24 қаңтар. Туған күн иелері

Бүгін, 24 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

73 жыл бұрын (1951) жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асылбайұлы АСҚАРОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі Зерде) журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болған. 1986-1991 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы, 1991-1993 жылдары ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты ішкі саясат бөлімінің аға референті болып қызмет атқарды.1993-2003 жылдары ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болған. 1997-2003 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мемлекеттік баспа бағдарламаларын ұйымдастыру департаментінің директоры қызметінде болды. 2003-2005 жылдары ҚР Ақпарат министрлігі Баспа және полиграфия департаментінің директоры, Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық Кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, бас инспекторы, 2012-2014 жылдары ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры қызметін атқарған. 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, 2016-2019 жылдары Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры, 2019-2021 жылдары «Тіл-Қазына» Ұлттық орталығының Бас директоры болып жұмыс атқарған. 2021 жылдан – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ММ директоры.

«Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Ағалардың әзілі, құрдастардың қалжыңы», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Родники рождаются в горах», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Назеркеге хат», «Скрип соленого сердца», «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяты», «Стон дикой долины», «Кешегі күннің хикаясы», «Шабанбайдай жер қайда», «И смех, и слезы, и любовь...», «АЛТАЙ-алтын бесік, ата жұрт», «Надейся и жди!», «Көңілдің көк дөнені» атты кітаптары жарық көрген. Медальдармен марапатталған.

71 жыл бұрын (1953) кинорежиссёр, актёр, сценарий жазушы, продюсер, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Ермек Бектасұлы ШЫНАРБАЕВ дүниеге келді.

Фото: novoetv.kz

Алматы қаласында дүниеге келген. Бүкілодақтық кинематография институтының 1974 жылы актерлік, 1982 жылы режиссерлік бөлімдерін бітірген.

1974-1977 жылдары «Қазақфильм» кино-студиясында актер болды. 1981 жылы алғашқы қысқаметражды «Қаралы сұлу» көркем фильмін түсіріп, ол «Бастау» республикалық бәйгесінде Бірінші жүлдені иеленеді.1990 жылдары Шынарбаев «Қазақфильм» киностудиясының «Әлем» шығармалық-бірлестігінің көркемдік жетекшісі болды.

«Әпкем менің Люся» (1985), «Орманнан алаңға шығу» (1987), «Кек» (1989), «Сұр үш сайлы баскиімдегі орын» (1992), «Нәзік жүрек» (1993), «Періштеге жазылған хаттар» (2009) және көптеген тағы басқа көркем фильмдердің; 20-ға жуық деректі фильмнің, оның ішінде «Рояль жанындағы монологтар», «Дуэт», «Прованс күнделігінен» фильмдерінің режиссері. Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі (1986 жылдан). «Әлем» бірлестігінің шығармашылық жетекшісі (1989 жылдан), Алматыдағы Ұлттық продюсерлік орталықтың директоры (1996 жылдан), «Eurasia Film Production» компаниясының арт-директоры мен режиссері (2005 жылдан).

«Жігер» шығармашылық жастар байқауының лауреаты (1983). «Орманнан алаңға шығу» кинофильмі үшін Халықаралық кино байқауындағы (Амьен қаласы,Франция, 1987) сыйлықтың, А. Ланглуа атындағы Халықаралық кино байқауындағы (Тур қаласы, Франция, 1992) Халықаралық мәдениет, өнер мен киноның дамуына көмек көрсету ұйымы СИДАЛК сыйлығының, Халықаралық кино байқауындағы «Алтын қабылан» сыйлығының (Локарно қаласы, Швейцария, 1993) және тағы басқа жүлделердің иегері.

56 жыл бұрын (1968) Қарағанды облысы әкімінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды реттеу жөніндегі орынбасары Бауыржан Қоңырбайұлы АСАНОВ дүниеге келді.

Фото: Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағандыда дүниеге келген. 1992 жылы К.И.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірді. 2003 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер дипломын алды. 2009 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. 2019 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында білім алды. Іскерлік әкімшілендіру докторы. Мамандығы бойынша ветеринар, заңгер, экономист.

