25 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 25 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

25 шілде, ЖҰМА

Орыс актері, ақын, ә нш і -композитор Владимир Высоцкийді (1938-1980) еске алу күні.

Тунисте Республика күні. 1957 жылдың 25 шілдесінде елде бей Мухаммед-Ламиннің монархиясының аяқталғандығы және Тунис Республикасының құрылғандығы жарияланды.

Коста-Рикада Гуанакаста күні. 1814 жылдың 25 шілдесі күні Никарагуаға тиесілі болып келген Гуанакасте провинциясы Косто-Рикаға өздігімен қосылды.

Беларусь Республикасында Өртке қарсы қызмет күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

10 9 жыл бұрын (1905) Қоянды жәрмеңкесіне жиналғандар патшаның отаршылдық зорлығына қарсы петиция қабылдады. Ресей Министрлер кеңесі төрағасына жолданған бұл петицияда қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтату, қазақтар үшін жеке басқаруды ұйымдастыру, цензураны жою, қазақ тілінде іс жүргізуді ресми енгізу, Мемлекеттік думаны шақыру жобаларын әзірлеу жөніндегі кеңес жұмысына қазақ делегаттарын қатыстыру сияқты талаптарын қойды.

10 9 жыл бұрын (1905) Ташкент-Орынбор темір жолының солтүстік телімі пайдалануға берілді.

8 2 жыл бұрын (1932) Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасы құрылды.

5 7 жыл бұрын (1957) Қазақ КСР ҒА Физикалық-техникалық институтының негізінде Ядролық физика институты құрылды. Институттың құрылу мақсаты - ядролық физика саласындағы физикалық және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту қажеттілігі және ауыл шаруашылығының түрлі салаларында атом энергиясын қолдану, жоғары сапалы мамандарды дайындау болды. Институтты ұйымдастырушылар - Қазақ КСР ҒА-ның президенті, академик Қ.Сәтбаев және КСРО ҒА-ның академигі И.Курчатов болды.

9 жыл бұрын (2005) Павлодар облысының Шарбақты ауданында павлодарлық Мұсылман-әйелдердің бірлестігі бөлімшесі құрылды.

Павлодарлық мұсылман-әйелдердің бірлестігі 17 жыл бұрын құрылған. Бірлестік мүшелері қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, ұлттық шығармашылықты насихаттайды, Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы жұмыстарына қатысады.

7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге, оның көріністеріне жауапкершілікті күшейтуге, оның алдын алуға бағытталған механизмдерді енгізуге бағытталған «Сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

7 жыл бұрын (2007) Қазақстанда «Халық батыры» республикалық сыйлығы бекітілді.

«Халық қаһарман» сыйлығы қоғамға, Қазақстан халқына қызмет еткен жоғары жетістігі үшін беріледі және ол мемлекеттік немесе саяси сыйлыққа жатпайды. Қазақстанның әлеуметтік және қоғам өміріне араласып өзінің үлесін қосқан әрбір азамат, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар оның иегері бола алады. Ал саясаткерлер, саяси партиялар мен қозғалыстар оның иегері бола алмайды.

5 жыл бұрын (2009) Алматының Түркісіб ауданында жаңа тігін фабрикасы ашылды.

Фабриканың негiзгi өнiмi - барит концентратына арналған қаптар шығару. Барит меншiктi салмағы ауыр минерал болғандықтан, оған стандарттық нормаларға сәйкес келетін қап керек.

87 5 жыл бұрын (1139) Португалия графы І Альфонс өзін король деп жариялады. Португалия корольдік болды.

44 7 жыл бұрын (1567) Каракас қаласының негізі қаланды.

200 жыл бұрын (1814) ағылшын өнертапқышы Дж.Стивенсон паровозды алғаш рет сынақтан өткізді.

9 1 жыл бұрын (1923) Карелиялық еңбек коммунасы (автономды облыстық бірлестігі) РСФСР құрамындағы Карелия автономды республикасы дәрежесін алды.

6 2 жыл бұрын (1952) АҚШ Конгресі Пуэрто-Риконы «өз еркімен қосылған мемлекет» деп жариялады.

4 1 жыл бұрын (1973) Байқоңыр ғарыш айлағынан КСРО-ның планетааралық Марс-5 стансысы ұшырылды.

