242 мыңнан аса қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 242 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.

— 2025 жылғы 1 маусымға 45,2 мың отбасындағы 242,4 мың адамға 13,4 млрд сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 маусымға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,5 мың балаға 1,8 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес деңгейде айқындалған.

Бұған дейін 2025 жылғы 16 маусымнан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау мен төлеудің жаңартылған қағидалары күшіне енетіні хабарланды.