Ғалиасқар САРЫБАЕВ, Қазақстанның мемлекеттік қайраткері
1963 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келген. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, инженер-конструктор (1985); Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, заңгер.
Еңбек жолы: Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор (1985-1986); Сарыөзек-Алматы темір жолы локомотив депосы комсомол комитетінің хатшысы (1986-1988); Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бірінші хатшысы (1987-1991); Кербұлақ аудандық партия комитетінің кеңесшісі (1991); халық депутаттары Кербұлақ аудандық Кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің ассистенті (1991-1992); Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы әкімшілігі басшысының көмекшісі (1992-1993); Кербұлақ ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры (1993-1994); Кербұлақ аудандық тілдер бөлімінің меңгерушісі (1994-1995); Кербұлақ аудандық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы (1995-1996); Кербұлақ ауданы әкімі аппаратының бас маманы, бөлім меңгерушісі (1996-1999); «Отан» ҚБ Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, «Тұмар» сақтандыру компаниясының вице-президенті (1999-2001); «Тоқсын Құлыбекұлы атындағы жастардың ғылым мен мәдениеттегі шығармашылығын қолдау» қоғамдық қоры директорының орынбасары, Алматы (2001); «Жаса Фирма» ЖШС банкроттық жөніндегі басқарушысының орынбасары, Талдықорған қ., ҚХАСК Самал (2001-2002); Алматы облысы бойынша ақпаратты басқару басқармасының бас маманы, басшысы (2002-2004); Алматы облысы Ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы, директорының орынбасары (2005-2011); Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары (2011-2015); Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы (2015-2016); Алматы облысы Кербұлақ ауданының әкімі (2020-2022); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жетісу облысынан сайланған депутаты (2023-2026).
Мұрат ҚАБДЕНОВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы
1969 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Шымкент педагогикалық институтын (1992), Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін (1996) бітірген.
Арнайы атағы: Полиция генерал-майоры.
Еңбек жолы: Шымкент қаласы Ішкі істер басқармасы ҚІБ жедел уәкілі (1992-1993); Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасының аға жедел уәкілі, бөлімше бастығы, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, бөлім бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы МТКБ бастығының орынбасары (1993-1997); Оңтүстік Қазақстан облысы БІІБ ұйымдастырушылық-әдістемелік және КПҚ шетелдіктермен жұмыс жөніндегі басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығы (1997-1999); Сарыағаш ауданы Ішкі істер басқармасы полиция бөлімінің бастығы (1999-2001); Шымкент қаласы 1-полиция бөлімінің бастығы (2001-2003); Ақмола облысы БІІБ бастығының орынбасары (2003-2005); Батыс Қазақстан облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары (2005-2007); Батыс Қазақстан облысы ІІД-нің бастығы (2007-2009); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы (2009-2011); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитеті төрағасының орынбасары (2011-2012); Павлодар облысы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (Қаржы полициясы) департаментінің бастығы (2012-2014); ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі (2014-2017); ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы (2017-2022 жж.); Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы (2022-2026).
Қазіргі лауазымын 2026 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.
Арман МУХАТОВ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Басқармасының мүшесі, Басқарушы директоры
1970 жылы дүниеге келген. Алматы энергетика институтын «Өнеркәсіптік қондырғылар мен технологиялық кешендерді автоматтандыру» (1992); және Халықаралық бизнес университетін «Өмірді сақтандыру және актуарлық есептеулер» (2003) мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Қазақ ауыл шаруашылығы институтында электротехника кафедрасының ассистенті (1992); «Акцепт» ШК коммерциялық директоры (1992-1993); «Фирма Акцепт» ЖШС коммерциялық директоры (1993-1995); «Акцепт-Электроника» ЖШК директоры (1995-1996); «Акцепт-Электроника» ЖСАҚ департамент директоры (1996-1997); «Акцепт Фреш» ЖШС директоры (1997-1999); «Пана Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» ЖАҚ президенті (1999-2005); «Пана Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының қаржылық мәселелер жөніндегі орынбасары (2005-2007); «Lancaster Securities» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры (2009-2011); «Сырымбет» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры (2010-2013); «Қазақмыс» сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (2013-2015); «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры (2013-2016); «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, басқарушы директоры (2018-2021).
Хасен ӨЗДЕНБАЕВ, жазушы, аудармашы, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері
1904 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Орынборда мұғалімдер даярлау курсын (Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтардың дәрісіне қатысқан), Мәскеуде облыстық газет редакторларын даярлау курсын, Қостанай мұғалімдер институтын бітірген.
1920-1928 жылдары кеңес заң органдарында қымет істеді, 1928-1973 жылдары баспалардың редакторы болды. Әдеби қызметін 1929-1930 жылдары бастады. 1937 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан өңірінде шығып тұрған газетке редактор, бір жылдан соң партиялық баспаның бас редакторы болды. Ал содан жарты жыл өткенде халық жауы ретінде партия қатарынан шығарып, контрреволюциялық қызметі үшін қамауға алады. Басқа да түрлі айыптаулар тағылып, 1938 жылы сотталып, 1941 жылға дейін түрмеде отырып шықты. Ол сотталып шыққаннан кейін ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ ақпарат агенттігінде (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА, биыл агенттікке 102 жыл толып отыр) қызмет етті.
Қостанай округтік «Ауыл» газетінде фельетондары, очерктері жарияланды. М. Алексеевтің «Большевиктер», М. Шолоховтың «Көтерілген тың», «Тынық Дон», И. Гончаровтың «Обломов», О. Бальзактың «Шегірен былғары» романдарын, П. Мерименің, И. Вазовтың әңгімелерін қазақшаға аударды. Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романын Н. Кузьминмен бірге қазақ тілінінен орысшаға аударды, А. Мұхтардың «Апалы-сіңлілер» романын өзбекшеден, Ә. Еникидің «Айтылмай қалған өсиет» повесін татаршадан тікелей қазақшалады. «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.