3 6 жыл бұрын (1978) Англияның Олдхэм қаласында пробиркада ұрықтандырылған алғашқы бала дүниеге келді.

30 жыл бұрын (1984) кеңес ғарышкері Светлана Савицкая әйел ғарышкерлер арасынан тұңғыш рет ашық әуе кеңістігіне шықты.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1925-1993) қазақтың суретшісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері КЕНБАЕВ Молдахмет Сыздықұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.

В.И.Ленин атындағы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтының (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) сәулет-құрылыс факультетінің, Алматы сәулет-құрылыс институтының профессоры қызметтерін атқарған.

«Асауды ұстау», «Әңгіме», «Қойшының әні» картиналардың авторы. Шығармалары Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясының қорында және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында сақталған.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

88 жыл бұрын (1926-2009) мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы МУСИН Қорған Нұрханұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітірген. Орта Азия ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1959-1961 жылдары - «Қазбұрғылайсуқұрылыс» тресінің бастығы. 1961-1965 жылдары - Алматы облыстық суғару жүйелері басқармасының бастығы. 1965-1966 жылдары - «Алматыоблыссуқұрылыс» тресінің бастығы. 1966-1970 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, орынбасары. 1970-1985 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі. 1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіп төрағасының орынбасары - Қазақ КСР министрі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 8, 11-шақырылымдарының депутаты болған.

Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

8 4 жыл бұрын (1930-2002) ғалым, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озаты, Қазақстан Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты СӘТБАЕВА Шәмшиябану Қанышқызы дүниеге келді.

Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы ауылда туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

1954-1965 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті. 1965-2002 жылдары Қазақстан Республикасы ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері әдебиеттің көркемдік даму тарихына, заңдылықтарына, әдебиеттер байланыстарын зерттеуге арналған. «Орта Азия және Қазақстан әдебиетінің тарихы» басылымындағы қазақ әдебиеті бөлімін әзірлеуге қатысқан. «XIX және XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-еуропа әдеби байланыстары», «Әдеби байланыстар», «Қазақ әдебиеті мен Шығыс» тағы басқа монографияларының, 9-10 орыс сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті» және Қазақстанның жоғары оқу орындарының филология факультеті орыс бөлімдеріне арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының авторы. «Өрнекті өріс», «Лев Толстой Қазақстанда», «Әдебиет мерейі», «Достық дастандары», «Шоқан Уәлиханов», «Сәулелі әулет», «Уақыт шуағы», «Казахская литература и Восток», «Шакарим Кудайбердиев», «Ш.Уалиханов и русская литература, «Свет очага», «Әбікей Сәтбаев», « Әр жылдардан», «Ұрпақ сыры» атты кітаптары жарық көрген.

80 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы БЕЙСЕНОВ Ораз Мақаұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары - «Басалматықұрылыс» тресінің бастығы қызметтерін атқарған. 1977-1984 жылдары - Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1984-1988 жылдары - Қазақ КСР Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі. 1988-1989 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының орынбасары. 1989-1991 жылдары - КСРО Өнеркәсіп құрылысы банкінің Қазақ республикалық банкі басқармасының төрағасы. 1991-1993 жылдары «Тұранбанкі» басқармасының төрағасы қызметін атқарған.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

5 8 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары БАЙМҰҚАНОВ Тимур Сұлтанбекұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Маловодное ауылында туды. Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Мамандығы бойынша экономист, экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар. Еңбек жолын 1978 жылы бастады. Түрлі жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтының деканы, проректоры, Қазконсалтинг ұлттық агенттігінің президенті, Қазақ экономика және консалтинг университетінің бірінші проректоры, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің проректоры болды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде жұмыс істеді.

2012 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

5 8 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры ЖОЛАМАНОВ Нұрлан Айтманұлы дүниеге келді.

Орынбор облысында туған. Ресейдің Орынбор жоғары әскери басшылық училищесін, Құрлық әскерлерінің әуе қорғанысы әскери академиясын, Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің Бас Штаб әскери академиясын бітірген. 1978 - 86 ж. Орта Азия әскери округінде зениттік взвод командирі, батарея командирінің орынбасары, батарея командирі, Кеңес армиясының Оңтүстік әскерлері тобында батарея командирі қызметтерін атқарды. 1989 - 1993 жылдары Кеңес армиясының Батыс әскерлері тобында жеке зениттік ракета полкінің штаб бастығы, 1993 - 1998 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде зениттік ракета бригадасы командирі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы әскерлері басқармасының бастығы, 1998 - 2000 жылдары Әуе қорғанысы әскерлерінің қолбасшысы, Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы шекара командалық училищесінің бастығы, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары - әскери-даярлық басқармасының бастығы, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары қызметтерінде болды.

