25 қазан - Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 қазан «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» қабылданған күні.

Сол күннен бастап егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде шаңырақ тігіп, әлемдік аренада таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасын қалады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориямыз, азаматтығымыз, мемлекеттік бюджетіміз, халықаралық қатынастардағы дербестігіміз, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық һәм экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акті арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет - Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Дәл осы декларация 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларациясымен терең үндестік тапты.

Тек, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде атап өтіліп келген бұл атаулы дата 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты мерекелік мәртебесінен айырылды. Аталған өзгерістерге орай 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып бекітіліп, 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.