25 тамыз. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 25 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

Қуандық РАХМЕТОВ, Құқық қорғау органдары академиясы Кәсіби дайындық институтының директоры

Фото: gov.kz

1973 жылы Павлодар облысында туған. Білімі жоғары, заңгер.

Құқық қорғау органдарында еңбек жолын 1997 жылдан бастады. 2001 жылдан Ақмола облысының көлік прокуроры, Павлодар облысы Лебяжі ауданының прокуроры, Бас прокуратура басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаменті Бас прокурорының аға көмекшісі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Қылмыстық саясат және үкімдерді орындау мәселелерін зерттеу орталығының бастығы болды. 2024-2026 жылдары Ұлытау облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметіне 2026 жылдың қаңтарында кірісті.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Берік ЖАКЕНОВ, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Өңірлік даму және бақылау бөлімінің меңгерушісі

Фото: inbusiness.kz

1978 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) туған. 2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Ақмола облысы Көкшетау қаласының Салық полициясы органдарының қызметкері болып бастаған. Астана қаласы бойынша Салық комитетінің Ақпараттық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің маманы, Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Сарыарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болды. 2016-2019 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2019-2022 жылдары Астана қаласы Есіл ауданының әкімі, 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, «АМАНАТ» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 2023-2024 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Өңірлік даму және бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.

Аллен ШАЙЖҮНІСОВ, «Қазақстанның Экспорттық несие агенттігі» АҚ басқарма төрағасы

Фото: primeminister.kz

1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. РФ Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (2002); Қазақ қаржы-экономикалық академиясын (2011) бітірген.

Еңбек жолы: 1998-2003 жылдары «Қазақстан кабель компаниясы» ЖШС Ресей Федерациясындағы өкілдігінің менеджері болып жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары дипломатиялық қызметте болды. 2006-2008 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2006-2008 жылдары «Нұр Отан» ХДП орталық аппараты хатшылығының меңгерушісі, 2010-2012 жылдары «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС басқарушы директоры, 2010-2013 жылдары ҚР Велосипед спорты федерациясының атқарушы директоры, вице-президенті, 2013-2014 жылдары ҚР Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, 2014-2015 жылдары Қазақстан Футбол федерациясының бірінші вице-президенті, 2015-2017 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атқарушы директоры, 2017-2018 жылдары «ЭКСПО-2020 Дубай» бүкіләлемдік көрмесінде Қазақстан секциясының бас комиссары, 2018-2020 жылдары «АСТАНА ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2020 жылы «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.

2024 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі

Фото: Үкімет

1983 жылы Ақтөбе қаласында туған. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих мамандығы бойынша бакалавриатын, 2008 жылы философия және саясаттану мамандығы бойынша магистратурасын, осы мамандық бойынша 2011 жылы докторантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2000-2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы, 2004-2006 жылдары Алматы экономика жəне статистика академиясы Ақтөбе институтының әлеуметтік-гуманитарлық пəндер кафедрасының оқытушысы, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, 2006-2007 жылдары «Отан» РХП Ақтөбе облысы филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты Республикалық Кеңесі Төрағасының орынбасары, 2007-2008 жылдары Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы № 159 көпсалалы гимназияның тарих жəне құқық пəндерінің мұғалімі, 2010-2011 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-тəрбие жұмысы жөніндегі проректорының орынбасары, Жастар əкімшілігінің төрағасы, 2011 жылы Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы, 2011-2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалым хатшысы, 2012-2014 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның білім беру саясаты жəне бағдарламалар Департаментінің аға менеджері, 2014-2017 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары, 2017-2019 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры, 2019-2021 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі филиалының директоры лауазымын атқарған. 2023-2025 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VIIІ шақырылымының депутаты болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қыркүйектен бастап атқарып келеді.

Айнұр ШАЙМЕРДЕНОВА, Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтiк сала жөнiндегi орынбасары

Фото: gov.kz

1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. 2014 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2021 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша аяқтаған, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Өңірлік кадр резервінің резервисті.

Еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Мемлекеттік органдарда, оның ішінде мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, корпоративтік басқару және комплаенс саласында жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2026 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.

Жұмат ШАНИН, режиссер, драматург, актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Казақ ССР-інің халық әртісі

