23 сәуірде Астана қаласында жалпықалалық сенбілік өтеді

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 23 сәуір күні Астана қаласында жалпықалалық сенбілік өтеді. Елордалықтар осы күні республиканың барлық өңірінде бір мезгілде, сағат 11.00-де басталатын «Жасыл жапырақ» атты жасыл желек отырғызу акциясына қатысады.

Астана әкімдігінен мәлім еткендей, қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін әкім орынбасары Василий Крыловтың басшылығымен арнайы қалалық штаб құрылды.

Алдын ала берілген мәліметтерге сәйкес, жалпықалалық сенбілікке 80 мыңнан астам адам, жалпы саны 4500 кәсіпорын қатысады деп межеленіп отыр. Бұл күні халықтың және арнайыландырылған 318 автомашинаның көмегімен 1800 түп ағаш пен 23 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарлануда.

Ағаштар мен бұталарды отырғызумен қатар гүлбақша мен гүлзарларды тазалау, жасыл желектерді отырғызуға дайындау бойынша көктемгі агротехникалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар бұл күні Астананың барлық аумағындағы су бұрқақтар іске қосылатын болады.

Осы күні ел бойынша бір мезгілде басталатын «Жасыл жапырақ» жасыл желек отырғызу акциясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен Бүкіләлемдік Жер күніне орайластырылған.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 30 сәуірінде кәсіпкерлік құрылымдар мен шағын және орта бизнес өкілдері қосымша көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, 3,5 мың ағаш отырғызуды көздеп отыр.