24 шілде. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 24 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық өзін-өзі күту күні
2011 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Ол 24 шілдеде адамзатқа өз денсаулығына қамқорлық жасаудың маңыздылығын мүмкіндігінше түсіндіру мақсатын көздейтін осы өзімен аттас қордың бастамасымен атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1824 жылы Орал қаласындағы «Хан тоғайында» Жәңгір Бөкейұлы хан болып жарияланды.
1944 жылы Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесі «1944 жылы қазанның 1-де «Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы» қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И. Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
2001 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы Еменді бақта жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
2007 жылы Павлодарда қазақтың кәсіпқой халық аспаптар оркестрі құрылды. Ұжым репертуарында ұлттық және шетелдік композиторлардың туындылары бар.
2007 жылы Бейжіңде ҚХР ұлттар iстерi жөніндегі комитетінің баспаханасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» атты әңгімелер жинағы қазақ (төте жазу) және қытай тілінде жарық көрді.
Тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Қытайдың және Шыңжаң Жазушылар одағы, Қытай ұлттық университеті, ҚХР ұлттар iстерi жөніндегі комитеті Аударма бюросының, Қытайдың орталық радиосының және тағы да басқа медиа құрылымдарының өкілдері қатысты.
2009 жылы Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы жаңа заманауи Мұз айдыны сарайы пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешенінің көлемі 1800 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр, онда жаттығулармен қатар командалық жарыстар өткізіледі.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова (1922-2008) – қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Атырау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында соғыс ардагері, ұшқыш қыз Хиуаз Доспановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Атырау қаласында ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген.
2009 жылы Американың Нью-Порт қаласында (Род-Айленд штаты) АҚШ-тағы ең беделді әрі әлемдегі ең ірі музыка фестивалі өтті. Оған қазақстандық белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев қатысты. Әлем жұртшылығына өзін тек қазақстандық музыкантпын деп таныстыратын скрипкашы Нью-Портта Сезар Франк, Рихард Штраус, Карл Дженкинс шығармаларымен қатар қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың «Поэмасын» да орындады.
2010 жылы Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Прагадағы XIV дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінде (World festival of puppert art-Prague 2010) Гран-при иегері атанды. Қазақстандық ұжым «Үздік театралдық безендіру (декорация) мен қуыршақ дизайны» аталымында үздік атанды. Байқауға қатысуға 217 өтініш білдірілді. 27 елден 38 үміткер қатысты. Алматылықтар «Қаңбақ шал» ертегісінің желісі бойынша қойылым қойды.
2010 жылы Өскеменнің Комсомольский аралында орналасқан мемориалдық музей-кешенінде «Буйническое поле» Беларусь мемориалынан топырақ салу салтанатты рәсімі өтті. Беларусьта жерленген көптеген сарбаздар арасында қазақстандықтар, Совет Одағының батырлары: Абдулла Жанзақов, Қазыбек Нұржанов, Ыдырыс Өргеншібаев, Василий Чеботарев, Федор Озимитель, Сүндетқали Есқалиев бар.
2014 жылы 10 адамнан тұратын бір топ қазақстандық Шоқан Уәлиханов жүріп өткен бағыт бойынша экспедицияға шықты. Мақсат – Шоқан Уәлихановтың бағытын зерттеу. Экспедицияға қатысушылар Махмұд Қашғари мен Жүсіп Баласағұн жерленген жерлерде болды. Экспедиция нәтижесі бойынша фотоальбом-кітап жарияланды. Экспедиция бағытының қашықтығы 6 000 км құрады: Үрімжі - Қарашаһар - Қорла - Кучар - Ақсу - Қашқар - Артуш- Янгисар - Жаркент - Қағалық - Хотан - Қашқар - Тұрағат - Нарын - Таш-Рабат- Бішкек.
2017 жылы ұлы опера әншісі және дирижер Пласидо Домингоның ұйымдастыруымен әлемдегі ең танымал «Опералия» вокалшылар конкурсы алғаш рет Қазақстанда Astana Opera сахнасында өтті. Оған 18-32 жас аралығындағы кез келген әнші қатысты. Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 40 талантты вокалшы келді. Жалпы сыйлық қоры 180 000 долларды құрайды.
2019 жылы «Kolkata Shorts International Film Festival» VIII халықаралық кино фестивалінде қазақстандық режиссер Камилла Абдельдинованың «Дәм түсі» қысқаметражды деректі фильмі «Үздік деректі фильм» атанды. «Дәм түсі» фильмі «Қазақстанның түркі халықтары» циклына кіреді. Бұл картина Қазақстанда тұратын көпұлтты түркі этностарына арналған.
2020 жылы жапондық әнші Ранка «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде орындап, қазақстандықтарды қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығымен құттықтады. Музыкалық композицияның дәстүрлі жапон аранжировкасы «кото» ұлттық шертпелі аспабының дыбысталуымен «Zerosta» продюсерлік компаниясымен шығарылды. Әннің сөзін жапон тіліне «Wako» университетінің профессоры, қазақ халқының фольклорлық-мифологиялық мұрасы туралы бірнеше кітаптың авторы Хироки Сакаи аударған.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары аясында «ҚазАқпарат» ХАА мен «Сауд ақпарат агенттігі» арасында ақпарат саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
2023 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясынан 125 JYL TEMIRBEK JÚRGENOV коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монеталар Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналып шығарылды.
Жүргенов Темірбек – Қазақстанның тұңғыш Білім министрі, соның арқасында 1934 жылы Қазақстанда және бүкіл Орта Азияда алты ірі университеттің құрылысы басталды.
TEMIRBEK JÚRGENOV.125 JYL монеталар MN 25 қорытпасынан жасалған, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, тамаша айналымсыз өңдеу, номиналы 100 теңге, таралымы 10 000 дана.