25 мың адам тамыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Шекті балды 58% талапкер жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 56 балл. Ең жоғары балл – 134. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыз ҰБТ-сына 112 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

ҰБТ өткізу барысында 103 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 37 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 66 адам шығарылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асырады. 

Айта кетелік Талапкерлер ҚАЗТЕСТ нәтижелерін ҰБТ балдарына ауыстыра алатыны туралы жазған едік