25 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото: Фото: ҚазАқпарат ХАА

Оқырман назарына 25 қыркүйекке  арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік фармацевт күні

Бұл күн Халықаралық фармацевтика федерациясының (FIP) бастамасымен құрылды. Оған ДДСҰ бағалауы бойынша 3 миллионға жуық маманды біріктіретін әлемнің 144 елінен келген бейінді ұйымдардың өкілдері кіреді. World Pharmacists Day фармацевтер мен провизорлардың адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартудағы рөлінің маңызы туралы хабардар етуге бағытталған.

Комикстер күні

«Комикс» сөзінің өзі екі ағылшын сөзінің бірігуінен пайда болды: comic (комик, күлкілі) және strip (жолақ, сурет).

Қызықты факт: бірегей комикстер жинағы Париж аукционында 650 мың еуроға сатылды. Сауда-саттықты ұйымдастырушылардың («Сотбис» аукцион үйі) айтуынша, әйгілі еуропалық, америкалық және жапондық суретшілердің картиналары мен суреттерін жинаушылар арасында ең танымал жүзге жуық сурет жоғары бағаға сатылған.

Биыл Астанада 15-17 қыркүйек аралығында халықаралық Comic Con фестивалі өтті. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Қызылордада «Ленинская смена» жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді.

1937 жылы Алматыда қалалық хайуанаттар бағы ашылды. Қазір хайуанаттар бағында 3 мыңнан астам жануар мен құстардың 500 түрі бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.

1947 жылы Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.

2005 жылы Шымкент археологтері Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер біздің дәуіріміздегі І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.

2012 жылы Мемлекет басшысының шешімдері мен маңызды оқиғалар туралы жедел ақпараттандыру мақсатында AkordaPress сайтында Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты (twitter.com/AkordaPress) ашылды, онда Президенттің қатысуымен өтетін шаралардың аңдатпасы жарияланады. Мемлекет басшысының ресми сайты және Президенттің баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты – Мемлекет басшысы және Президент Әкімшілігі қызметі туралы ақпараттардың тең дәрежедегі және бірден-бір ресми көзі.

2012 жылы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес Алматы қаласының аумағы өзгертілді. Оның құрамына Алматы облысына қарасты 11 920,93 гектар жердің, соның ішінде 8 360,52 гектары Қарасай ауданына және 3 560,41 гектары Талғар ауданына тиесілі бір бөлігі енгізілді.

2013 жылы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы кезінде Қазақстанның көне дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихына арналған жаңа анықтамалық-ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» e-history.kz веб-порталы таныстырылды.

2013 жылы «Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Оның аудиториясы өз оқырмандарымызбен шектелмей алыс және шетелдердің көзіқарақты қауымын қамтиды, яғни қазақ тарихына қызығатын планетаның кез келген адамының игіліне айналады.

2015 жылы жас геологтер Әнел Тынысбек, Қаламқас Жағыпарова және Аружан Нұрұлла Сан-Паулода (Бразилия) өткен Жер ғылымы бойынша (International Earth Science Olympiad - IESO) халықаралық олимпиадада жүлделі орындар алды. Оған 20 елдің мыңнан астам жас геологі қатысты.

2015 жылы ҚР Ұлттық архивінде қазақ мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған «Мұстафа Шоқай: Алаш арысы» архивтік құжаттар көрмесінің ашылуы өтті.

2019 жылы Монреаль қаласында (Канада) Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) мерейтойлық ассамблеясында 190-нан астам елдің арасында алғаш рет ICAO Кеңесі президенті атынан авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сертификатты тапсыруға ұсынылды. Бұл сертификат ICAO-ның «No Country Left Behind« (бірде-бір ел назардан тыс қалмайды) жаһандық бастамасын қолдау мақсатында тағайындалды. Мұндай марапат үшін елдерді іріктеу критерийлері ICAO-ның арнайы комиссиясы айқындайтын бағалаудың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді дамыту саласындағы мемлекет қызметінің соңғы жылдардағы нәтижелеріне негізделген.

2020 жылы Эстонияда қазақтың ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен түркі әлемінің философы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркалары шығарылды.

2021 жылы Ыстамбұл қаласында өткен «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайында Ақмола облысы «Ордалы елге 30 жыл» атты мұражайлар көрмесін ұсынды.

«Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған және қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен өмірін паш ететін көрме әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастар арасында үлкен сезім мен таңданыс тудырды», - деді мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Құрылтай қорытындысы бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жерлестердің Үндеуі қабылданды. Бірқатар қатысушы «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

2022 жылы Қазақстан Өзбекстандағы «Zakovat» зияткерлік ойындарында кубокты жеңіп алды. Екінші ойында қазақстандық қатысушылар 4:2 есебімен жеңіске жетті. Соңғы шешуші жекпе-жек қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды (5:2).