Конкурс қорытындысы бойынша республикалық комиссия еліміздің 232 азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Іріктеу кезінде бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келді. Бұл бағдарламаға қызығушылық арта түскенін әрі бәсекелестік жоғары болғанын көрсетеді.
— Жаңа стипендиаттардың 179-ы магистратурада, 12-сі докторантурада, 1-еуі бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алады. Бұдан бөлек, 40 адам шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 33 қазақстандыққа шетелдің алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Бағдарлама отандық ғалымдардың біліктілігін арттырып, заманауи зерттеу әдістерін меңгеруіне ықпал етіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Отырысты қорытындылай келе, Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру мен жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Ал «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімін мына сілтемеден оқи аласыз.