25 қыркүйекте eGov порталында АЭС атауын ұсынуға арналған бөлім ашылады

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ертең, 25 қыркүйекте, eGov порталында әр азамат елдегі алғашқы атом электр станциясына атау ұсынатын арнайы бөлім іске қосылады. 

Сонымен қатар қатысушыларға арналған баннер орналастырылады және азаматтарға push-хабарлама жолданады.

Бастама Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурстың шеңберінде жүзеге асырылады.

Азаматтар өз нұсқаларын жаңа бөлім арқылы ұсына алады.

Айта кетейік, бұған дейін алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы 25 қыркүйекте басталатыны хабарланды.

Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жаңа АЭС-тің атауына қатысты пікір айтты.

- Оның атауына қатысты тиісті өлшемшартты айқындадық. Бұл тұрғыда тарихи әрі имидждік маңыздылығы ескеріледі. АЭС атауы тарихи-мәдени мұраны қамтиды, — деді Алмасадам Сәтқалиев.

АЭС атауын таңдау жөніндегі конкурстық комиссияның ережесі мен құрамы бекітілді.

Еліміз атом жобасын іске асырудың басты кезеңіне өтіп, бірінші АЭС құрылысына дайындық жүргізіп жатыр. Осы орайда, агенттік тілшісі сарапшылардың пікірін білген еді.

- Атом электр стансасыың құрылысы – бұл жай ғана жаңа электр стансасы емес, Қазақстанның бүкіл энергетикасы траекториясының өзгеруі. Ұзақ мерзімді келешекке мықты база қаланып, ол жүйелі тәуекелдерді азайтады және өнеркәсіп пен инвесторлар үшін болжамдылық береді, - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші, үшінші АЭС құрылысын жоспарлауды қазір бастау керек екенін айтты.