Жер кодексінде жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) берілетін 10 сотықтан бөлек, жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) жүргізу үшін жер беру нормасы да қамтылған.
Атап айтқанда, суарылмайтын жерде 25 сотыққа дейін, ал суармалы жерде 15 сотыққа дейін жер алуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, азаматтар әртүрлі мақсатта пайдалану үшін тегін жер телімін бірнеше рет ала алады. Демек, бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алған адамға жеке қосалқы шаруашылық үшін тағы жер алуға рұқсат етіледі. Одан бөлек, Кодексте бау-бақша өсіру немесе саяжай құрылысы үшін 12 сотыққа дейін жер беру мәселесі де қарастырылған.
Алайда мемлекет жер телімін таңдап беруге, онда инженерлік желілер тартуға немесе рәсімдеу шығындарын өтеуге міндетті емес. Ескеретін тағы бір маңызды жайт бар – үй маңындағы жер телімі алдымен ақылы түрде жалға беріледі де, оны игергеннен кейін ғана меншікке тегін өткізіледі.
Жер теліміне кім үміткер бола алады
Жерді Қазақстан азаматтары ала алады. Жер телімі ауылдық елді мекеннің аумағында болуы тиіс, бірақ өтініш берушінің таңдалған ауылда тіркеуде тұру міндетті емес.
ЖҚШ үшін жерді тегін бір рет алуға болады. Өтініште басқа жер телімдерінің бар-жоғын көрсету қажет. Аукционға шығарылатын жерлер тізіміне енгізілген телімдер бұл мақсатқа жарамайды. Сондай-ақ, жоғарыда аталған 25 немесе 15 сотық деген көрсеткіштер заңда белгіленген ең жоғары шек екенін ескерген жөн, яғни одан артық көлемде жер берілмейді. Ал бұл нормалардан аз жер ұсынылуы әбден мүмкін.
Алдымен жер телімінің түрін анықтау маңызды
Жер кодексінің 102-бабына сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскесі үй маңындағы және егістікке арналған телімдерден тұрады. 25 немесе 15 сотық көлеміндегі шектеу осы екі бөліктің жалпы ауданына қатысты.
Үй маңындағы жер телімі ауылдың ішінде болады. Мұнда ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуға, тұрғын үй және шаруашылық құрылыстарын салуға рұқсат етіледі. Ал егістікке арналған жер телімі тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған. Онда тұрғын үй салуға болмайды. Жердің қай түрге жататыны әкімнің шешімінде және жерге қатысты құжаттарда көрсетіледі.
1-қадам. Нақты бос жер телімін табыңыз
ЖҚШ үшін бөлек кезек жоқ. Үміткер нақты жер телімін өзі тауып, дәл сол жерді алу туралы өтініш жасайды. Өтініш тіркелсе, ол азаматтың кезекте нешінші тұрғанын білдірмейді және жер телімін алатынына кепілдік бермейді. Егер бос жер болмаса, жаңа тізімдердің жариялануын бақылап, қайта өтініш беруге тура келеді.
Жер іздеуді Бірыңғай мемлекеттік кадастрлық картадан (БМКК) бастауға болады.
Бұдан кейін аудандық немесе ауылдық әкімдік сайтындағы жер қатынастары бөлімі мен мемлекеттік мүлік тізілімін қарап, таңдалған жердің болашақ аукциондық лотқа енгізілмегеніне көз жеткізу керек.
Әкімдіктер бос жерлер мен сауда-саттық туралы ақпаратты тоқсан сайын сайттарда, тізілімде және ақпараттық стендтерде жаңартып отыруға міндетті. Ал берілген жер телімдері туралы ақпарат ай сайын жарияланады.
