер, баспасөз және электронды бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді табуға, сондай-ақ бұл саланы реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық базасының нормативті құжаттарымен танысуға болады.

66 жыл бұрын (1946) Берлин қаласында «Нойес Дойчланд» атты күнделікті газет шыға бастады.

ЕСІМДЕР

94 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы ҚАЙСЕНОВ Қасым дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген  1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болған. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсеткен. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға соққы берген. 1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару  комитетінде жауапты қызметте болған. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М.Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Джалилдің «Почта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

3-дәрежелі «Б.Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, Сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.

94 жыл бұрын (1918-1985) жазушы ЧИРВА Федор дүниеге келді.

Украинаның Черников қаласында туған. Театрдың суретшісі, жобалаушы, бетоншы, жүк тиеуші, радио мен газет тілшісі болып істеген. Алғашқы кітабы «Неміс» деген атпен 1954 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиеті баспасынан шыққан. Сол жылы Бетпақ даланы игерушілер жайында «Алтын жемісті жер» очерктер жинағы жарық көрген. Жазушының «Путь через ночь», «Утром небо голубое», «Черный идол», «Поезда туда идут», «Листья белой осени» «Хорошая погода на завтра» атты романдары жарық көрген.

«Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен және  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

154 жыл бұрын (1858-1947) неміс физик-теоретигі, кванттық теорияның негізін салушы, Берлин Ғылым академиясының мүшесі ПЛАНК Макс Карл Эрнст Людвиг дүниеге келді.

Мюнхен, Берлин университеттерін бітірген. 21 жасында «Жылу теориясы механикасының екінші заңы туралы» докторлық диссертация қорғап, 22 жасында Мюнхен университетінің приват-доценті атағын алған. Ғалымның алғашқы зерттеулері энтропия ұғымын дәлірек анықтауға, термодинамиканың заңдарын физикалық-химиялық процестерге қолдануға арналған. 1984 жылдан бастап жылулық сәуле шығарудың термодинамикалық теориясы мен абсолюттік қара дененің электрмагниттік  сәуле шығару спектріндегі энергияның таралу заңдылықтарын зерттеумен шұғылданған. «Әсер квантын» ашуы арқылы физиканың дамуына қосқан еңбегі үшін М.Планк 1918 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған. 

53 жыл бұрын (1959) тарих ғылымының докторы БАТЫРБЕКОВ Ғазиз Оразайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1989-2003 жылдары Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері болған. Ғалымның «Академик Қ.Сәтбаевтың қоғамдық ғылымдар бойынша мұрасы», «Академик Қ.Сәтбаев және оның замандастары» атты кітаптары жарық көрген.

53 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағ бақылау комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент ЫРСАЛИЕВ Серік Әзтайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және аспирантурасын бітірген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының доценті, шет елдік студенттермен жұмыс жөніндегі деканы қызметтерін атқарған. 1989-1990 жылдары - Камбоджаның «Чамкардонг» университетінің оқытушысы. 1993-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басқарма бастығының орынбасары, бастығы, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы. 1999-2003 жылдары - Білім берудің мемлекеттік стандарттары және тестілеу ұлттық орталығының директоры. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орта жалпы білім беру департаментінің директоры, Білім беруді дамыту, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры. 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын аттестациялау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2004-2007 жылдары - ҚР Білім және ғылым министрлігінің білімді дамыту стратегиясы және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, 2010-2011 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған.

100 жыл бұрын (1910-1986) ғалым-биохимик, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ВЕРБОЛОВИЧ Петр Алексеевич дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Украинаның Запорожье облысында туған. Днепропетровск медициналық институтын бітірген.

1946 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі болған.

Негізгі ғылыми еңбектері адам биохимиясына арналған. Миоглобин және басқа хромопротеидтер биохимиясын зерттеді. Миоглобиннің ет қызметіне, жануарлар жүйке жүйесіне тигізетін әсерін анықтады. Алматы мемлекеттік медицина институты жанында орталық ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастырды.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1950) әнші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі ӘБІЛЕВ Шаһимардан Қайдарұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Шарбақты ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген.

1973-1975 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі. 1981-1982 жылдары - Қазақ филармониясының, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы жанындағы опера студиясының соло-әншісі болған. 1981-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының аға оқытушысы, вокалдық өнер факультетінің деканы, доцент қызметтерін атқарған. 1997 жылдан - ән салу кафедрасының профессоры.

Әнші репертуарларынан қазақ, орыс, тағы басқа елдердің композиторлары Абай Құнанбайұлының, Рахманиновтың, Чайковскийдің,  Бизенің, Вердидің, Ахмет Жұбановтың музыкалық шығармалары елеулі орын алған. Гастрольдік сапармен Моңғол Халық Республикасында, Ресейде, тағы басқа көптеген елдерде болған.  1989 жылы Халықаралық «Алтын алма» фестиваліне қатысып өнер көрсеткен. Күләш Байсейітова атындағы 2-республикалық байқауының, Ереван қаласында өткен М.Глинка атындағы Бүкілодақтық әншілер байқауының жүлдегері.

ҚР музыка қайраткерлері одағы төрағасының орынбасары (2005). ҚР Білім үздігі (2005).

