23 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 23 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы ИСА дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1984 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемдік-графикалық факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1984-1991 жылдары Шардара ауданы Қызылқұм ауылында орта мектеп мұғалімі, 1991-1993 жылдары«Жас қазақ» бірінші республикалық демократиялық газетінің бөлім меңгерушісі, 1993-1998 жылдары «Өркен» газетінің бөлім редакторы, 1998-2000 жылдары «Қазақпарат» баспа корпорациясының вице-президенті, 2000-2002 жылдары «Жас қазақ үні» газеті бірінші бас редакторы — директоры, 2009-2012 жылдары «Жас қазақ үні» газеті редакторлар кеңесі төрағасы — бас директоры, «Жұлдыздар құпиясы» журналының бас редакторы, «Тұран» баспасының директоры қызметінде болды. 2019 жылдан бастап — ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі.
2021 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» (2011), «Парасат» (2018) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Сергей Есенин» (2014) медальдарымен, «Мәдениет қайраткері» (2009), «Тіл жанашыры» (2011), «Ақпарат саласының үздігі» (2014) төс белгілерімен марапатталған. «Тәтті шөл» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын (2008) алған.
59 жыл бұрын (1966) Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Балайым Туғанбайқызы КЕСЕБАЕВА дүниеге келді.
Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Киров ауданы Жамбыл колхозында туған. Талдықорған заң техникумын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бакалавриатын бітірген.
Еңбек жолы: 1985-1988 жылдары Шымкент облыстық атқару комитетінің әділет бөлімінде кеңсе меңгерушісі, 1993-1994 жылдары Алматы қаласындағы «ШаҺар» архитектура-жобалық кооперативінде іс жүргізуші, 1994-1998 жылдары ҚР Әділет министрлігінің кеңесшісі, бас кеңесшісі, бас маманы, бөлім бастығы, 1999-2002 жылдары Қызылорда облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, 2002-2004 жылдары Маңғыстау облысы Әділет департаментінің бастығы, 2004-2009 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаментінің директоры қызметін атқарған. 2009-2016 жылдары Қызылорда облысы Әділет департаментінің бастығы, 2016-2021 жылдары алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.
2021-2023 жылдары жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс Төрағасының орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың мамыр айынан бастап атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Ерен еңбегі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен және «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1981) «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Әсем Амантайқызы СЕЙІТОВА дүниеге келді.
«Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғары білім (2002); Экономика магистрі.
Еңбек жолы: ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінде, ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінде, «KazTransCom» АҚ-да, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-да жұмыс істеген (2002); «Қазаэронавигация» РМК Экономика және тарифтер департаментінің директоры ҚР Авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары (2024-2025).
2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
107 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, әйгілі партизан Қасым ҚАЙСЕНОВ дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген. 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болды. 1940 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатье, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан. Қасым Қайсенов соғыс жылдарында өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға дүркін-дүркін соққы берген. 1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. ҰОС кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т. б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т. б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М. Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Жалилдің «Пошта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.
3-дәрежелі «Б. Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.