Алайда картада бос тұрған жердің бәрі беріле бермейді. Өйткені, кей учаскелер жол, мектеп немесе инженерлік желілер үшін резервке қойылған болуы мүмкін. Не болмаса, күзет аймағында орналасуы немесе қала құрылысы құжаттарына сәйкес келмеуі ықтимал. Сондықтан жер телімін алдын ала жер қатынастары және сәулет бөлімдерінде тексерген дұрыс. Телімнің суармалы немесе суарылмайтын жер екенін де аталған бөлімдерде нақтылауға болады.
2-қадам. Өтініш пен сызбаны дайындаңыз
Ең алдымен, өтініш пен жер телімінің сызбасы қажет. Өтініште жерді алу мақсаты, болжамды ауданы, орналасқан жері, қалаған құқық түрі, басқа жер телімінің бар-жоғы, байланыс деректері көрсетіледі.
Үй маңындағы жер телімі үшін бастапқыда жерді уақытша пайдалану, яғни жалға алу құқығы сұралады. Меншік құқығы кейін рәсімделеді.
Кадастрлық карта негізінде дайындалған сызбада болжамды шекаралар, ауданы және нақты бағдарлар көрсетіледі. Көрші кадастрлық учаскелер мен кіреберіс жолды да белгілеген жөн. Бұл жердің басқа теліммен шатастырылуына жол бермейді. Бірақ мұндай сызба тек сіз сұрап отырған аумақты шамамен көрсетеді. Нақты координаттар кейін жерге орналастыру жобасында белгіленеді.
3-қадам. Өтінішті тиісті әкімдікке беріңіз
Өтініш телім орналасқан аумақтағы әкімдікке беріледі. Онлайн өтініш беру үшін мемлекеттік қызметтердің ішінен «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу» қызметін таңдап, «Онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу қажет.
Одан кейін eLicense порталы ашылады.
eLicense порталында мынадай тәртіппен жалғастырасыз: «Қызметтер» - «Жер қатынастары» - «Рұқсаттар» - қажетті қызмет - жеке тұлғаларға арналған бірінші кезең. Бұдан кейін әкімдікті таңдап, өтініш формасын толтырып, сызбаны тіркеп, өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қоясыз. Авторизацияны eGov Mobile арқылы да жасауға болады.
Әйтсе де, бұл жерде «Кезекке қою» қызметін таңдай алмайсыз. Себебі, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған. Интернет болмаған жағдайда құжаттарды ХҚКО немесе өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы тапсыруға болады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
4-қадам. Комиссия қорытындысын күтіңіз
Әкімдік жер телімін, оның аймақтарға бөлінуін және шекараларын тексереді. Материалдар жер және сәулет қызметтерінен өтіп, кейін жер комиссиясының қарауына жіберіледі.
Мемлекеттік қызмет регламентіне сәйкес, бірінші кезең 12 жұмыс күнінде жүзеге асады. Содан соң, комиссия қорытындысы дайын болады. Бас тартылған жағдайда себебі көрсетіледі.
Сонымен қатар, Жер кодексінің 43-бабына сай, комиссия өтінішті 15 жұмыс күніне дейін қарастыруға құқылы.
Бұл мерзімге жерге орналастыру жобасын дайындау және шекараларды белгілеу уақыты кірмейді. Өтінішіңіз толық мақұлданбай тұрып, жерге орналастыру жобасына тапсырыс беруге асықпаған жөн. Өйткені, тіпті комиссияның оң қорытындысы шықса да, ол әзірге жерге меншік құқығын бермейді.
5-қадам. Жергеорналастыружобасынатапсырысберіңіз
Өтініш мақұлданғаннан кейін жерге орналастыру және геодезиялық жұмыстарды жүргізетін орындаушыны азаматтың өзі таңдайды. Маман жер телімінің координаттарын, нақты ауданын, көршілес учаскелерді, шектеулерді, сервитуттарды анықтайды. Жобаны жер қатынастары жөніндегі орган бекітуі керек.
