25 қазан: Республика күнін қайтару – тарихи әділ шешім

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жазда Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке қайта тойланбақ. Мереке қарсаңында Республика күнінің мән-маңызы, неліктен ұлттық мереке қатарына енгені, сондай-ақ биыл мерекеге байланысты қандай іс-шаралар өтетініне тоқталауды жөн санадық. Толығырақ Қазақпарат сарапшысының материалында.

Ел президенті су жаңа облыста өткен іс-шарада бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы екенін атап өтіп, мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын»,-деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын да еске салып өткен болатын.

Республика күнінің тарихы

25 қазан – еліміз үшін Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Шындығында, бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.

Қазақ КСР егемендігін жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. ҚазКСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Ал 2001 жылы аталған мереке мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Алайда кейінірек 2009 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің жарлығымен ол мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған еді.

Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің қандай айырмашылығы бар

Заңнамаға сәйкес ұлттық мерекелер – еліміздің мемлекеттілігінің дамуына елеулі әсер еткен ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшін белгіленген. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мереке санатына еніп отыр.

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтың пікірінше, Республика күні мерекесін қайтару – тарихи әділ шешім.

«25 қазан күні бұрын тойланып, кейін көлеңкеде қалып кетті. Енді оны қайтадан тойлайтынымыз қуантады. Расында, 25 қазан – еліміздің экономикалық егемендік алған, экономикалық тәуелсіздік алған күні. Қазақстан экономикада өзінің ұлттық мүдделерін шын мәнінде жүзеге асыра бастады. Сондықтан бұл дата маңызды, әрине. Қазақстан өз егемендігін жариялап, тәуелсіздік жолын бастады. Ал Декларация (1990 ж. 25 қазан) Қазақстанның экономикалық саладағы ұлттық мүдделерін белгілеген тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам әрі маңызды кезең болды», - деп атап өтті тарихшы»,-деді Жақсылық Сәбитов.

Сонымен қоса ол 25 қазан неліктен ұлттық мереке санатына енгеніне тоқталды.

«Мерекені мемлекеттік не ұлттық мерекелер санатына енгізу әлемдегі барлық мемлекет пен елде бар тәжірибе. Бұл ел тарихындағы оқиғалардың маңыздылығына байланысты»,-деді Жақсылық Сәбитов.

Республика күні қалай тойланады

Биыл Республика күніне орай қазақстандықтар үш күн – 23, 24 және 25 қазанда демалады. Мерекеге байланысты еліміздің барлық аймақтарында арайы бағдарламалар өтеді.

«Қыран елім – Қазақстаным!» спорттық челлленджі. Республика күніне байланысты елордалық спортшылар «Қыран елім – Қазақстаным!» спорттық патриоттық челлленджін бастады. Патриоттық акцияға қатысушылар Мемлекеттік рәміздер алаңына жиналып, еліміздің спорт саласында жеткен жеңістерін тойлады. Акция патриоттық сезімді ояту, халықтың бірлігін спорт алаңында көрсету, сондай-ақ еліміздің осы саладағы жетістіктерін атап өту мақсатында өткізіліп жатыр.

Патриоттық акцияға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін азаматтар өздерінің жеке парақшаларында #Республикакүні, #Деньреспублики хэштегтерін жазып, бейнероликтер жариялау қажет. Челлендж қазан айының соңына дейін жалғасады. Эстафетаны бірінші болып Атырау қаласының тұрғындары алды. Жалпы, челлендж отандық спорттың дамуына септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

«Қазақстан – туған жерім, туған елім!» сынып сағаты. 21 қазанда еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде Республика күніне орай салтанатты жиын өтіп, онда оқушылар мен студенттер әнұранды орындайды, сонымен қатар «Қазақстан – туған жерім, туған елім!» тақырыбы бойынша республикалық сынып сағаты өтеді.

«Еліміздің білім беру ұйымдарында Республика күнін мерекелеу жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Республика күні – мемлекеттіліктің символы болып саналатын маңызды мереке. Балалардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, Мемлекеттік рәміздерді, мемлекеттік және ұлттық мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеудің бала кезінен маңызы зор. Сондықтан еліміздегі барлық мектепке шығармашылық, танымдық, спорттық, мерекелік шараларды жоспарлап қойдық»,-деді Білім министрлігі Орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Іс-шаралар аясында оқушылар «Атамекен» тақырыбына жалпыұлттық диктант жазады, 5-11 сынып оқушылары республикалық эссе байқауына қатысады, ал жоғары сынып оқушылары үшін тақырып бойынша пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.

Демалыс күндері қайда баруға болады

Жалпы, қала әкімдіктері ұлттық мерекені тойлау үшін челлендждерді, акцияларды, соның ішінде қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды қолға алды.

Мәселен, 22 қазан күні сағат 17:00-де Алматыдағы Республика сарайында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

23 қазанда сағат 07:00-ден 13:00-ге дейін жүгіруден Charity Music Run қайырымдылық марафоны өтеді. Жарыс Тұңғыш Президент саябағынан басталады. Оған 1700-2000 адам қатысады деп жоспарлануда.

25 қазан күні сағат 11:00-де Медеудегі алаңда «Патриоттизм дауысы» патриоттық акциясы аясында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалады. Бұл күні әнұран қаланың көптеген нысандарында және еліміздің түкпір-түкпірінде шырқалмақ.

Басқа қалаларда, мәселен, Шымкентте театрлардағы қойылымдар Республика күніне орайластырылған. Балалар үшін 26-27 қазан күндері сағат 18:30-да Ж.Шанин атындағы Шымкент қазақ академиялық драма театрында Шаниннің 130 жылдығына арналған Сай Қасымбектің «Ат жалман ғасыр» драмасы қойылады.

Ал елордада жаппай мерекелік шаралар мен концерттер өтеді. Бейбітшілік және келісім сарайында Máńgilik El Daýysy ұлттық музыкалық шоуы өтеді. Оның сахнасында Қазақстанның үздік өнерпаздары бүкіл ел сүйіп тыңдайтын әндерді орындайды.

ЭКСПО алаңында ашық аспан астында Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырған «Қазақстаным менің!» мерекелік концерті өтеді.

Мемлекеттік академиялық филармонияның (бұрынғы Конгресс-холл) концерт залында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ мерекелік кеште Qazaqstan орталық концерт залында Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт өтеді.

Сонымен қатар 20-26 қазан аралығында қала тұрғындары Сәкен Сейфуллин мұражайындағы «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» тақырыптық көрмесін тамашалай алады.

Жалпы республика бойынша қандай мерекелік іс-шаралар болоатыны туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.