25 қараша. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform

Бүгін, 25 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

71 жыл бұрын (1954) «Тұран» университетінің вице-президенті, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Қуаныш Әмірқұлұлы ТАЗАБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: turan.edu.kz

Талдықорған облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономист.

1972 жылы құрылыс жұмысшысы. 1979-1992 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында оқытушы, аспирант, аға оқытушы, доцент. 1992-1994 жылдары осы институттың бизнес және менеджмент факультетінің деканы.

Қазіргі қызметін 1994 жылдан бері атқарып келеді.

40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

65 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Баймолдаұлы ОНЖАНОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Жетісу (бұрынғы Талдықорған) облысында туған. Германистика мамандығы бойынша Гумбольдт атындағы Берлин Университетінің филология факультетін бітірген, филология ғылымдарының кандидаты.

1983-1986 жылдары Алматы қаласында филология доценті. 1986-1992 жылдары Мәскеу қаласында ғылыми қызмет. 1992-1994 жылдары ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігінің бөлім бастығы және министрдің кеңесшісі. 1994-1996 жылдары ҚР Президентінің Аппараты, Халықаралық бөлімінің аға референті. 1996-1997 жылдары ҚР Аустрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін кеңесшісі. 1997-2001 жылдары ҚР Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2001-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі, Экономикалық саясат департаментінің директоры. 2002-2003 жылдары - ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы. 2003-2004 жылдары ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі ҚР Ұлттық үйлестірушісі. 2004-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - ҚР Президентінің көмекшісі. 2008-2014 жылдары ҚР Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Дания Корольдігіндегі Елші міндетін қоса атқарушы. 2014-2019 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі. 2019-2022 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы.

2022 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

58 жыл бұрын (1967) Қазақстан Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Ильич НҰРОВ дүниеге келді.

Фото: Informburo.kz

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Маастрихт менеджмент мектебі, Нидерланды, MSM Философия ғылымдарының докторы (Ph.D).

Еңбек жолы: Алматы менеджмент мектебінің директоры; «Алматытелеком» Мемлекеттік телекоммуникациялар орталығы бас директорының бірінші орынбасары; «Қазақтелеком» ААҚ бас қаржы директорының орынбасары; «Қазақтелеком» АҚ вице-президенті, бас қаржы директоры (2000-2006); «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры (2006-2007); Plankion Group және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті (2008-2021); жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2021-2023).

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1979) Астана қаласы Нұра ауданының әкімі Ришат Уәлиханұлы ТҰРДЫБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (2001), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін (2005), О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін (2013), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын (2022) бітірген.

Еңбек жолы: «Автолизинг Казахстан» ЖШС заңгері (2001-2004); «Автолизинг Казахстан» ЖШС қаржы директоры (2004-2005); Алматы облысы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы (2005-2006); Алматы облысы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы (2006-2008); Алматы облысы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы (2008-2009); Астана қаласы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы (2009-2010); Астана қаласы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы (2010-2011); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары (2011-2019); Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары (2019); Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау жөніндегі кеңесшісі (2019 ); Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары (2019-2024).

2024 жылдың тамыз айынан бері қазіргі қызметінде.

140 жыл бұрын (1885-1935) қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып ДУЛАТҰЛЫ дүниеге келді.

Фото: adebiportal.kz

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының жауапкершілігінде болды.

Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. 1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмаштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.

1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А. Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.

«Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған.

Міржақып Дулатұлының атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар және ескерткіш орнатылған.