Фото: e-history.kz

1892 жылы қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Желтау маңында туған. Алғашында ауыл молдасынан оқып, хат таныды. Жас кезінен Ж.Шанин ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өскен. Әсіресе, Қоянды жәрмеңкесіне барып, халық думанын тамашалау оның ой-қиялын қозғап, өнерге деген ынта-ықыласын арттырады. Туған нағашысы Алтыбайдан ән салып, домбыра тартуды үйренді. 1913 жылы Омбыға келіп, күнкөріс қамымен біраз уақыт зауытта жұмыс істейді. Мұнда С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен және Б.Серкебаевпен танысады, әрі өз бетінше оқып білімін жетілдіреді. 1915-1916 жылдары есепшілік курсты оқып бітіргеннен кейін зауытта есепшінің көмекшісі болып қызмет етеді. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. Бірақ көп ұзамай-ақ Ж.Шанин майдан жұмысына тартылады. Одан туған ауылына 1917 жылы оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралының уездік кооперативінде есепші қызметін атқарды. 1921-1922 жылдары Павлодар уезі комитетінің мүшесі, 1922 жылы Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы, 1923 жылдан Семей губерниясы атқару комитетінің және Қазақ КСР ОАК мүшесі болып, тағы басқа да жауапты орындарда қызмет атқарған. 20-жылдары Семейде «Ес-аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Ж.Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфулиннің «Қызыл сұңқарларын» қойды. Сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 жылы Семейдің «Таң» журналында жарияланды. 1925 жылы ашылған Қазақ драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағын басқарған. 1926-1932 жылдары қазақ драма театрында ұлттық драматургиядан С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын», С.Аблановтың «Күндеспейтін қатындар» мен «1910 жылын», Ж.Шаниннің «Болатын», І.Жансүгіровтің «Кегі» мен «Түрксібін», Б.Майлиннің «Майданын», М.Әуезовтің «Октябрь үшін» және классикалық туындылардан А.Пушкиннің «Тас мейманы» мен «Сараң серісін», У.Шекспирдің «Гамлетін», сонымен бірге өзі жазған «Торсықбай», «Арқалық батыр» (екі кешке арналған 2 бөлімді), «Айдарбек», «Баян батыр», «Өлімнен үмітке» («Шахта») тағы басқа шығармаларды қойған. 1932-1933 жылдары Қырғыз драма театрының бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. 1936 жылға дейін осы театрдың көркемдік жағын басқарған Ж.Шанин алғашқы музыкалық театр өнерінің қалыптасып дамуына да мол үлес қосты. 1930-1937 жылдары Орал музыкалық драма театрын ұйымдастырумен бірге оған басшылық жасаған. Ол бірқатар пьесалар («Жанды сурет», «Қара құлын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Үш бажа») жазып, ұлттық драматургияны дамытуда жемісті еңбек етті. Ж.Шанин шығармашылығын М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, тағы басқалар жоғары бағалаған. 1972 жылы Шымкент драма театрына Ж.Шаниннің есімі берілді.

Марфуға Айтхожина, ақын

Фото: adebiportal.kz

Марфуға Ғалиқызы 1936 жылы 25 тамызда ҚХР Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақ. Әкесі - Айтқожин Ғали. Анасы - Би-Фәтима Смағұлқызы.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1965) журналист мамандығы бойынша, Жоғары әдеби курстарды (Мәскеу қаласы, 1971) ақын, композитор, қазақ тіліне аудармашы мамандығы бойынша бітірген.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті профессоры (2007). 40-тан астам жинақтың, оның ішінде «Балқұрақ» (1962), «Шыңдағы жазу» (1964), «Жастық» (1968), «Аққуым менің» (1971), «Қаракөз айым» (1973), «Баянжүрек»(1974), «Көзімнің қарасы» (1975), «Ақ бесігім» (1978), «Жарқыра, менің жұлдызым» (1980), «Қыран жеткен» (1985), «Тандамалы» (1986), «Сағыныш сазы» (1990),«Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау» (2001), «Аққу жүрек» (2001), «Жапырақтар жауғанда» (2002), «Алатаудың ақ батасы» (2005), «Таңдамалы» (2 том), «Тобылғы бүрлегенде»(2008) кітаптарының авторы.

Орыс тілінде 7 кітабы жарық көрген: «Горсть земли» (Мәскеу қаласы, 1975), «Утверждение» (Мәскеу қаласы, 1985), «Струна степей» (Мәскеу қаласы, 1978), «Укрощение коня» (Мәскеу қаласы, 1985), «Художественная литература» (1985), «Летние росы», «Советский писатель». Өлеңдері мен поэмалары 40-тан астам шет тіліне аударылып, жарияланған.

Өлеңдеріне Қазақстан және басқа елдердің композиторлары ән жазған. Шетелдік журналдардың, антологиялар мен альманахтардың тұрақты авторы, оның ішінде «Молодая гвардия»(Мәскеу қаласы), «Поэзия антологиясы» (Париж қаласы), «Лотос» халықаралық журналы (Каир қаласы, 1973); неміс, француз, араб және басқа шет тілдеріндегі басылымдар.

Қазақ, орыс және түрік тілдерін біледі. 1956-1958 жылдары - Құлжа қаласындағы қыздар гимназиясының оқытушысы. 1961-1968 жылдары - «Қазақ әдебиеті», «Учитель Казахстана» газеттерінде жұмыс істеген. 1971 жылдан бері - шығармашылық жұмыспен айналысады.

Мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Президенті аппаратының жанындағы Республикалық әйелдер құқықтары және демографиялық саясат жөніндегі кеңесінің басқарма мүшесі (1995-1998). Республикалық Әйелдер кеңесінің мүшесі (1991 жылдан). «Достық» халықаралық қоғамының басқарма мүшесі (1977-1998). Алматы қалалық Халық депутаттары кеңесінің депутаты (1981-1985). Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1968 жылдан).

«Құрмет белгісі» (1986), «Парасат» (1998) ордендерімен; көптеген медальдармен және грамоталармен; «Исламабад аспаны» өлеңдер мен романстар циклы үшін Пәкістан мемлекетінің Құрмет грамотасымен (1998) марапатталған. «Көгілдір Дунай» өлеңдер кітабы үшін Николай Васпаров сыйлығының (1979), «Аңсау» өлеңдер жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2002) лауреаты. Қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлесі үшін Кембридж университетінің «2007 жылдың халықаралық кәсіпқойы» атағына ие. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің құрметті профессоры. Болгарияның «Достық» медалімен марапатталған.

2009 жылы Президент жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.