24 сағатты 28 сағатқа қалай айналдыруға болады — Сарапшылар кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Бір күнге 28 сағатты сыйдыруға болады. «Бүгін LIVE» жобасының кезекті санына қонақ болған сарапшылар дәл осылай дейді.
Тайм-менеджмент және жоспарлау бойынша маман Әйкерім Оңдасова уақытын басқара алмайтын адам өмірін де басқара алмайтынын айтады.
— Уақыт — біздегі ең қымбат емес, бағасыз ресурс. Сондықтан өз уақытыңызды дұрыстап жоспарлап, өміріңізді рахаттанып өткізу үшін тайм-менеджмент — ең қажетті құрал. Ең бірінші — өзіңізді жақсы білуіңіз керек. Сіз уақыттан не сұрайсыз? Өміріңізді қалай өткізгіңіз келеді? Әр адам тайм-менеджментті өзіне ыңғайлап жасайды. Негізінен әлемде 60% адам ұйқыны жақсы көреді. Жетістікке жеткен адамдардың көбі кеш тұратын адамдар. Бірақ өзі кеш тұрса да, соны жақсы әдеттер арқылы тиімді қолдана білетіндер бар. Мысалы, күндізгі 1-2-ге дейін ұйықтайтын адамдар бар. Олар ұйқысынан тұрған уақыттан бастап не істейтінін алдын ала жоспарлау керек. Ұйқыдан тұрған кезде-ақ не істейтініңізді білсеңіз, күніңіз өте жемісті өтеді, — дейді маман.
Әйкерім Оңдасова 24 сағатты қалай 28 сағатқа айналдыруға болатынын жеткізді.
— 24 сағатты қалай 28 сағат жасау керек? Энергияңызды босқа құртпаңыз. «Менің энергиям қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ қойыңыз. Мысалы, мүмкін бір агрессияларға, бос сөздерге, уайымға құртып жатқан шығарсыз. Оның бәрі — энергия. Өзіңді біреумен салыстыру да — энергия. Сондықтан сол энергиялардың бәрін жинап алып, жақсы бағытта жұмсасаңыздар, сіздердің сағаттарыңыз өзінен өзі көбейе береді, — дейді ол.
Ал Google компаниясының агенті Нұржол Табиғат тайм-менеджментте ең басты мәселе — ресурсты дұрыс жұмсау деген пікір білдірді.
— Алдымен көп уақыт алмайтын және жылдам орындалатын тапсырмаларды орындау керек. Одан кейін тапсырмаларды приоритеттеп, алдымен маңыздыларын жасау қажет. Кейде көп ауыр тапсырмаларды үйіп алмай, кезекпен күніне 2 үлкен тапсырма орындау жеткілікті. Ал бұл тапсырмаларды орындаудың алғышарты — ол, әрине, дұрыс мақсат қою. Және ол мақсатқа жету үшін дұрыс ресурстармен өзіңді қамтамасыз ету. Бұл — ең бірінші мәселе. Себебі қаншалықты дұрыс мақсат қойып, қаншалықты уақытты жоспарлағанмен, ресурс сәйкес келмесе, ол жұмыс ұзаққа созылып кетеді. Сол себепті, ресурсты дұрыс жоспарлау өте маңызды, — дейді Google компаниясының агенті.
Нұржол Табиғат күніне небәрі 3-4 сағат жұмыс істейді. Бұл оның материалдық қажеттіліктерін толықтай өтеуге жеткілікті екен.
— Ең бірінші — дұрыс мақсат қою керек. Ол мақсатқа жету үшін дұрыс ресурспен өзіңізді қамтамасыз етсеңіз, аса бір көп уақыт жұмыс істеудің қажеті жоқ. Көп жұмыс істесеңіз, өзіңізді қинап алуыңыз мүмкін. Мотивация жоғалуы мүмкін. Кейін адамның түйсігі сол жұмысқа деген негативті көзқарас қалыптастырады, — дейді Нұржол.
