246 нысанның құрылысы барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік сақталмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі 246 нысанның құрылысы барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік сақталмаған. Бүгін Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қосман Айтмұхамбетов осылай мәлім етті.

Комитет отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға бейімделуі мәселесі талқыланған болатын.

Комитет басшысының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру - бұл құрылыс салудың қолданыстағы нормативтік-техникалық базасында толық енгізілген. Дегенмен, жүргізілген сараптаулар барысында бірқатар олқылықтардың орын алып отырғаны анықталды.

«2013 жылдан бастап, мемлекеттік сараптамадан өтетін нысандар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін талаптарды сақтамаса, олар қайта жөндеуге ұсынылып, қайтарылады. Сараптамадан өткізілмейді. 2013 жыл мен 2014 жылдың 8 айы бойынша жалпы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділік нормалары сақталмаған 246 нысан анықталды. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда кәсіпкерлікті тексеруге мораторийге қатысты, біздің қызметкерлер ондай құрылыстарды тексере алмайды. Дегенмен, қабылданатын нысандарда қолжетімділік қатаң қаралады», - дейді Қ. Айтмұхамбетов.

Бұдан бөлек, комитет төрағасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігіне қатысты нысандарда арнайы орындарға талаптардың сапасыз болатынын да атап өтті. «Мәселен, пандус салса, оның еңісі дұрыс есептелмейді. Мұндай нысандар бізде көп», - дейді комитет төрағасы.