24 маусымға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің оңтүстік бөлігінде антициклон тарамдарының ықпал етуімен ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде, жекелеген аудандарда жел күшейеді.

Қазақстанның қалған аймақтарында атмосфералық ағымдардың ықпалы сезіліп, кей жерлерде жаңбыр жауады, найзағай ойнап, жел күшейеді. Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, күндіз Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында жекелеген аудандарда желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында шаңды дауыл тұрады.

Болжам бойынша, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында кей жерлерде қатты ыстық күтіледі.

Жекелеген аудандарда жоғары өрт қаупі сақталмақ.