25 сәуір. Тұлғалар туған күн

Фото: Фото: Kazinform

Бүгін, 25 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

52 жыл бұрын (1973) ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Кемеңгерұлы АМРИН дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1996 жылы Ақмола ауылшаруашылық институтын бітірген.Еңбек жолы: 19891990 жылдары Корнеев кеңшарында жұмысшы, комбайншының көмекшісі. 1996-1997 жылдары «Сарыарқа» агроөнеркәсіптік кешеннің экономист-менеджері.1997-1999 жылдары СҚО бойынша (Петропавл қаласы) Салық басқармасының аға салық инспекторы. 1999-2000 жылдары СҚО бойынша (Петропавл қаласы) Салық комитеті салықтарды мәжбүрлеп өндіріп алу басқармасының бөлім басшысы. 2000-2002 жылдары СҚО Мамлют ауданының Салық комитеті басшысының орынбасары. 2002-2004 жылдары СҚО Шал ақын ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы. 2004-2008 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті СҚО бойынша (Петропал қаласы) Салық комитеті төрағасының орынбасары. 2008-2011 жылдары СҚО Шал ақын ауданының әкімі. 2011-2012 жылдары СҚО Қаржы басқармасының басшысы. 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары. 2015-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры.

2025 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

III дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін», «Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1973) қазіргі бессайыс бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 1996 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Владимирович ПАРЫГИН дүниеге келді.

Фото: olympic.kz

Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген (1998), жаттықтырушы.

Еңбек жолы: ДШНК спорт нұсқаушысы (1990-1997).

Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы; Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Бейжің, 1993); XII Азия ойындарының жеңімпазы (Хиросима, 1994); Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Италия, 1994); Қазіргі бессайыс бойынша Олимпиада чемпионы (Атланта, 1996 ж.).

1997 жылдан бері Австралияда тұрады. 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада Аустралия құрамасы үшін бақ сынады (27 орын).

50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Есенәліұлы АКБАРОВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық университетін, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қарағанды ​​техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1998 жылы Жаңаөзен қаласындағы «ӨзенМұнайгаз» АҚ операторы, 2002-2005 жылдары Тараз қаласындағы «Қазбургаз» АҚ инженер-геологы, 2018-2019 жылдары Алматы қаласы бойынша «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Оңтүстік Қазақстан» өңіраралық геология департаменті» РМК бастығының орынбасары, Алматы қаласы бойынша «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Оңтүстік Қазақстан» өңіраралық геология департаменті» РММ басшысы, 2020-2021 жылдары «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы болды.

132 жыл бұрын (1893-1968) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің және КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалыбек (Қалибек) ҚУАНЫШБАЕВ дүниеге келді.

Фото: kino-teatr.ru

Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған.

Жасынан ән-күй мен ойын-сауыққа, той-тамашаға жаны құмар, думаншыл болған. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікке күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде танылды. Халық өнерпаздары Мұхаметәлі, Мауқай мен Абақты ұстаз тұтып, олардан өнер сырын үйренген.

1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығына сәйкес Қуанышбаев та қара жұмысқа алынған. 1917 жылы Омбы қаласына барып, былғары зауытында ат айдаушы-көшір болған. Мұнда атақты балуан Қажымұқанмен танысқан. Туған жерінде ауылдық кеңесті басқарып, қоғамдық жұмыстарда жүрсе де өнерден бір сәт қол үзбеген. «Қыз ұзату», «Қой күзету» және «Өгіз сату» секілді қызық, күлдіргі әңгімелер шығарып, оны той-жиындарда орындап жүрген. Жатып ішер жалқауларды, кейбір керенау, теріс пиғылды жандарды өткір сынға алып әжуалаған. 1922-1924 жылдары Қоянды жәрмеңкесінде Ғ.Айтбаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шамсутдинова сияқты өнерпаздар ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсеткен. 1926 жылы Қызылорда қаласында ірге көтерген Қазақ мемлекеттік драма театрын ұйымдастыруға белсене қатысқан. Актер Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әр жылдары қойылған М.Әуезовтің «Еңлік — Кебек» трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, осы спектакльдегі басты кейіпкерлерді (Көбей би, Кебек, Нысан Абыз) түгел дерлік орындап шыққан. Бұған қоса 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басында Аятбай (І.Жансүгіров, «Кек»), Бекболат (Б.Майлин, «Майдан»), Бейбіт (Қ.Байсейітов, Ә.Шанин, «Тартыс») рөлдерін орындаған. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан Базарбайдың рөлі мен өзінің «Қыз ұзатуын» орындап, көрермен көңілінен шыққан. Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, М.Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абай» трагедиясындағы Абай, М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» генерал Панфилов, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Әбдіғаппар болыс, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» момақан Баптиста — актер ойынында көркемдік шешімін тапқан сом тұлғалар. Әрбір рөлдің өзіне тән қайталанбас қимыл-қозғалысын, мінезі мен ішкі-сыртқы жан құбылыстарын дәл тауып, ойнау — Қуанышбаев шығармаларының бір ерекшелігі. Оның радио, эстрада үшін жазған шағын күлдіргі әңгіме-пьесалар мен өлең-сықақтары, тақпақ-қағытпалары «Түйрегіш» және «Шаншарлар» деген атпен жарық көрген.

1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан.