24 қазан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 24 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда кітапханашы күні

2022 жылдың қазан айында Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының мереке күндерінің тізбесіне толықтыру енгізілді, оған сәйкес 24 қазан – Кітапханашылар күні болып белгіленді. Бұл күн Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға өз үлесін қосып келе жатқан, көп ғасырлық кітапхана ісінің дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазақ кітапханашыларының еңбегін құрметтеу және тану белгісі ретінде белгіленді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы күні

БҰҰ Жарғысының 1945 жылдың 24 қазанында күшіне енуіне орай, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылғы 31 қазандағы № A/RES/168 қарарымен бекітілген. Мейрамның басты мақсаты – әлемдік қоғамдастықты Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары және жетістіктерімен таныстыру, сондай-ақ БҰҰ-ның түрлі елдердегі қызметін қолдауды жандандыру.

Бүкіләлемдік полиомиелитке қарсы күрес күні

Ондаған жыл бұрын «Ротари Интернэшнл» халықаралық үкіметтік емес ұйымының бастамасымен құрылған. Бұл дата кездейсоқ таңдалған жоқ: ол полиомиелитет – балалар ми жұлынының сал ауруына қарсы алғашқы екпені жасап шығарған америкалық эпидемиолог және вирусолог Джонас Солктың туған күніне орайластырылған.

Дүниежүзілік даму туралы ақпарат күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы 1972 жылы 19 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне арнап, құрған. Дүниежүзілік даму туралы ақпарат күнінің мақсаты – қоғамның назарын даму мәселелеріне, сондай-ақ аталмыш мәселелерді шешу үшін әртүрлі елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелеріне аудару.

Халықаралық дипломаттар күні

Барлық елдің дипломаттарына арналған халықаралық мерекені белгілеу идеясын Ресей, Непал және Бразилияда дипломат болған Үндістан Сыртқы қызметінің офицері және ақын, Абхай К. лақап атымен танымал Абхай Кумар ойлап тапқан. Ол дипломаттардың қажырлы еңбегін, олардың әртүрлі мәдениеттерді біріктіруге қосқан үлесін және олар мен олардың отбасылары әлемді жақсы орынға айналдыру үшін жасаған құрбандықтарын атап өткісі келді.

Қарусыздану апталығы

1978 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының қарусыздану жөніндегі арнайы сессиясының және Дүниежүзілік бейбітшілік кеңесінің шешіміне сәйкес жыл сайын 24-30 қазан аралығында аталып өтеді.

Байқоңыр ғарыш айлағында қаза тапқан сынақшыларды еске алу күні

1960 жылы осы күні М.Янгел құрастырған жаңа континентаралық баллистикалық Р-16 зымыранын сынау кезінде апатты жағдай болды. Жанармай құйылған зымырандағы электрлік сынақтар жүргізу кезінде 2-ші сатыдағы қозғалтқыштар рұқсат етілмеген күйде іске қосылды. Өрт және жанармай компоненттерінің буымен улану салдарынан 76 әскери қызметші мен өнеркәсіп өкілдері қаза тапты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Риддерде «Жұмысшы» газетінің алғашқы нөмірі мемлекеттік тілде жарық көрді. 1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының негізі қаланғаннан кейін бұл газет өңірлік мәртебеге ие болды. Кеңес одағы кезінде басылым «Коммунизм туы» деп аталды. Бүгінде 20 мың таралыммен шығатын «Дидар» газеті деп аталады.

2009 жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде Абылай хан атындағы экспозиция кешені ашылды. Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға Бурабайдағы Абылай хан мұражайының бір қабырғасына безендірілді. Абылай хан алаңындағы айтулы кешен тақырыптық жазулардан, «Әскери кеңес» сәулет композициясынан, ақпараттық стендіден тұрады. Игілікті істің ұйтқысы болған – ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы. Кешен кең көлемді, танымдық, идеологиялық және отансүйгіштік рухтағы тәрбиелік жұмыстарды атқаруды көздейді. Сонымен қатар жас буынды Қазақстанның бай тарихынан, мәдениетінен хабардар етіп, өңірде туристік кластерді кеңінен өрістетуге бағытталған.

2011 жылы Қазақстанда ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ювеналды сот ісі енгізілді. Бүгінгі таңда біздің тәжірибемізді халықаралық ұйымдар мен ТМД елдерінің өкілдері белсенді түрде зерттейді.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстанның Қызыл кітабынан 500 теңгелік «proof» сапасындағы күмістен жасалған және 50 теңгелік «proof» сапасындағы алтын мен күмістен жасалған «Банкноттағы портрет» сериясынан «Шоқан» монеталарын айналымға шығарды.

