ЕСІМДЕР
72 жыл бұрын (1946) кино актрисасы, Ресейдің халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО Ленин Комсомолы сыйлығының иегері АРЫНБАСАРОВА Наталья Өтеуліқызы дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. Мәскеу хореография училищесін, Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік факультетін бітірген. 1964 жылы «Қырғызфильм» киностудиясы түсірген «Алғашқы мұғалім» фильмінде басты рөл - Алтынайды ойнап, кинодағы жолын бастайды.
1966 жылы Венецияда өткен халықаралық кинофестивальде осы рөлі ең үздік әйел бейнесін жасағаны үшін берілетін жүлдеге ие болды. 1969 жылы «Мәншүк туралы ән» және «Жәмила» фильмдерінде басты рөлдерді сомдады. Актриса «Көл жағасында», «Нан дәмі», «Қаралы сұлу», «Сүйрік», т.б. фильмдерге түскен.
65 жыл бұрын (1953) Еуразиялық паллиативті көмек қауымдастығының вице-президенті ПЕТУХОВА Надежда Михайловна дүниеге келді.
Украинадағы Луганск облысының Попасная қаласында туған. Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген. Педиатр-дәрігер. Институт бітіргеннен кейін 1977 - 1981 жылдар аралығында Целиноград қаласының №1 балалар ауыруханасында учаскелік педиатр-дәрігер. 1981 - 1984 жылдары Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімінде дәрігер инспектор болып істеді. 1981 - 1984 жылдары - Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімі емдеу-профилактикалық секторының бастығы. 1988 - 1994 жылдары - Целиноград облыстық денсаулық сақтау бөлімінің туу кезінде көмек көрсету және балалық шақ бойынша меңгерушісінің орынбасары. 1994 - 2012 жылдары «Астана қаласының №1 қалалық балалар емханасы» МҚКК бас дәрігері. 2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. Қазіргі қызметінде 2017 жылдан бері.
«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» және «Алтын дәрігер» омырау белгілерімен марапатталған.
55 жыл бұрын (1963) «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары САРЫБАЕВ Ғалиасқар Төлендіұлы дүниеге келді.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясын бітірген. Мамандығы бойынша - механик, заңгер. Еңбек жолын В.И. Ленин атындағы Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор болып бастаған. Әр жылдарда Кербұлақ аудандық комсомол комитетінде және жергілікті атқару органдарында жауапты қызметтерде болды. Кейін Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, бөлім бастығы, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2011 жылдың мамырынан - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылдың мамырынан - Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды.
Қазіргі қызметінде - 2016 жылдың мамырынан.
53 жыл бұрын (1965) физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры РАХМЕТОВ Нұрлан Құсайынұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде оқытушылықтан бастаған. 1990-1996 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Математика және механика институтының кіші ғылыми қызметкері, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1996-1998 жылдары - «Бутя» компаниясының бөлім бастығы, қаржы директоры. 1998-2002 жылдары - «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігі талдау және табыстарды болжау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің вице-министрі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің вице-министрі. 2003-2004 жылдары - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ және «Intergas Central Asia» ЖАҚ-ның бас директорының орынбасары. 2004-2006 жылдары «ҚазМұнайГаз»ҰҚ» акционерлік қоғамының қаржы және экономика жөніндегі басқарушысы. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан «Самұық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры. 2011-2014 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры - Басқарма мүшесі. 2014-2016 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының қаржы директоры - Басқарма мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2016 жылдан бері.
ҚР Президентінің және Премьер-Министрінің алғысхаттарымен марапатталған.
9 ғылыми мақаланың авторы.