Студия қонағы тайм-менеджмент әр ұлттың менталитетіне де сай келуі керектігін айтады.
— Батыс пен Шығыс елдерінің менталитеттері әртүрлі болғандықтан, біздің кітапта оқитын барлық методика бізге сәйкес келе бермейді. Сондықтан біздің әдет-ғұрыптарымызды да ескеру қажет. Мен «Гипс рефлексиясы» деген методиканы көп қолданамын. Ол — Гипс деген британдық ғалым. Ол кісінің алға тартқан басты мәселесі — проблеманың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеу. Ол қайталанбау үшін. Сол мәселеге мен көбірек көңіл бөлемін. Маған ұнамаған нәрселердің тізімін анықтап, оның себебі неде, не үшін ондай жағдай болды — соны анықтап, келесі жолы қайталанбау үшін мәселенің алдын аламын, — дейді маман.
Блогер Жазира Омарова да 5 баламен қоса өзге шаруаларына үлгеру үшін тайм-менеджмент техникаларын қолданады екен.
— Төртінші баламды дүниеге әкелген соң, жұмыстарымды бітіруге уақытым жетпей бастады. Сол кезден бастап мен уақытты қалай үнемдеу керегін іздене бастадым. Түрлі системаларды өзімнен өткіздім. Арасында ең ұнағаны — көп адам көзге іле бермейтін әйелдерге арналған тайм-менеджмент тақырыбы. Ол — «Флай Леди» деген жүйе. Авторы — америкалық Марла Силли. Сол жүйе маған өте көмектесіп, мен өз өмірімді айтарлықтай жүйеге келтірдім. Тайм-менеджментке арналған көп кітап көбіне жұмыс істейтін ер адамдарға арналған сияқты болып көрінді. Ал әйел адамның бала тәрбиесі, үй шаруасы — оның бәрін бірге алып жүру оңай емес. «Флай Леди» жүйесі әр әйел адамның шаруасына егжей-тегжейлі тоқталады. Ол арқылы сіз барлық әдеттеріңізді өзгертесіз, — дейді блогер.
Көп балалы ана өзінің уақытын қалай үнемдейтінін айтып берді.
— Мысалы, таңертең тұрғанда біз мән бермесек те, автоматты түрде тісімізді тазалаймыз. Сол сияқты үй шаруасын да автоматты түрге ауыстыруға болады. Мысалы, жуынып тұрып қол жуғышты сүртіп жіберуге немесе кешке шәйнекті суға толтырып қоюға болады. Ол көп уақытты алмайды. Бірақ таңертең оянғанда келіп, түймесін баса саласың. Есесіне, таңертең тұрғанда ас үйіңіз тап-таза тұрады. Көңіл күйіңіз де өзгереді. Негізі бұл системаның ең бірінші айтары — ол үй шаруасына деген көзқарасыңды өзгерту. Біз үй шаруасы бітпейді деп ойлап үйреніп қалғанбыз ғой. Сол үшін жұмысты бастамай жатып көңіл күйіміз түсіп тұрады. Ал бұл тәсілмен әр істеген ісіңді үлкен ыждаһаттылықпен істейсің. Маған қатты ұнайтын тәсілдің бірі — үй тірлігін бастамас бұрын аяғыңа баулы аяқ киім кию. Бұл сені фокуста ұстап тұрады, жинақылыққа үйретеді. Яғни аяқ киім киіп жүріп, жұмысты тастап жата қалмайсың, отыра салмайсың. Ол — сенің есіңе үнемі жұмысың бар екенін, алдыңа қойған мақсатыңның барын салып тұрады. Солай уақытты үнемді пайдалану керек, — дейді Жазира Омарова.
Еске сала кетейік, өткен жолы «Бүгін LIVE» бағдарламасының қонақтары әке болудың лайфхактарымен бөліскен еді.
Одан бөлек, мамандар дарынды баланы қалай тәрбиелеу керектігін де айтты.