24 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
24 желтоқсан, ЖЕКСЕНБІ
Ливияның тәуелсіздік күні
1951 жылы бұл күні Ливия король І Ыдырыстың басшылығымен конституциялық монархия ретінде тәуелсіздігін жариялады. Ол БҰҰ шешімімен тәуелсіздік алған алғашқы ел болды, сондай-ақ Африка құрлығындағы алғашқы тәуелсіз мемлекеттердің бірі.
Албания Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні (1924)
Бұл ел 1912 жылғы 28 қыркүйекте тәуелсіздігін алды. 1946 жылғы 11 қаңтарда Албания халықтық республика болып жарияланды. 1976 жылғы Конституцияға сәйкес, Албания Халықтық Социалистік Республика деп атауын өзгертті. Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы 21 қыркүйекте орнатылды.
Анкарада халықаралық сувенирлер күні
Әр жылы желтоқсанда өтеді, бір аптаға созылады. Алғашқы жәрмеңке Анкарада 2004 жылы өтті. Шара Түркия астанасында орналасқан Ататүрік мәдени орталығында ұйымдастырылады.
ЕСТЕҚАЛАРОҚИҒАЛАР
1944 жылы Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында алғаш рет «Абай» операсы қойылды. Либреттосы - М.Әуезовтікі, музыкасы - А.Жұбанов пен Л.Хамидидікі, режиссері - Қ.Жандарбеков. Либреттоға ақын өміріндегі драмалық оқиға арқау болған. Музыкалық шешімінің әуезділігі, халықтың ән мұрасымен ете байланыс, кәсіби опера өнерінің жетістіктерін ұлттық операда тиімді пайдалану шығарманың табысы болып саналады. Операға Абай әндері сәтті енгізілген. Ақын бейнесін ашуға философиялық мазмұны терең «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қай талқы» секілді әндер алынған.
1998 жылы Қазақстан Республикасының «Отбасы және неке туралы» Заңы жарияланды.
1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы С.А.Терещенко мен Армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Э.А.Тер-Погосян Бейбітшілік және рухани келісім президенттік сыйлығының лауреаттары атанды.
2002 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Бейжің университетінің құрметті докторы ғылыми атағы берілді.
2004 жылы Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 шаршы метр. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.
2007 жылы Алматыда бірінші «Құлагер» атты ұлттық кинематография сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Қазақстан кинематографистер одағы. Оның негізгі мақсаты - Қазақстандағы кинематография саласын дамыту және осы салада жүрген азаматтарға қолдау көрсету. «Құлагер» аталымы бойынша «Үздік ер адам рөлі» үшін Нұржұман Ықтымбаев, «Үздік операторлық рөлі үшін» Борис Трошев, «Үздік дебютті фильмі үшін» Абай Құлбаев, «Үздік деректі фильмі үшін» Әсия Байқожина, «Үздік анимациялық фильм үшін» Рамиль Усманов, «Кинотану және кино сыны жұмысы үшін» Гүлнар Әбікеева, «Үздік продюсерлік жоба үшін» Ақан Сатаев марапатталды.
2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы №2 қалалық аурухананың ашылу салтанатына қатысты.
Бұл көпсалалы стационар 360 орынға арналған. Оның 205-і хирургиялық, ал 155-і терапевтік сала бойынша. Стационардың негізгі мақсаты - кешенді мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Аурухананың құрылымында 28 емдеу-диагностикалық бөлімдер жасақталған. Мұнда терапевтік, кардиологиялық, ревматологиялық, неврологиялық ауруға шалдыққан адамдар жатқызылады.
2009 жылы Ақтауда Иран Ислам Республикасының консулдығы ашылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Иран сыртқы істер министрі Фарахи Хоссейн қатысты. Бұл консулдықтың ашылуы екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға септігін тигізіп, сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді.
2009 жылы Алматы облысының Панфилов ауданындағы Головацкий атындағы кентте «Тәуелсіздік тұғыры» ескерткішінің ашылу рәсімі болып өтті. Монумент авторлары - сәулетші Талғат Жортанов пен танымал мүсінші Павел Шорохов.
2010 жылы Павлодарда Ж. Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында белгілі композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» алғашқы қазақ операсы көрермен қауымға жол тартты (1913-1960).
