24 сағат жұмыс істейді - Илон Масктың анасы ұлы туралы айтты

Фото: Фото: politico

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Орталық Азия әйелдерінің форумында Мэй Маск табысты бала тәрбиелеудің құпиясын бөлісті.

Мэй Маск Республика сарайында отырған 3 мың көрерменнің көкейіндегі сауалға жауап берді. Айта кетейік, мәртебелі мейманның екі ұлы, бір қызы бар. Олар - Илон Маск, Кимбал Маск және қызы Тоска Маск.

Илон Маск - кәсіпкер (SpaceX, Tesla). Кимбал Маск – ресторатор. Тоска Маск - кинорежиссер және Passionflix негізін қалаушы.

«Мен балаларымды мақтан тұтамын және олардың таңдауына араласпауға тырысамын. Олардың әрқайсысы өмірде өз жолын тапты. Кимбал бизнес саласы бойынша білім алды. Тоска киноны жақсы көрді және киноиндустрияда болуды армандады. Біз оның заңгер болғанын қаладық, бірақ ол романтик әйелдер туралы фильм түсіргісі келетінін айтты. Біз Илонды мақтан тұтамыз. Ол әлемге көп жақсылық жасайтын тұлға. Оны әрдайым қолдаймыз, бірақ оның орнында болғымыз келмейді. Өйткені, қауіп көп. Түнгі сағат 12-де барлық әріптестерін жинап, жиналыс өткізеді. 24 сағат жұмыс істейді. Еңбегінің нәтижесін көріп жүрсіздер», - деді Мэй Маск.

Сонымен қатар, Мэй Маск Илонға қатысты бір оқиғаны айтып берді.

«PayPal-ды сатқаннан кейін, Илон менен енді немен айналысайын деп сұрады. Зымырандар, электромобильдер немесе күн энергиясы. Анасы ретінде оған біреуін таңдап, аздап демалуға кеңес бердім, өйткені ол көп жұмыс істейді. Бірақ, көріп отырғандарыңыздай, ол мені тыңдамады және осы үш бағытты да таңдады», - деп бөлісті Мэй Маск.

Осыған дейін 76 жастағы канадалық-оңтүстік африкалық модель Қазақстанға келгеніне өте қуанышты екенін жеткізген еді.