24 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 24 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

24 АҚПАН, ДҮЙСЕНБІ

Эстонияның Тәуелсіздік күні - Эстон Республикасының ұлттық мерекесі (1918).

Қазақстан Республикасы мен Эстон Республикасы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы мамырдың 27-сінде орнаған.

Румынияның ұлттық мерекесі - Ұлттық жалау күні. Ол 1998 жылдан бері аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрына Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ғабит Мүсіреповтің есімін беру туралы шешім қабылдады.

22 жыл бұрын (1992) «Қазақкино» мемлекеттік концерні құрылды.

97 жыл бұрын (1917) Торғай даласында атақты Доғал шайқасы болып өтті. Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалысындағы ең ірі шайқас саналады. Шайқаста Амангелдімен қатар, оның жауынгер серіктері Ыбырай Атамбеков, Кейкі Көкімов ерекше ерлік көрсетті.

9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында мұғалім Қанат Ибрагимовтың «Қазақ тілі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Автор өзінің кітабында шет тілді оқыту әдісін пайдаланды. Оның оқулығы орыс мектептерінде оқитындарға арналған. Оқулық үш кітаптан және практикалық жаттығуларға арналған аудиодискілер. Оқулықтың баспагері Халықаралық Қоғамдық KATEV қоры.

5 жыл бұрын (2009) Астанадағы Қазіргі заман өнері мұражайында халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 105 жылдығына арналған оның шығармаларының көрмесі ашылды. Суретшінің жеке көрмесінде 17 өнер туындысы қойылған, оның ішінде 4 кескіндеме, 12 графика және 1 мүсін жұмысы бар.

4 жыл бұрын (2010) елордада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясының тұсаукесері өтті.

Аталған шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінгі күн шын мәнінде қазақ тарихындағы «айтулы күн» екендігін атап өтіп, Елбасының тапсырмасына орай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Мемлекет басшысының алғысөзімен халқымыздың 1000 жылдық мәдени мұрасы, домбыраға, сыбызғыға, қобызға арналған 1000 үздік таңдаулы күйлерінің антологиясы шығып отырғандығын жеткізді. Антологияны жарыққа шығарған «Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамы.

2000 данамен жарық көрген антология еліміздің кітапханаларына, мұражайларына тегін таратылмақ. Антология екі бөліктен тұрады. Бірінші кітапта елімізге есімі танымал күйшілердің өмірбаяндары, олардың туындыларының шығу тарихы сияқты мағлұматтар қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде күй жазылған 41 диск орналасқан. Олар Шығыс Қазақстан, Жетісу, Арқа, Қаратау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстан, Маңғыстау күйшілік дәстүрі, қазіргі заман күйлері, сыбызғы, қобыз күйлері деген тақырыптарға бөлініп берілген.

2 жыл бұрын (2012) Өскеменде 1944 жылы Полоцк қаласын алуда қаза болған Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовты еске түсіруге арналған кеш өтті.

ЕСІМДЕР

119 жыл бұрын (1895-1963) жазушы ИВАНОВ Всеволод Вячеславович дүниеге келді.

Семей облысында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Шығармалары 1915 жылдан жарық көрген. 1921 жылдан Петроградта (Санкт-Петербор) тұрған. Ұлы Отан соғысы жылдары «Известия» газетінің тілшісі болған.

«Партизаны», «Цветные ветра», «Бронепоезд 14-69», «Сизиф, сын Эола» повестер мен әңгімелердің, «Голубые пески», «Кремль» романдарының, «Похождения факира», «Мы идем в Индию», «История моих книг» өмірбаяндық шығармалардың авторы.

110 жыл бұрын (1904-1938) мемлекет және қоғам қайраткері НҰРПЕЙІСОВ Садық дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қостанай губерниялық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, қазақ өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облысы Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-ші шақырылым депутаты болған. 1938 жылы репрессияға ұшырап, 1939 жылы ақпанның 25-інде атылған.