2014 жылы ҚР мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатында қазақ киносының классигі Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған деректі фильм таныстырылды. Фильм авторлары сирек кадрларға қол жеткізу үшін Қазақстан мен Ресей мұражайларының жәдігерлерін ақтаруға тура келгенін айтады.

2018 жылы Алматыда «Қазақстан руханияты мен мәдени ескерткіштерінің энциклопедиясы» жарыққа шықты. Бұл – білім саласын дамыту, еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен тиімді пайдалану, Қазақстан халқының рухани дамуын қамтамасыз ететін алғашқы энциклопедия.

2019 жылы Женевада БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктерді жою жөніндегі комитетінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою жөніндегі конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндама қорғалды. БҰҰ сарапшыларының назарына Әйелдердің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы, әйелдерді кемсітумен күресудегі рөлін жоғарылату бойынша ҚР Үкіметі, Парламенті және үкіметтік емес секторлардың ортақ қабылдаған амалдары туралы баяндама ұсынылды.

2019 жылы Астана қаласында Беларусь Республикасы Елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Этникалық бейнесі мен кең функционалды мүмкіндіктері бар Беларусь елшілігінің жаңа заманауи кешені әкімшілік ғимараттан тұрады. Онда қабылдау залы, конференц-зал, келіссөздер бөлмесі, қызметкерлердің кабинеттері, кітапхана, сондай-ақ тұрғын үй бар, тұрғын үйде 10 пәтер, 2 қонақ үй бөлмесі, жерасты паркингі және Беларусь Республикасы Елшісінің резиденциясы қарастырылған.

2020 жылы екі қазақстандық кинокартина «Киношок» XXIX ашық кинофестивалінде бес марапатқа ие болды. Ең үздік толықметражды фильм аталымын Ернар Нұрғалиевтың «Жаным, ты не поверишь» картинасы алды. Бұдан бөлек, аталған фильм ең үздік сценарий және пресса дипломы наградаларымен марапатталды.

2021 жылы Павлодар ғалымдары Қимақ қағанаты кезінен жақсы сақталған қорымды тапты. Оның үстіне, ол өте үлкен және бірегей болып саналады. Археологтер атқа мінген жауынгердің мүрдесін және қимақ ақсүйектер өкілі жерленген орынды тапты. Табылған заттар 9-11 ғасырларға жатады және мамандардың пікірінше, оның ғылыми құндылығы жоғары.

2023 жылы Республика күні қарсаңында отандық суретшілер «Қазақстанның халық әртісі» сыйлығын алды. Олардың қатарында Димаш Құдайберген де болды. «Қазақстанның халық әртісі» атағы көрнекті отандық мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Дінмұхамед Ахимов, Михаил Токарев, Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзембаевқа, белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді.

2024 жылы Татарстанда қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың бюсті ашылды. Оқиға Қазақстан Президентінің БРИКС 16-шы саммитіне қатысу үшін Қазанға жұмыс сапары аясында болды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев. Көрнекті ойшылдың ескерткіші Қазан қаласындағы Качалов көшесінде орнатылған.

2024 жылы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде әнші Димаш Құдайбергеннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Димаш: әлемді бағындырып» атты көрме ашылды. Онда 140-тан астам экспонат, оның ішінде оның жеке заттары, марапаттары, концерттік костюмдері және жанкүйерлерінің сыйлықтары бар. Көрмеде сонымен қатар актер Джеки Чан сыйға тартқан күртешесі, музыкалық аспаптар мен қолөнер бұйымдары қойылған.

2024 жылы қазақстандық сериал Netflix-тің Monsters-імен қатар Кандағы бір рейтингке енді. Unico Play онлайн-кинотеатрының жастарға арналған TWO қазақстандық сериалының трейлері әлемдегі ең беделді кинонарықтардың бірі MIPCOM-да көрсетілді. Қазақстандық жоба Fresh TV бөлімінде Netflix, STUDIOCANAL және Beta Film сияқты әлемдік индустрия көшбасшыларының туындыларымен қатар көрсетілді. Бұл – қазақ киносының тарихындағы осы бөлімде көрсетілімге іріктеліп алынған алғашқы жоба.