Екі дарынды суырыпсалма ақын Біржан мен Сараның қайғылы махаббат трагедиясын музыкалық көрсетілім қоюшысы, театрдың бас режиссері Ерсайын Тапенов ұсынды. Спектакльде 100-ге тарта әртістер мен Болат Рахымжановтың басшылығымен облыстық симфониялық оркестр өнер көрсетті.
2010 жылы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Анкараға жұмыс сапары аясында Түркия астанасындағы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін тамашалады.
Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің ашылуы теңдессіз оқиғаға айналды. Алғаш рет Түркияда шетел мемлекетінің көшбасшысына ескерткіш орнатылды. Мұндай құрметке әлемнің бірде-бір көрнекті мемлекеттік қайраткері ие болған емес.
Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш Ататүрік желекжолында Генчлик орталық саябағына кіреберіс жерге орнатылды. Бұл астана тұрғындары мен қонақтары көп қатынайтын демалыс орындардың біріне жатады.
Қазақстандық көшбасшыға арналып қоладан құйылған заңғар ескерткіш Анкараның ең төрінен орын тепті. Мүсіннің жалпы биіктігі 5 метрден асады. Гранитті тұғырдың биіктігі 2,5 метрге жетеді.
2010 жылы алматылық «RG Brands» компаниясы ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жоғары награда «Алтын сапа» ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлығының иегері атанды.
2010 жылы Парижде, Берлинде, Ташкентте шығарылатын «Жас Түркістан» және «Шолпан» журналдарының сирек жарияланымдары Астанада бір басылыммен шықты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылатын он томдықтың төртеуінің таныстырылымы өтті.
2012 жылы Мәскеу метросының жаңа «Алматы» стансасы ресми ашылды. Станса Братеево ауданында орналасқан және Замоскворецк желісіне дейінгі аралықты қамтиды.
2012 жылы Минскіде «Қазақстан мен Беларусь - 20 жыл бірге. Арасында «еуразиялық идея» ерекше орын алатын посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үрдістерді дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасына негізделген «Еуразиялық одаққа жол» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
2012 жылы Астанада Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты кітабы таныстырылды. Публистикалық кітаптың авторы Алматыда орын алған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайлы баяндайды.
2013 жылы РФ энергетика министрі Александр Новак пен Қазақстанның Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қазақстан Республикасының аумағынан Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы РФ Үкіметі мен Қазақстан Үкіметі арасындағы келісімге қол қойды. Құжатқа мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының шеңберінде қол қойылды.
2013 жылы Мәскеуде мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Оның жұмысына Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Александр Лукашенко қатысты.
Президенттер табиғи монополия саласына қатысты БЭК қалыптастырудың кезеңді жоспарын орындау жөніндегі қорытынды есепті, сондай-ақ осы салада заңнаманы үйлестіру бойынша тиісті шараларды жүзеге асыру дәйектілігін айқындай отырып, жақындастыруға жататын табиғи монополиялар саласындағы субъектілердің қызметтерін реттеу шараларын талқылады.
2014 жылы Мемлекет басшысы «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық қызметін тоқтату туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2014 жылы Алматыда Т. Жүргеновтің өмір жолына арналған «Темір нарком Темірбек» деректі фильмі таныстырылды.
2014 жылы қазақстандық спортшылар «Олимпиадалық ниеттестік» бағдарламасы аясында «Рио-2016 Олимпиада стипендиясының» иегері атанды. Конфедерация спорт түрлері бойынша Олимпиада стипендиясын боксшылар Иван Дычко, Данияр Елеусінов, Берік Әбдірахманов, Әділбек Ниязымбетов, Жәнібек Әлімханұлы, зілтеміршілер Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, грек-рим стиліндегі палуандар Алмат Кебіспаев және Нұрмахан Тінәлиев, Расул Қалиев, әйелдер күресі бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Гөзел Манюрова, дзюдошылар Максим Раков, Азамат Мұканов және Елдос Сметов, таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев алды.
Бағдарлама Олимпиадалық ойындарға жаттығу үдерісін қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдауды көздейді.
2015 жылы Атырауда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекі ақын Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылды. Ақынның төрт метрлік мүсіні дәл осындай биіктіктегі гранит тұғырға орнатылды: ескерткіштің жалпы биіктігі - 8 метрден астам.