90 жыл бұрын (1924-1974) биші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, алғашқы балет әртістерінің бірі БЕКБОСЫНОВ Алмас дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастады. 1939-1959 жылдары Қазақ филармониясында, Қазақ академиялық опера және балет театрында биші болған. Ол театр сахнасында Айдар (И.Надиров «Көктем»), Қамбар (В.Великанов «Қамбар - Назым»), Квазимодо (Ц.Пуньи «Эсмеральда»), Гирей (Б.Асафьев «Бақшасарай бұрқағы»), Ганс (А.Адан «Жизель»), т.б. партияларды, сонымен қатар «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан - Сара», т.б. операларындағы би нөмірлерін орындады. 1959 жылы бишілер труппасының құрамымен АҚШ-та болып, өнер көрсетті.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1948) күйші, домбырашы, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты ӘБІЛТАЙ Шәміл Бисенғалиұлы дүниеге келді.

Атырау облысының Индер ауданында туған. Атырау музыкалық училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1972-1985 жылдары Қазақ филармониясында күйші-лектор болып қызмет істеген. 1985-1988 жылдары Қазақ радиосы музыкалық редакциясының бас редакторы болған. 1994 жылдан Халықаралық Құрманғазы қорының төрағасы. «Ұлытау» атты күй кітабы мен «Ордабасы» күйлер күйтабағы жарық көрген. Ол Қазақ теледидарында «Үкілі домбыра», «Домбыра дастан» бағдарламаларын жүргізген. «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет ата», «Қыдыр кезген Қызылқұм», «Елбасы» күйлерінің, «Қожа Ахмет Ясауи», «Жер ұраны Ұлытау», «Ордабасы», «Құрманғазы - күй дүлдүлі», «Мұстафа Шоқай туралы толғау», «Түркістан» музыкалық толғауларының авторы. Ізмір қаласында (Түркия) өткен түрік халықтарының дүниежүзілік құрылтайында озан (жыршы) атағын алған.

41 жыл бұрын (1973) «Банк Kassa Nova» АҚ басқарма төрағасы ҚУАНЫШЕВ Талғат Жұманұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді. 1994 жылдан «Игілік-банк», «Альфа-банк», «Банк Тұран Әлем» банктерінде жұмыс жасады. 1997 жылдан - «АТФБанк» АҚ-да вексельдік айналым басқармасының бастығы, директордың орынбасары, коммерциялық департамент директоры, басқарушы директоры, кеңесші, басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2006 жылдан - «АТФБанк» АҚ басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2009 жылғы қарашадан бері. 39 жыл бұрын (1975) «Қазақстан» ұлттық телеарнасының журналисі, тетежүргізуші, автор, продюсер және бірқатар теле- және радио бағдарламаларын жүргізуші ҚАЛИЕВА Салтанат Жаңбыршықызы дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің ТВ-журналистика факультетін, NHK (Жапония) жанындағы телевизиялық шеберлік (продюсер) курсын бітірген. ТВ-да 17 жасынан бері. Еңбек жолын облыстық телевидениеде диктор болып бастады, одан кейін - Қазақ телевизиясының 2-санатты дикторы. Кейіннен «Астана радиосында» диджей, «Таң», «Астана», «Қазақстан» телеарналарында репортер және жаңалықтар жүргізушісі.

37 жыл бұрын (1977) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитеті төрағасының міндетін атқарушы ӨТЕШЕВ Нұрлан Сүлейменұлы дүниеге келді.

1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін үздік бітіріп, осы университеттің магистратурасына түсті. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі пороректоры болып тағайындалды. ҚазМЗУ ректорының 12 магистранттарының бірі болды. «Талапкер» муниципалдық жастар қозғалысының төрағасы, «Жастар таңдауы» ҚБ теңтөрағасы, «Алматы қаласы жастар ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ президенті, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, «Қазақстан жастар Конгресі» ЗТБ атқарушы директоры болды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттаттығына дауысқа түсті. 2009 жылғы мамырдан «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты» атқарушы хатшысы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы тамыздан бері.

115 жыл бұрын (1899-1983) норвег шаңғышысы, көп дүркін олимпиада чемпионы Йохан ГРЕТТУМСБРОТЕН дүниеге келді.

105 жыл бұрын (1909-1999) итальян режиссері, сценарист, продюсер және актер Риккардо ФРЕДА дүниеге келді.

82 жыл бұрын (1932) француз композиторы, пианист, дирижер Мишель Жан ЛЕГРАН дүниеге келді.