24 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 24 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Эволюция күні
Әлемнің көптеген ғалымдары жыл сайын 24 қараша күні Чарльз Дарвин еңбегінің жарияланған күнінде арнайы мереке — Эволюция күнін атап өтеді. Дарвиннің бұл кітабы эволюциялық биологияның негізі болып саналады, алғаш рет 1859 жылдың 24 қарашасында жарық көрген.
Дүниежүзілік жабысқан егіздер күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 24 қарашаны Дүниежүзілік жабысқан егіздер күні деп жариялады. Бұл сирек кездесетін жағдай, оның таралуы 50 мың туылған нәрестеге 1 жағдай болуы мүмкін.
Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті мекемелері және басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтаса отырып, олардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын қолдау, мұндай жағдайлардың пайда болуы туралы хабардарлықты арттыру және өмірлік ұстанымды қолдану арқылы түйіскен егіздердің жағдайын шешу қажеттігін атап өтті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің атауы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті болып өзгертілді.
2008 жылы «Нұр Медиа» ЖШС құрылды, оған апта сайын таралатын «Дала мен қала», «Страна и мир», «Айқын», «Литер», «Нұр Астана», «Известия-Казахстан», «Түркiстан» және «Қазақстан теміржолшысы» секілді газеттер мен танымал «Астана» телеарнасы, «NS» пен «Деловая волна» радиостанциялары кірді.
2010 жылы Жапонияның Нагоя қаласында Қазақстан Республикасының құрметті консулдығының ашылу салтанаты өтті.
2010 жылы Орынборда 1917-1920 жылдары Алаш Орда алғашқы қазақ үкіметінің отырысы, І және ІІ Жалпықазақ съездері өткен, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан, оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов тұрған үйлерде мемориалдық тақталардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2010 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективаларына қол жеткізу, өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын іздестіру мақсатын көздейтін Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігінің қарым-қатынастары тарихында қазақстандық делегацияның алғашқы сапары өтті.
2011 жылы АҚШ-тың «Public Broadcasting Service» (PBS) жалпыұлттық телевизиялық арнасы бойынша әрқайсысы 30 минут6 үш шағын сериядан тұратын «This is America Қазақстанға келеді» деректі фильмі көрсетілді. Фильм Қазақстанның саяси-экономикалық дамуы, Қазақстан-Америка әріптестігін нығайту тақырыптарын, сондай-ақ елдің тарихын, мәдени мұрасын, дәстүрі мен өнерін, этностық әр алуандығын қамтиды.
2014 жылы Алматы облысы Бесағаш кентінде аты аңызға айналған спортшы, Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрікке ескерткіш орнатылды. Мұстафа Өзтүрік — Қазақстанда таэквондо федерациясының негізін қалаушы, спорттың сайыпқыран саңлағы. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ топырағына алғаш табаны тиген Мұстафа бір топ шәкіртімен шағын спорт сайысында өнер көрсетсе, қазір республикада таэквондо жекпе-жегімен жиырма мыңға тарта жас шұғылданады. Бүгінде әр аймақ, облыстарда таэквондо мектептері ашылған. Өрімдей қазақтың қыз-жігіттері Мұстафаны пір тұтады.
2015 жылы қазақ жазушысы Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романы түрік тілінде жарық көрді. Түрік тілінде «Arasat Meydanı» деген атпен жарық көрген романда 1930-1934 жылдары елімізде болған қасірет мазмұндалған.
2015 жылы Таразда жаңа мешіт ашылды. Оның қасбеті ашылған Құран түрінде салынған. Қаланың орталық бөлігінде, «Қарахан кесенесі» ежелгі тарихи ескерткішінің маңында салынған мешіт Қазақ хандығының 550 жылдығына әзірлік барысында құрылған «Қарахан аллеясы» сәулеттік кешенімен сәтті үйлесім тапты. Ғимараттың қасбеттік бөлігін сәулетшілер бірегей ашылған Құран кітабы түрінде айшықтаған.