2016 жылы Америкадағы El Paso Times басылымы pound-for-pound үздік боксшыларының рейтингін жариялады. Жыл қорытындысы бойынша аталмыш рейтингте, орта салмақтағы үздіктердің көшін WBA/IBF/WBC/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Генадий Головкин бастады
ЕСІМДЕР
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.
Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.
2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының театртану факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, Жазушылар одағында істеген. 1970-1999 жылдары Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші хатшысы, Кинематографистер одағы басқармасының 1-ші хатшысы, «Ара-Шмель» журналының, «Түркістан», «Заман Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болған. Мұхамеджановтың шығармашылық жолы сахна өнері жайлы проблемалық, шолу мақалалар мен спектакльдер туралы рецензия жазудан басталды. Тұңғыш пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» 1959 жылы жарық көрді. Осыдан кейін өмірдегі келеңсіздікті шынайы көрсеткен «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Жат елде», «Өзіме де сол керек», «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматовпен бірге), «Біз періште емеспіз» атты пьесалары жарияланды. «Сиқырлы шымылдық», «Дар доброты» жинақтары жарық көрді. Мұхамеджанов - комедия жанрының шебері, оның пьесаларындағы күлкі ауызекі тіл пародиясы арқылы жасалған. Ол драмалық шығармаларында диалогты, диалогтың даралану заңдылықтарын, диалогтар даралығы бәсекелестігін шебер пайдаланды. Оның комедиялық және драмалық туындыларының қай-қайсысында да қазақ қоғамында рухани дерттің белең ала бастауы кеңінен қамтылып, қазақ халқының Кеңес дәуіріндегі алмағайып тағдыры, ұлы тұлғалардың трагедиялық бейнесі айқын көрініс тапты. Мұхамеджанов қоғам қайраткері ретінде күрескерлік қабілетімен, жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі азаматтық болмысымен көрінді. Қаламгердің шығармалары көптеген шет тілдерге аударылып, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, тағы басқа елдердің театрларында қойылды. Ол «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Көркем аударма саласында «Құлдар» (С.Айни), «Киелі қан» (Айбек) романдарын, «Тоғышарлар» (М.Горкий), «Жүрек сырлары» ( Б.Рахмонов), «Ауру тістер» (А.Қаһар), «Ана-Жер-Ана», «Арманым», «Ақ кеме» (Ш.Айтматов) пьеса, повестерін тәржімалаған. Шығыс классиктері әдебиетінің «Мың бір түн» хикаяларын орыс тілінен аударып, 5 томдығын шығарды. 1998 жылы қаламгердің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.
Шешен-Ингуш АКСР-ында (Ресей) туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген.
1957-1964 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Калинин аудандық комитетінің нұсқаушысы, Ақмола облыстық комитетінің нұсқаушысы, Целинный өлкелік комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, Вишнев аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1964-1968 жылдары - Вячеслав гидроторабы құрылысы бастығының орынбасары. 1968-1974 жылдары - «Целингидрострой» құрылыс басқармасы бастығының орынбасары. 1974-1983 жылдары - Целиноград облысы құрылысшылары партия комитетінің хатшысы. 1983-1987 жылдары - «Целиноградтяжстрой» тресі партия комитетінің хатшысы. 1987-1999 жылдары - «Ақмолаагрострой» бірлестігі бастығының орынбасары - «Агростройкомплект» өндірістік басқармасының бастығы. 1999-2008 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының атқарушы директоры, төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2009 жылғы желтоқсаннан бері.
ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1974-1986 жылдары - «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1991-1996 жылдары - «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1998 жылдары - «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары. 2003-2016 жылдары осы газетте бас редактор болған. 2016 жылғы қарашада Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне ауысты.
Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбен жарияланып келеді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
Алматы құрылыс техникумын (1988), М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясын бітірген (2004).
Еңбек жолын Шетпе кентінен бастап, өңірдегі құрылыс, мұнай, жол салаларында еңбек еткен. Маңғыстау облысындағы аумақтық басқарма, сәулет-құрылыс басқармаларында жетекші маманнан бастап, басқарма басшысы қызметіне дейін көтерілген. 2009 жылдан бастап қазіргі қызметін атқарып келеді.