Бұл жұмыстардың ақысын өтініш берушінің өзі төлейді. Жер шекараларын белгілеу, сәйкестендіру құжатын дайындау және құқықты тіркеу де ақылы болуы мүмкін. Сондықтан алдын ала жол қатынасын, су мен электр энергиясына қосылу мүмкіндігін тексерген жөн. Жеке тұрғын үй құрылысы аумағында мемлекет инженерлік желілер тартуға міндетті болса, ал жеке қосалқы шаруашылық үшін Үкімет ондай жауапкершілік алмайды.
6-қадам. Әкімдік шешімін алып, жалдау құқығын тіркеңіз
Бекітілген жерге орналастыру жобасы және оны бекіту туралы бұйрық дәл сол мемлекеттік қызметтің екінші кезеңіне ұсынылады. Осы кезден бастап әкімдік үш жұмыс күнінде шешім қабылдауы тиіс. Оң шешім шығарылса, жер пайдалану туралы шарт қоса беріледі. Ал бас тартылса, дәлелді себебі көрсетіледі.
Шешім қабылданғаннан кейін жалдау шартына қол қойылады, жердің шекаралары бекітіледі, сәйкестендіру құжаты алынады, жылжымайтын мүлікке құқық тіркеледі.
Осы рәсімдер аяқталғанға дейін құрылыс жұмыстарын бастауға болмайды.
7-қадам. Жерді игеріп, меншікке рәсімдеңіз
Тағы бір есіңізге салайық, үй маңындағы жер телімі бастапқыда ақылы түрде жалға беріледі. Жерді игеру шарттары мен мерзімі әкімдік шешімінде және жалдау шартында көрсетіледі. Елді мекен шегінде құрылыс нысандарын салуға арналған жерді жалға алу құқығы кемінде үш жылға беріледі.
Жерді игеру талаптары орындалса, үй салынса және жер жеке қосалқы шаруашылық үшін пайдаланыла бастаса, азамат жер телімін меншікке тегін беру туралы өтінішін әкімдікке ұсына алады. Одан кейін жаңа сәйкестендіру құжаты алынып, меншік құқығы тіркеледі.
Ал егістікке арналған жер телімі тек ауыл шаруашылығы өндірісі үшін пайдаланылуы тиіс. Жер игерілмесе немесе нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаса, мемлекет жер телімін мәжбүрлі түрде кері алып қоюы мүмкін.
Өтініштен не себепті бас тартылуымүмкін
Комиссия мына жағдайларда жер беруден бас тартуы ықтимал:
жер телімі басқа тұлғаға тиесілі болса;
басқа учаскенің шекарасымен кірсе;
резервке қойылған болса;
нысаналы мақсаты басқа болса;
аукционға шығарылатын жерлер тізіміне енгізілсе;
азамат ЖҚШ үшін жерді бұған дейін тегін алған болса;
өтініште жалған мәлімет көрсетілсе;
қажетті дербес деректерге қол жеткізуге келісім берілмесе;
азамат сот шешімі бойынша жері мәжбүрлеп алынған тұлғалар тізілімінде болса.
Ең бастысы, комиссия өтініштен неліктен бас тартқанының дәлелін көрсетуі тиіс. Егер даулы мәселе жер комиссиясының хаттамалық шешіміне қатысты болса, Жер кодексіне сәйкес, оны алған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа жүгінуге болады.
Ал әкімдіктің түпкілікті бас тартуына немесе әрекетсіздігіне қатысты басқа тәртіп қолданылады. Сотқа дейінгі шағымды құқық бұзушылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей беру қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты шағым бес жұмыс күні ішінде қаралады. Жауапты алғаннан кейін, шешімге дау келтіру немесе әкімдікті белгілі бір әрекет жасауға міндеттеу туралы талап-арызды сотқа, ереже бойынша, бір ай ішінде беру керек.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында 10 сотық жер алу үшін кезекте қанша адам тұрғанын жазғанбыз.
Сонымен бірге, Шымкентте тегін 10 сотық жер кезегінде 280 мыңнан астам адам тұр.