237 адам қаза тапты: Газадағы әуе шабуылдары Трамп аймаққа келгенде күшейе түсті

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапары кезінде Израиль әскері Газа секторына жаппай әуе шабуылдарын жасап, 237 палестиндік қаза тапты, деп жазады Анадолы.

Трамптың Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктерін қамтыған сапары басталғаннан кейін, Израиль армиясы Газаға бағытталған әуе соққыларының қарқындылығын арттырды. Сапардың үшінші күні, 15 мамырда бір күнде 119 адам көз жұмды.

Бұл жағдай Трамптың «Газадағы палестиндіктер жарқын болашаққа лайық» деген мәлімдемесімен тұспа-тұс болып отыр.

2023 жылдың 7 қазанынан бастап Израильдің Газаға жасаған шабуылдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 53 010 адамға жетсе, жарақат алғандар саны — 119 998.

Бұған дейін Израиль Газаға шабуылын күшейтіп, кем дегенде 65 адам қаза тапқанын жаздық.