Іріктеліп алынған жұмыстарды конкурс комиссиясының құрамына кірген ірі ұлттық компаниялардың басшылары, сондай-ақ сарапшылар мұқият қарап, талқылаған. «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының пікірінше, «Инновациялық Қазақстан» конкурсы біздің жастар жаңашыл, прогрессивті және қалыпты емес ойлануға үйренгендігін дәлелдеп шықты. Жас авторлар (қатысушылардың көпшілігі 19-25 жас аралығында екендігін еске сала кетейік) еліміздің индустриялық дамуына ықпал ете алатын жаңа технологиялар ұсынған.
Көптеген жобалар экономикалық тұрғыдан да, іске асыру ауқымы жағынан да кешенді, толық пысықталған. Жекелеген жұмыстар, шын мәнінде, мұнай-газ саласы үшін қызықты болып көрінеді. Ғалымдар оларды тәжірибеде іске асыру жағын қарастыруы мүмкін, - деп атап өтті «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұзақбай Қарабалин.
Жалпы алғанда, конкурстың ұйымдастыру комитетіне 2 мың 313 идея-ұсыныс келіп түсті. Іріктеліп алынған үздік жұмыстар республикамыздың түрлі өңірлерінен келген, бірақ басым көпшілігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан жіберілген. Жалпы алғанда, әсіресе ҚБТУ, Назарбаев Университеті мен ОҚМУ студенттерінен келген өтінімдер саны басым. Бұл отыз жобаны дайындау барысында ауқымды ғылыми жұмыс жүргізілгенін атап өткім келеді, кейбір қатысушылар тұтас эксперимент те жүргізген. Көптеген жобаларды бүгінгі күннің өзінде біздің ұлттық компанияларда енгізіп, нақты бизнеске таратуға болады. Жекелеген өтінімдерді «Қазақтелеком», «KEGOC», «ҚазМұнайГаз» ұлтық компаниясы сияқты акционерлік қоғамдарға жібердік, - дейді «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.
Бұған дейін хабарланғандай, «Инновациялық Қазақстан» конкурс комиссиясының құрамына «ҚазақстанТемір Жолы» компаниясының президенті Асқар Мамин, «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарушы директоры Алексей Пирогов, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ басқарма төрағасы Ұзақбай Қарабалин, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Искандер Бейсембетов және басқалар кірген.
Отыз үздік жұмыстың ішінен он финалшы іріктеліп алынады, олардың есімдері алдағы жылдың басында белгілі болады. Конкурстың әр аталымында бір-бірден екі жеңімпаз бас жүлде - білім беру грантын иеленеді.