Еңбек жолы: 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Әр жылдары Қарағанды қаласының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерін, Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасын, Астанадағы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің халықты жұмыспен қамту саясаты басқармасын, Қарағанды облысының ветеринария басқармасын басқарды. 2017-2022 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы 28 желтоқсаннан бері атқарып келеді.

50 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Жалпы мәселелер бөлімінің меңгерушісі Расұл Қабдолұлы ОРАЗҒҰЛОВ дүниеге келген.

Фото: inbusiness.kz

Павлодар облысында туған. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (1994), Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (2000), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін (2010) бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1998 жылдары Павлодар облыстық қаржы басқармасының жетекші маманы, бас маманы, 1998-2002 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің АӨК және қоршаған ортаны қорғау басқармасының экономисі, жетекші экономисі, бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары 2002-2006 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Салалық органдардың шығындарын жоспарлау департаменті директорының орынбасары, басқарма басшысы, 2006-2009 жылдары Қарағанды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры (Басқарма басшысы) болып қызмет атқарды. 2009-2010 жылдары Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2010-2014 жылдары «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары, 2014-2018 жылдары Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы, 2018-2019 жылдары Астана қаласының Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болған. 2019-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2023 жылдан бері.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

49 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Мадияр Темірұлы БАЛКЕН дүниеге келген.

Фото: zakon.kz

Алматыда туған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін (1996), Қазақ мемлекеттік заң академиясының аспирантурасын (1999) бітірген.

Еңбек жолы: 1996-2005 жылдары «Әділет» Жоғары құқық мектебінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, 2001-2005 жылдары «Еуразия СТ» заңгері, «TURKUAZ» компаниялар тобының кеңесшісі, заң қызметінің директоры, 2006-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, 2009-2012 жылдары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, 2012-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып қызмет атқарған. 2015 жылдан бастап ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметінде. 2016 жылы БАҚ-пен ықпалдастық жөніндегі үйлестіруші судья, ҚР Жоғарғы сотының халықаралық байланыстар жөніндегі үйлестіруші судьясы болды. 2016 жылдан – ҚР Судьялар кеңесінің хатшысы.

44 жыл бұрын (1980) ҚР Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезекұлы ЕЛГЕЗЕК дүниеге келді.

Фото: qalamger.kz

Семей облысы Шұбартау ауданы Мәдениет ауылында Е.Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінің түлегі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан «Серпер» жастар сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері.

«Қазақ әдебиетін қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі. «Кентавр» ұлттық әдеби апталығының негізін қалаушы. «Көлеңкелер күбірі» атты жыр жинағы жарық көрген. Иван Бунин, Дмитрий Мережковский, Варлам Шаламов, Владимир Высоцкий, Гийом Аполлинер шығармаларын аударған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қалалық ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2003-2015 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің кеңесшісі, Алматы қалалық ақпараттық-талдау орталығының директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастар бірлестіктерімен жұмыс істеу бөлімінің бастығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы Адамның үйлесімді дамуы институтының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрігінің баспасөз xатшысы.

Қазіргі қызметінде 2018 жылғы наурыздан бері.

38 жыл бұрын(1986) «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Аллабергенұлы НҰРАЛИЕВ дүниеге келді.

Фото: kazpravda.kz

2007 жыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (халықаралық құқық бакалавры), 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (халықаралық құқық магистрі), 2015 жыл University College London, жобаларды басқару магистрі (Msc Project and enterprise management), 2017 жылы Geneva Business School, Executive MBA дәрежесі, 2021 жылы Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетін қаржы магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2008 жылдары «Law Company «Veritas» ЖШС-да заңгер, 2008-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының жетекші маманы, 2010 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі, 2010-2012 жылдары Президент Әкімшілігінің сарапшысы, 2012-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту бойынша Үкімет пен Дүниежүзілік Банк жобасының консультанты, 2017-2020 жылдары Атырау облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2020 жылы ҚР Энергетика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры, 2020-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде болды.