25 әйелдің біреуі ғана жүктілікті арнайы жоспарлайды — Ақтөбеде ана өлімі неге көп

Фото: Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында жасқа толмаған 176 сәби көз жұмған. 2023 жылы — 2, 2024 жылы — 5 ана өлімі дерегі тіркелді. Kazinform статистиканы тарқатып көрді.

Былтыр 5 ана мерт болды — денсаулық сақтау басқармасы 

Ана мен бала өлімі статистикасы денсаулық сақтау саласы үшін өте ауыр тақырып. Себебі бұл бүтін бір саланың жұмыс көрсеткішіне әсер етеді. Ақтөбе екі көрсеткіште де «қара» тізімге ілікті.

Таяуда ғана ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова статистиканы жариялап, ана өлімі көрсеткіші негізсіз өскен өңірлер қатарына Ақтөбені қосты. Сонымен бірге 2024 жылы сәби өлімі елімізде 8,3 пайызға төмендегенімен Ақтөбеде өсім бар.

Ақтөбе облыстық статистика департаменті әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Лена Жаналинаның айтуынша, 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында жасқа толмаған 176 сәби көз жұмған. 

Жылдық қорытынды бұл салада сәуір айында шығады. Ал ана өліміне келер болсақ, 2023 жылы 2 жағдай тіркелді.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2024 жылдың статистикасын хабарлағанымен болдырмау жолын нақтыламады. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Өткен жылы 5 ана өлімі тіркелді. Бес жағдайда да ана өлімінің себебі — экстрагенитальды патология. Бәрі облыстық және республикалық штабтарда талқыланып, шаралар қолданылды. Биыл нәресте өлімі көрсеткіші 9,81 промиль құрады, өткен жылмен салыстырғанда 0,3% өскен. Басты себептері — жүкті әйелдердің денсаулық индексінің төмен болуы, туабітті ақаулардың уақытылы анықталуына қарамастан жүктілікті үзуден бас тарту жағдайларының көбеюі, отбасын жоспарлау деңгейінің төмендігі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова. 

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұған жол бермеу жұмыстарын нақтыламады.

Жүктілікті жоспарлау көрсеткіші мүлде төмен — дәрігер

Елімізде жүкті болып, өмірге бала әкеле алатын әйел жасы — 15-49 жас аралығы. Мұны фертильді жас деп атайды. Ал балаларды жаңа туған, 5 жасқа дейінгі, мектеп жасындағы деп қарастырады.

Фото: pixabay

— Жастардың денсаулығы өте нашар. Фастфуд жейді, түрлі газдалған сусын ішеді. Сөйтіп қыздарымыз өз денсаулығын құртып алады. Ал учаскелік дәрігерлер болса, сол бала тууға қабілетті қыз-келіншектерді қарап, бақылап, түсіндірме жұмысын жүргізіп отыруы керек. Балалы болалы алатын әйелдерді топтарға бөлеміз. Бірінші топ — дені сау әйелдер. Оны өз ішінде тағы А және Б тобы деп қарастырамыз. А тобында аяғы ауыр және сәби сүюді жоспарлап жүрген әйелдер. Б тобы сақтанады, әзірге жүктілікті жоспарламайды. Екінші топ — экстрагенитальды патологиясы. Оның ішінде А тобы жүрек ауруы, қан қысымы, қан аздығы, бүйрек жетіспеушілігі секілді түрлі дерті бар, бірақ балалы болғысы келетін әйел. Б тобына бала туу ойында жоқ, қосымша ауруы бар жандар. В тобында жүрек талмасы, эпилепсия, құрт ауруы, бүйрегі істен шығып, гемодиализге таңылған әйелдер. Бұл үш тармақтың бәрінде гинекологиялық емес, яғни, экстрагенитальды патология ауруы бар. Үшінші топ — гинекологиялық дерті бар адамдар. Мұнда А тармағына ауруы болса да балалы болуды жоспарлап жүргендер, Б тармағы жүкті болуды жоспарламайтын адамдар. Әйелдердің төртінші тобы ішімдік ішеді, темекі шегеді. Олар да өмірге дені сау бала әкеле алмайды. Сәби сүйсе де оны бағып-қағу, күтімін жасауы күмәнді. Осы тізбек — учаскелік дәрігерлердің жұмысы. Аумақта тұратын қыз-келіншектерді тізіп, оларды қарап, сұрап отыруымыз керек. Әйел жылына бір рет гинекологқа қаралуы тиіс, — дейді емхананың бас дәрігері, педиатр Жаухар Калманова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Егер ерлі-зайыпты балалы болуды жоспарласа, үш ай бұрын дәрігерге баруы тиіс. Қан анализін тапсырып, денсаулығын тексертіп алғаны жөн.

Үш айлық ем-домнан кейін фолий қышқылын ішкізеді. Оны тек әйел емес, ер адам да қабылдауы тиіс.