111 жыл бұрын (1901-1960) геолог-петролог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері СЕРГИЕВ Николай Григорьевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Ленинград политехника институтын бітірген. 1928-1931 жылдары Орталық Қазақстанды геологиялық картаға түсіру жұмыстарына араласып, Қоңырат кенін табуға қатысқан. 1931-1933 жылдары - Ленинград политехника институтының ассистенті. 1933-1936 жылдары - КСРО ҒА Геология ғылымдары институтының ғылыми қызметкері. 1936-1942 жылдары - Ленинград политехника институтының доценті. 1942-1947 жылдары КСРО ҒА Геология ғылымдары институтының сектор меңгерушісі және ғылыми хатшысы. 1947-1960 жылдары - Қазақ тау-кен институтында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері эффузиялық тау жыныстарының петрологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. Орталық Қазақстан өңіріндегі эффузиялық түзілімдерде терең петрологиялық зерттеулер жүргізген. Ұлы Отан соғысы жылдары қорғаныс өнеркәсібіне қажетті шикізаттар іздеп, осы мақсатқа жарайтын құмның ірі кенін тапқан.

Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

76 жыл бұрын (1936) «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің өндірісті дамыту және жаңғырту жөніндегі кеңесшісі, техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының, Халықаралық экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының академигі, КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері БАЙМҰХАМЕТОВ Серғазы Қабиұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Қарағандыкөмір» комбинатында кен шебері, телім бастығының орынбасары, бастығы, бас инженер орынбасарының көмекшісі, бас инженері, шахта директоры қызметтерін атқарған. 1979-1992 жылдары - «Қарағандыкөмір» Өндірістік білестігінің техникалық директоры, бас инженері. 1992-1994 жылдары - «Қазақстанкөмір» мемлекеттік корпорациясының, «Көмір» мемлекеттік холдингтік компаниясының бірінші вице-президенті. 1994-1995 жылдары - Қазақ көмір ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1995-1996 жылдары - «Қарағандышахтакөмір» мемлекеттік кәсіпорнының техникалық директоры. 1996 жылдан «Испат-Кармет» АҚ Көмір департаментінің техникалық директоры болып қызмет атқарған. 2005-2008 жылдары - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің өндірісті дамыту және жаңғырту жөніндегі директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

Бірнеше кітаптың, 80-ге жуық авторлық куәліктің иегері.

Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту, РФ-ның «Дружба» ордендерімен, медальдармен, «Шахтер даңқы» белгісінің үш дәрежесімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

76 жыл бұрын (1936) КСРО МҚК-інің құрметті қызметкері, РФ Президенті жанындағы Үкіметтік байланыс және ақпарат федеральдік агенттігінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы ҰҚК-інің құрметті қызметкері, құрметті байланысшы, генерал-майор ЖАҚЫПБЕКОВ Сабет Малғаждарұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Новосібір электротехникалық байланыс институтын бітірген. 1977-1995 жылдары Қазақ КСР-інің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстан Республикасы ҰҚК Бас үкіметтік байланыс басқармасының бастығы болған.  1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметі бастығының орынбасары. 1997 жылы зейнет демалысына шыққан. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1956) Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасының профессоры, ақын, филология ғылымының докторы, Қазақстан жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты ТАРАҚ Әнуар дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек  ауданында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1980-1990 жылдары  қазіргі «Жас алаш» газетінде, 1990-1992 жылдары «Парасат» журналында, 1992-2000 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде істеген. 2000-2002 жылдары «Қазақстан-Заман» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

Ақынның өлеңдері «Баспалдақтар», «Атамекен» ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ бірнеше әнге сөз жазған. «Алаштың айбын-ардағы - Абылай хан», «Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы (Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы)» монографияларының, «Аударма психологиясы мен мәдениеті», «Аударма әлемі», «Ауызша аударма» оқу құралдарының, 200-ден аса зерттеу мақалаларының авторы.

28 жыл бұрын (1984) жүзуші, ҚР чемпионаттарының жеңімпазы, ҚР Кубоктрының жеңімпазы, ҚР рекордшысы, 2004 жылғы Афиныдағы Олимпиадалық ойындарға қатысушы, І Ислам ойындарынң жеңімпазы, бүкіләлемдік универсиада финалшысы, І Азиялық ойындардың жеңімпазы, шағын сулардағы Әлем чемпионатының финалшысы  ОСИНСКИЙ Станислав дүниеге келді.

41 жыл бұрын  (1971) «Темірбанк» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары  КӘРІМБАЕВ Дәулет дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 1996 жылы Қазақ тұтыну кооперациясы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.

1994-1996 жылдары - «Видергебурт Банк» АҚ-да (Арқалық қ.) филиалдың несие бөлімінің бас маманы.

1996-2002 жылдары - «Халық банкі» ААҚ Қостанай облыстық филиалының қор орталығының директоыр, Қостанай облыстық филиалының директоры.

2002-2004 жылдары - «Қазкоммерцбанк» ААҚ-ның Павлодар қаласындағы филиалы директорының орынбасары.

2004 жылы - «Наурыз банк Қазақстан» ААҚ Павлодар қаласындағы филиалының директоры.

2004-2005 жылдары - «БанкТұранӘлем» АҚ Алматы қаласындағы аймақтық еншілес банктерді дамыту басқармасының бастығыы.

2005-2008 жылдары - «БТА Банк» ААҚ, Мәскеу қаласындағы өкілдігінің вице-президенті.

2009 жылы мамырда Диркторлар кеңесінің шешімімен «Темірбанк» АҚ басқарма мүшелерінің құрамына енгізілді.