АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі 23 тамыз күні Таяу Шығыста Газа секторындағы соғыс және Иран мен Израиль арасындағы өңірлік шиеленіс төңірегінде болған оқиғаларға шолу ұсынады.
Фото: ЦАХАЛ
АҚШ вице-президенті және Демократиялық партия атынан президенттікке кандидат Камала Харрис Чикагодағы Демократиялық партияның Ұлттық съезінде сөйлеген сөзінде кепілге алынғандарды босату және атысты тоқтату туралы келісімге келу уақыты таяғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ барлық уақытта Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын қолдауға уәде берді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Singapore Airlines, British Airways және Lufthansa соңғы айларда Ауғанстан үстінен ұшу санын көбейтті, өйткені Иран мен Израиль арасындағы әуе кеңістігі Ауғанстанның әуе кеңістігіне қарағанда қауіптірек деп санайды.
Оған қоса, Германияның Lufthansa әуе компаниясы Тель-Авив пен Тегеранға ұшу үзілісін 2 қыркүйекке дейін ұзартатынын және Бейрутқа рейстерді 30 қыркүйекке дейін тоқтата тұратынын хабарлайды.
Өткен тәулікте Израиль әскери-әуе күштері Газа секторында 30-дан астам нысанаға соққы берген, онда әскерлер шайқас жүргізіп, ондаған содырларды жойған, бұл туралы Израиль қорғаныс армиясының таңғы есебінде айтылған.
Израиль қорғаныс армиясының мәліметі бойынша, бүгін Ливаннан Солтүстік Израильге 100-ге жуық зымыран атылған. Соңғы 40-қа жуық зымыран атысы Кирьят-Шмона аймағына бағытталған.
Фото: Дэвид Коэн/Flash90
Иранның жаңа сыртқы істер министрі Аббас Арагчи ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін екіжақты мәселелерді шешу үшін Еуропалық Одақпен диалог жүргізуге шақырды.
БҰҰ агенттіктері Газа секторы халқының шамамен 90%-ы Израиль мен ХАМАС соғысына байланысты қоныс аударғанын мәлімдеді.
IRNA Иран ақпарат агенттігі хабарлағандай, Иранның жаңа сыртқы істер министрі Аббас Арагчи телефон арқылы өзінің француз және британдық әріптестеріне өз елінің өткен айда Тегеранда ХАМАС көшбасшысы Исмаил Ханияны өлтіргені үшін Израильден кек алуға құқылы екенін айтты.
Ливандық БАҚ Израиль дрондарының Ливанның оңтүстігіндегі Айта-әл-Джабаль қаласындағы тұрғын үйге және жақын маңдағы көлікке соққы жасағанын хабарлады. Мәліметтерге сәйкес, соққыдан ең кемі екі адам зардап шеккен.
Сондай-ақ, оңтүстікте Тир округіндегі Маараке қаласында израильдік дрон көлікке соғылған.
Израиль қорғаныс армиясы Газа қаласының Зейтун ауданындағы бұрынғы Али бен Аби Талиб мектебінің ғимаратында орналасқан ХАМАС командалық пунктіне әуе шабуылын жасағанын мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Газа секторындағы 10 айлық бала екінші типті полиомиелит вирусымен сал ауруына шалдыққан. Бұл осы аумақта 25 жылдағы алғашқы жағдай. БҰҰ агенттіктері әр баланы шұғыл вакциналауға шақыруда.
«Полиомиелит балаларды палестиналық немесе израильдік деп бөліп-жармайды. Гуманитарлық кідірісті кейінге қалдыру балалар арасында вирустың таралу қаупін арттырады», — деді БҰҰ палестиналық босқындар агенттігінің (БАПОР) басшысы Филипп Лаззарини Х әлеуметтік желісінде.
Ақ үй АҚШ арағайындық еткен Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келіссөздер құлдырау алдында тұр деген хабарларды жоққа шығарады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби журналистерге арналған брифингте кеше Каирде келіссөзде ілгерілеушілік болғанын айтты, дегенмен бұл келіссөз негізінен Израиль мен Египет арасында өткен.
Газа секторынан Израильдің оңтүстігіндегі Сдерот қаласына екі зымыран атылды. Зымырандардың бірін әуе қорғанысы ұстап үлгерді, екіншісі ашық жерге құлады.
Осыдан кейін Израиль армиясы Ататра аймағындағы палестиналықтарды эвакуациялауға және «Газа қаласының батысындағы паналарға» баруға шақырды.
Сирияның SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израиль авиациясы Сирияның орталық бөлігіндегі бірнеше нысанға соққы жасап, жеті бейбіт тұрғынға зиян келтірді.
Сондай-ақ, Сирияның әуе қорғанысы зымырандардың бір бөлігін атып түсірген.
Фото: SOHR
Сирия адам құқықтарын сақтауды бақылау орталығы (SOHR) Израильдің әуе шабуылдары Хамса және Хома провинцияларында болғанын, салдарынан 3 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алғанын жеткізді.
Халықаралық қылмыстық соттың бас прокуроры Кәрім Хан судьялар алқасын соттың премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды, қорғаныс министрі Йоав Галлантты және Хамас жетекшісі Яхья Синварды тұтқындауға ордер беруге құқығы бар-жоғы туралы шешім қабылдауға шақырды.
Айжан Серікжанқызы Қасым Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің түлегі. Мамандық бойынша РФ Татарстанның Қазан қаласында, Польшаның Вроцлав қаласында тағылымдамадан өткен. 2017 жылдан бері ҚазАқпарат агенттігінде жұмыс істейді.