25 қыркүйек, СЕЙСЕНБІ
Науру жастарының ұлттық күні
Бұл мереке елдің жастарына, олардың қоғамды дамытудағы рөліне арналған, Науруда айтарлықтай кең ауқымда аталып өтіледі.
Науру - әлемдегі ең шағын республика, оның тәуелсіздігі 1968 жылы жарияланған. Аралда орналасқан шағын мемлекеттің аумағы 20 шаршы шақырымды құрайды, ал халық саны - шамамен 12-13 мың адам.
Францияда харкиге алғыс білдірудің ұлттық күні
2001 жылы бекітілген. Харки - 1954-1962 жылдары Алжирдегі қақтығыс кезінде француздар жағында соғысқан алжирлік мұсылман-сарбаздар. Кейіннен Францияны жақтаған барлық мұсылман алжирліктерді осылай атаған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1928 жылы Қызылордада «Ленинская смена» атты жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді.
1937 жылы Алматыда қалалық хайуанаттар бағы ашылды.
Бүгінгі күні хайуанаттар бағында 3 мыңнан астам жануар мен құстардың 500 түрі бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.
1947 жылы Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.
2001 жылы Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Венгрия мен Қырғызстанның Төтенше және Өкілетті елшілері Миклош Яцкович пен Жұмағұл Сааданбеков сенім грамоталарын табыс етті.
2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Ресейдің, Шығыс Еуропаның және Орталық Азияның, Қытай Халық Республикасының қоғамдық ғылымдар Академиясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары - достастық мемлекеттер арасындағы сауда және қаржы-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту.
2005 жылы Шымкент археологтары Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер біздің дәуіріміздегі І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.
2006 жылы Қазақстан мен Үндістанның әскери альпинистер тобы Ладакхедегі 7140 метрлік Нун шыңына көтерілді. Бұл екі елдің шыңға өрмелеушілерінің бірлесіп жасаған алғашқы шарасы. 34 адамнан тұратын аталмыш экспедицияға Үндістан Қарулы Күштерінің подполковнигі А.Гот жетекшілік жасады. Оған Қазақстаннан аға лейтенант Тахир Алпысов пен Рүстам Жорабаев және сержант Юрий Горбунов, Сергей Самойлов, Александр Рудаков пен Дмитрий Чумаков қатысты.
2007 жылы Алматыда британдық «Хэйлибэри» мектебінің құрылысының іргетасына капсула қалау рәсімі өтті.
ТМД-дағы бұл алғашқы британдық орта мектеп «Хэйлибэри Алматы» деп аталды. Оқуды аяқтаған оқушылар орта білім бітіргені жөніндегі сертификат - IGCSE (International General Certificate of Secondary Education) және халықаралық бакалавр дипломын алуға мүмкіндік алды.
2009 жылы Талдықорғанда Алматы облысы Ішкі істер департаментінің ғимаратында Жедел басқару орталығы ашылды.
Ішкі істер органдарын техникалық қайта жарақтау және ақпараттық қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасы аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған полиция қызметінің жаңа тұжырымдамасын белсенді және мақсатты жүзеге асырып отыр. Жедел басқару орталығы қалада орын алатын кез келген оқиғаға: жеке тұлғалардың шағымдарынан бастап бүкіл қалаға қатысты төтенше жағдайларға үн қататын болады.
2012 жылы Мемлекет басшысының шешімдері мен маңызды оқиғалар туралы жедел ақпараттандыру мақсатында AkordaPress сайтында Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты (twitter.com/AkordaPress) ашылды, онда Нұрсұлтан Назарбваевтың қатысуымен өтетін шаралардың аңдатпасы жарияланады.
Мемлекет басшысының ресми сайты және Президенттің баспасөз қызметінің твиттер-аккаунты Мемлекет басшысы және Президент Әкімшілігі қызметі туралы ақпараттардың тең дәрежедегі және бірден-бір ресми көздері.
2012 жылы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес Алматы қаласының аумағы өзгертілді. Оның құрамына Алматы облысына қарасты 11 920,93 гектар жердің, соның ішінде 8 360,52 гектары Қарасай ауданына және 3 560,41 гектары Талғар ауданына тиесілі бір бөлігі енгізілді.
2013 жылы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысы кезінде Қазақстанның көне дәуірінен бүгінге дейінгі ұлттық тарихына арналған жаңа анықтамалық-ақпараттық білім беретін «Қазақстан тарихы» веб-порталы таныстырылды.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Астанаға келген Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің үкімет басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуге қатысушылар еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі тереңдету, сондай-ақ 2013 жылы 29 мамырда Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың кең ауқымды мәселелерін қарастырды.
2014 жылы Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында «Президент пен перзент» кітабының тұсаукесері өтті. Оған ел Президенті туралы шығармалар байқауының жеңімпаздары - республикадағы 32 мектеп оқушысының шығармалары кірді.
2016 жылы Тегеранда қазақстандық тауар өндірушілердің сауда миссиясы өтті.