2002-2003 жылдары - Шығыс әскери округінің әскерлері қолбасшысы.

2003-2004 жылдары - ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлер бас қолбасшысы. 2008 жылы - ҚР Қорғаныс министрлігінің Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары. 2009-2010 жылдары - ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. 2010-2013 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қаңтардан бері. Генерал-лейтенант. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.

4 9 жыл бұрын (1965) Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі АЙТУАРОВ Жармағанбет Қайырмағанбетұлы дүниеге келді.

Маңғышлақ облысы Маңғыстау ауданының Үштаған ауылында дүниеге келді.

Аталған қызметінде 2012 жылдың наурызынан бастап.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Маңғыстау облысына 35 жыл» медальдарымен, Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2 1 жыл бұрын (1993) ауыр атлетикадан әлем және олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері (2009) ЧИНШАНЛО Зүлфия Салахарқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2008 жылдан бері Ауыр атлетикадан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі. 53 келі салмақ дәрежесіндегі әлемнің ауыр атлетикадан ең жас чемпионы. XVI Азия ойындарының күміс жүлдегері (2010). 2009 жылы әлем чемионы болды (Таиланд). 2010 жылы Сингапурда жастар арасындағы тұңғыш Олимпиадалық ойындарда күміс жүлдегер болды. 2012 жылы 29 шілдеде Зүлфия Лондондағы Олимпиадалық ойындарда алтын медальді жеңіп алып, чемпион атанды.

«Құрмет» орденімен марапатталған (2009).

16 6 жыл бұрын (1848-1930) британ мемлекет қайраткері, 1902-1905 жылдардағы Ұлыбритания премьер-министрі, Консервативтік партияның қауымдар палатасының депутаты, Бальфур декларациясының авторы Артур Джеймс БАЛЬФУР дүниеге келді.

9 0 жыл бұрын (1924-1985) сәулетші, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі РАХМАТИ Камиль Рахматұлы дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Орта Азия политехникалық институтын, КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Алматы қаласындағы Қазақ филиалының аспирантурасын бітірген. 1965 жылдан Оңтүстік Қазақстан өлкесі коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, «Оңтүстікқалаауылжоба» институты филиалының бас сәулетшісі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражай-қорығының директоры қызметтерін атқарды.

К.Рахмати Жамбыл қаласындағы белгілі ескертіштердің, Меркі, Луговое аудандары орталықтарындағы тұрғын-жай орамдарының авторы.

8 5 жыл бұрын (1929-1974) орыс жазушысы, кинорежиссер, актер, РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері ШУКШИН Василий Макарович дүниеге келді.

Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Бүкілресейлік кинематография институтын бітірген. Мосфильм киностудиясында, М.Горький атындағы киностудияда жұмыс істеді. Өз сценарийлері негізінде «Осындай бір жігіт бар», «Балаңыз бен бауырыңыз», «Қыңырлар», «Қызыл бүрген» фильмдер қойды. Аталған фильмдердің бірсыпырасы Халықаралық және Бүкілодақтық кинофестивальдердің сыйлығына ие болды. Оның «Пысық жандар» пьесасы Алматыдағы, Павлодардағы орыс драма театрларында, «Өлермендер» деген атпен Қызылорда драма театрында қойылды. Ол «Отан үшін от кешкендер» фильмін түсіру кезінде кенеттен қайтыс болды.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Лениндік сыйлықтың лауреаты. КСРО және РСФСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

6 1 жыл бұрын (1953) американдық банкир, Goldman Sachs банкінің акционері, АҚШ Федералдық барлау қызметінің бұрынғы қызметкері, Бүкіләлемдік банктің 11-ші президенті (2007-2012) Роберт Брюс ЗЕЛЛИК дүниеге келді.

50 жыл бұрын (1964) Сомалидің 2009-2012 жылдардағы президенті Ахмед Шейх ШАРИФ дүниеге келді.