2016 жылы Санкт-Петербургта қазақтың көрнекті қоғам және саяси қайраткері, Алашорда үкіметінің басшысы, Ресейдің Тұңғыш Мемлекеттік Думасының депутаты (1906 ж.) Әлихан Бөкейхановтың бюстін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясына тарту ету салтанаты болды. Бюст Ресейдің алғашқы Думасының отырысы өткен Таврия сарайындағы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының штаб-пәтеріне қойылды. Мүсінді жасаған — Өмірзақ Шаңов.
2016 жылы павлодарлық Қайырбай Әшенов Мәскеуде өткен үшсайыстан әлем чемпионатында алтын, күміс және қола медальдарды жеңіп алды. Жеке және командалық есепте үздік атану үшін бұл жарысқа 26 елден келген 1200 спортшы қатысқан.
2017 жылы Финляндияның астанасы Хельсинкіде QazFinnTec жасыл технологиялар бойынша қазақ-фин орталығы ашылды. Жекелеген фин компанияларының, ҚР-ның Хельсинкідегі Елшілігінің қолдауымен экономикалық дипломатия аясында құрылған орталық фин технологиясын пайдалана отырып, Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жалпы, мәселе жаңартылған энергия көздерін пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды биогазға айналдыру, ақпа суларды тазарту мен өзгеде салаларды қамтып отыр.
2017 жылы қазақстандық оқушы алғаш рет АҚШ-тың National Honor Society — Ұлттық құрмет қоғамының мүшесі атанды. Бұл Америкада үздік оқушыларды біріктіретін мектеп ұйымы. Нью-Джерси штатындағы 12-сынып оқушысы Дана Бижанова бұл құрметке оқудағы жетістіктері, көшбасшылық қасиеттері және волонтерлік қызметі үшін лайықты деп танылды.
2019 жылы Атырау қаласында Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығы ашылды. Бұл заманауи білім беру орталығы жас ұрпаққа қажетті кәсіби білім алуға және еліміздің игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік береді. Жоба авторлары атап өткендей, мұндай орталықтар ТМД елдерінде тек Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен «Иннополис» университетінде орналасқан. Бірақ Атыраудағы орталық заманауи технологиямен жабдықталу тұрғысынан әлдеқайда басым түседі.
2021 жылы елордада «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жастар форумы өтті. Өткен форумның маңызды бөлігі 2041 жылғы болашақ ұрпаққа Жолдауы бар криптокапсуланың іске қосылуы болды. Бұл криптокапсула Қазақстан тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай ашылады деп жоспарлануда. Оны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жастарының өкілдері атынан математика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы Сұлтанбек Байжанов іске қосты. Криптокапсуланы жас стартапер Тимур Рысбеков арнайы әзірлегенін атап өткен жөн.
2021 жылы Ақтауда Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ашылу салтанаты өтті. «Кітап бар жерде рухани өмір бар. Біз көшпелі халық болсақ та кезінде ауыз әдебиетімен қатар жазба әдебиеті де болған. Орхон-Енисей жазбаларымен Отырар кітапханасын бабаларымыз бізге мұра етіп қалдырған. Кітап — адамның рухани қазынасы. Ол солай болып қала береді. Адам тәнін ғана емес, жанын да байытуға ұмтылады. Көзқарасын, түсінігін, ой-өрісін кеңейтуге осы 500 мыңнан астам кітаппен арнайы кабинеттердің ықпалы зор болады деп ойлаймын», — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
2024 жылы Алматыда XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі ашылды. Қазақстан мен Орталық Азия үшін мәдени брендке айналған бұл бірегей форум 15-тен астам елден келген шығармашылық топтардың басын қосты. Фестиваль аты аңызға айналған Шәкен Аймановтың 110 жылдығына және «Қазақфильм» студиясының 90 жылдығына арналған. Іс-шара барысында көрермендер Оңтүстік Кореядан Аустрияға дейінгі үш құрлықтан келген 12 көрнекті фильмді көрді.