23 жастағы шекарашы: Қазір дрон мен камера — басты көмекшіміз
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін күзету — үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Кәсіби мерекеге орай Солтүстік Қазақстан облысындағы «Баян Батыр» шекара заставасында қызмет атқарып жатқан 23 жастағы лейтенант Әділхан Бауыржанұлымен сұхбаттасқан едік.
— Әділхан, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз және мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
— Жасым 23-те, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келгенмін. Жастайымнан спортқа жақын болып, сегіз жыл бокспен айналыстым. Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің түлегімін. Облыстық, халықаралық турнирлердің жеңімпазымын, спорт шеберіне үміткер дәрежесін алғанмын.
Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясында білім алдым. Мамандықты таңдауға нағашы ағам себепкер болды, ол Ақтөбе облысында осы салада еңбек етті. Сол кісінің айтуымен шекара қызметіне келдім. Мен түскен жылы академияда оқуға республика бойынша 800 үміткер болды. Соның 280-і қабылданды.
Оқуды 2023 жылы аяқтап, содан бері СҚО-да Мағжан Жұмабаев ауданы Қарақоға елді мекенінде орналасқан «Баян Батыр» шекара заставасы бастығының орынбасары лауазымында еңбек етіп жатырмын.
— Шекарада қызмет ету тек адамдар мен жүк өткізу ғана емес, оның да өз қиындықтары бар. Күтпеген жағдайлар болып тұра ма?
— Шекара заставасы мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға тікелей жауап береді. Қызмет барысында күтпеген жағдайлар болып тұрады, ол әрине шекараны бұзушылармен күрес, олар күн жаңбыр немесе боран деп қарап жатпайды. Негізінен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершіліктен қашып жүрген адамдар бұзып өтуі мүмкін немесе Орта Азия мемлекеттері азаматтары Еуропаға өту үшін шекарадан заңсыз өтпек болады. Мәселен биыл жыл басынан 114 заң бұзу әрекеті анықталды. Олардың басым бөлігі — шекаралық аймақта төлқұжатсыз жүруге қатысты. Шекара режимін бұзбақ болғандар да ұсталды. Ішкі істер министрлігімен іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстауға атсалысамыз.
— Өз тәжірибеңізде ерекше есте қалған оқиға бар ма?
— Осыдан екі жыл бұрын «Баян Батыр» шекара заставасының аумағында Үндістан мемлекетінің 25 азаматы мемлекеттік шекарадан заңсыз өтпек болған жерінен ұсталды. Біз оларды жеке құраммен және Мағжан шекара бөлімінің жеке құрамымен бірлесе отырып, алдын ала ақпарат бойынша торуыл жасау арқылы ұстадық. Былтыр мамыр айында Бангладеш мемлекетінің бес азаматын түнгі уақытта шекара нарядтары көру құралдары арқылы анықтап, ұстады.
— Қазір цифрлық технология дамыған заман, бұл салаға да жаңа технология жетіп, жұмыстарыңыз сәл де болса жеңілдеді ме?
— Мемлекеттік шекара заставаларында жағдай жылдан жылға жақсарып келеді. Десек те, заманауи жетістіктер қолданылғанымен, кәсіби маманның қызметі қашан да маңызды болып қала береді деп ойлаймын. Біздің бекетке оптика-электронды жүйелі бейнебақылау камерасы орнатылды. Түнде көру жүйесі де бар. Бірнеше шақырымды қамтиды. Сондай-ақ дрондармен қамтамасыз етті. Ол мемлекеттік шекарамызды күзетуге өз үлесін қосып жатыр. Қашықтықтан бақылап, үлкен аумақты бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Барлық шекараны толық бейнекамерамен, сигналды датчиктермен жабдықтаса, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен толық қамтамасыз етілсе, жұмысымыз бұдан да жеңілдей түсер еді.
— Шекарашы дегенде бірден оны қызметтік итімен көз алдына елестетеміз. Сенімді көмекшілеріңізді кім баптайды? Иттің тұқымы қызметте маңызды ма?
— Біздің бекетте жұмыста қолданатын үш итіміз бар. Оларға жауапты нұсқаушылар бекітілген. Күнделікті тамақтандырып, жаттықтырады. Бізде негізінен бельгиялық овчаркалар. Мемлекеттік шекараны бұзушылардың ізіне түсіп, көмектеседі. Иттің тұқымы атқаратын қызметіне байланысты маңызды. Мысалы біз шекара заставасы болғандықтан, бізде көбіне із кесуші иттер қолданылады. Неміс, Бельгия овчаркалары, лабрадор-ретривер, доберман, фокстерьер, бордер-колли тұқымды иттердің иіс сезу қабілеті жақсы, қырағы, батыл, төзімді болып келеді.
2023 жылы «Корсо» атты овчаркамыз нұсқаушымен бірге шекара қызметі департаменттері арасында іздестіру жұмыстары бойынша өткен байқауда жеңіске жетті.
— Шекараны күзетуге барғысы келетін жастарға не айтар едіңіз?
— Бұл үлкен жауапкершілік пен құрметке ие мамандық. Шекараны күзету жай ғана жұмыс емес, ол әрбір азаматтың парызы. Қызметке қабылдау жүріп жатыр. 29 жасқа дейінгі жігіттер қабылданады. Әрине өз талаптары бар. Мәселен, офицерлік лауазымға жоғары білімнің, әскери билеттің болуы маңызды. Ал қызметке орналасқаннан кейін мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік бар. Ол отбасы мүшесіне ай сайынғы 58 мың теңге мөлшерінде төлемақымен қамтамасыз етіледі. Ал пәтер құнының 10% жинақтаған жағдайда Қазақстанның кез келген қаласында ипотекалык үй алу мүмкіндігі бар. Коммуналдық шығындар өтеледі, тегін медқызмет, киім-кешекпен қамтылады. Сондай-ақ 47 жаста зейнет демалысына шығу мүмкіндігі бар.
— 18 тамыз — шекарашылар күні. Әріптестеріңізге не тілер едіңіз?
— Еліміздің шекарасын қорғауда көрсетіп жүрген ерлігіңіз бен батылдығыңыз — нағыз Отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Сіздерге мықты денсаулық, берік отбасы, бейбіт аспан мен ел қорғаны болуда табыс тілеймін. Қызметтеріңіз әрдайым абыройлы, жолдарыңыз ашық болсын. Отанымыз — Қазақстанның тыныштығы сіздердің сенімді қолдарыңызда!
Бұған дейін Qgate жүйесі шекарадан өту уақытын бір жарым минутқа дейін қысқартқанын хабарлаған едік.