— Бізде дайындық жоқ, тек жүкті болғаннан кейін келіп, тіркеледі. Учаскелік дәрігерлер де іздемейді, әйелдер мән бермей жүре береді. Біріншіден, әлсіз әйелден әлсіз бала өмірге келеді, екіншіден, ақылы гинекология қызметі бар. Ол да қате. Үшіншіден, экологияның кері әсері бар, тамағымыз зиянды. Ұялы телефон да, компьютер де әсер етері сөзсіз. Ал бізде қай салада да әйелдер жұмыс істей береді. Мұның бәрі бала өліміне әкелді. Қазір гинекологтар жұмысы күшейтілді. Биылдан бастап үш рет кесір тілігін жасатқан жүкті әйел есепке алынса, оның денсаулығы туралы хабарлаймыз. Сонымен бірге спираль салған әйелдер тізімі де бар. Кейінгі кезде алдын алу шараларына көп мән бермей кеттік. Бұрын әр отбасы бақылауда еді. Осы қателік түзеліп, үрдіс қайта жанданды, — деді педиатр.

Учаскелік дәрігер үшін интернеттің жылдамдығы да маңызды. «Дамумедпен» жұмыс істейтін олар кедергіге жиі ұшырайды.

Алдына келген науқастан гөрі бағдарламаны толтыруға көп уақытын жұмсайды.

— Үкімет әр балаға ақша төлейді. Туу көрсеткіші де содан кейін өскен шығар бәлкім. Баланың жәрдемақысы кейбір отбасына азық. Бірақ біз бүгінді емес, ертеңді ойлауымыз керек. Салыстырмалы түрде қарасақ, жасы 40-қа жақындаған және одан асқан әйелдер арасында өлім-жітім жиі тіркеледі. Олардың қан қысымы көтеріліп кетеді, бүйрек ауруына шалдыққан. Ал жастар болса, интернеттен оқиды, өз тамақтану режимін сақтайды. Әлі күнге дейін 25 әйелдің біреуі ғана жоспарлап келеді. Жасанды ұрықтандыруға келгендер ғана тексеріледі, өзгесі жүкті болғаннан кейін ғана тіркеліп жүр, — деді Жаухар Калманова.

Фото: Pexels

Дәрігерден емес, өзімізден көрейік — көпбалалы ана

Бақытгүл Жалғасбайқызы — көпбалалы ана әрі жеке кәсіпкер. Кенжесін 38 жастан асқанда өмірге әкелді.

Төрт баласын өмірге әкелгенде генетик маманға қаралмаған болса, кішкентайын босанар алдында талай дәрігердің рұқсатын алды.

— Әлі күнге дейін фолий қышқылын алып, ішіп, жоспарлау дегенді білмейміз. Екі ай бұрын ері де, әйелі де ішуі тиіс. Перзентханада жатқан кезде түсік жасау қаупі бар әйелдер болды жанымда. Олар үйден келген тамақты ішпейді, донер, чикенге тапсырыс береді, газды сусын ішеді. Ем қона ма? Сұрадым да сол кезде. Қалай босанады? Ішек-қарын десек жиіркенетін жағдайға жеткенбіз. Себебі ауыз қуысымыздың дәм сезуі өзгерді. Түрлі дәмдеуіші бар дүниені жеп, бұзылды. Қателігіміз міне осында. Су да дұрыс ішпейді. Далаға шығып жүрмейміз. Бала өмірге келген соң жарнамасы әдемі түрлі тамақ алып береміз. Оның да денсаулығын құртып қоямыз, — деді ол.

Бақытгүл Жалғасбайқызы тұрмыс құратын қыздарды алдымен чекаптан өткізіп, емдеп алған дұрыс деп санайды. Дәрумендерін тексеріп, жетпегенін жеткізсе, құба-құп.

Тіпті ауылда бәрі бір-бірін біледі, таниды. Жаңа түскен келіндерді шақырып, ақпараттандырса да бұл дұрыс. Зейнеткер гинекологтармен, көпбалалы аналармен де кездестірсе, тәлім-тәрбие берер еді.

Фото: Бөрлі аудандық ауруханасы

— Ауылда төрт баласы бар келіншек бесінші баласын босанғанда көз жұмды. Сәбиі аман қалды, бірақ олар анасынан айырылды. Биыл да көпбалалы келіншек көз жұмды. Ол босанғанға дейін жұмыста жүрді, тыным таппаған. Шауып жүріп, көз жұмғанда тума-туыстары дәрігерлерді кінәлады. Бірақ әйел босанғанға дейін әлсіреп те қалған шығар. Гинекологияның ақылы қызметінің де кері әсері бар. Келіншектер ауылда емес, қалада босанғанды жөн көреді. Қалада ақшасын берсе, өзіне ерекше күтім көрсететінін біледі. Бұл жасырын емес, оны бәрі біледі. Ауылда ондай көрмедім, бірақ бірін-бірі таниды, сүйінші сұрайды, — деді Бақытгүл Жалғасбайқызы.

Еске салсақ, Президент 2020 жылы Ақтөбеде ана өлімі 13 есе артып кеткенін айтып, әрқайсысын тексеруді тапсырған еді. Сол кезде әкімдер жауап беру керек деп айтты.

Арада 5 жылға жуық уақыт өткенімен, Ақтөбе әлі де ана өлімі ең көп тіркелген облыстар қатарында. 

Әдетте ана мен бала өліміне қатысты істе тергеу басталғанымен, сотқа жете бермейді. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр дәл осындай оқиғаға байланысты іс түспеген.

Фото: Шымкент ДСБ