25 жастағы блогер-мұғалім: Әлеуметтік желі жұмысқа кедергі келтірмеуі керек

Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Елімізде мектептегі жұмысымен шектеліп қалмай, әлеуметтік желілер арқылы балаларға оқу-білім үйретіп жүрген мұғалімдер көбейіп келеді. Олардың бірі –  Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының математика мұғалімі Байболат Сейдахан. 

25 жастағы маманның әлеуметтік желідегі бейнероликтері 2-3 миллионнан астам қаралым жинаған. Жақын күндері ол ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі Tiktok-пен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан мұғалімдері» байқауының жеңімпазы атанды. Жас маманмен Kazinform тілшісі тілдесті.

— Байболат Әлімбайұлы, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қандай мекемелерде білім алдыңыз және мұғалім ретіндегі жұмыс жолыңыз қалай басталды?

— Мен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат елді мекенінде дүниеге келдім. 1-7 сыныпқа дейін ауылдағы мектепте, кейін Жамбыл Қаппаров атындағы № 5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатында білім алдым. Мектепті алтын белгімен аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне математика мамандығында оқуға түстім. Магистратураны да осы университетте сәтті тәмамдадым. Математикадан сабақ беруді 2-курста бастадым. Алғашында репетитор болып, шақырған үйге барып сабақ өтетінмін. Уақыт өте оқу орталықтарында сабақ бердім. Ресми жұмыс жолын бастаған алғашқы мектебім — Шымкенттегі физика-математика бағытындағы НИШ мектебі. Онда 1 жыл 1 ай жұмыс істеп, 9-11 сыныптарға сабақ бердім. Бірақ директорымыз Жаңабай ағайдың шақыртуымен өзім оқыған Жамбыл Қаппаров атындағы мектеп-интернатына ауыстым.

— Әлеуметтік желідегі парақшаңызды қай уақыттан бері жүргізіп келесіз? Tiktok-та видео түсіруге не себеп болды?

— Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеп жүргенімде әріптесім Tiktok-қа видео түсіріп, Қазақстан мұғалімдері» байқауының жеңімпазы атанды. Ол келесі жылы бұл байқауға маған да қатысуға кеңес берді. Сөйтіп 2023-2024 оқу жылының басында менде тәуекел етіп, бейнежазбаларымды желіде жариялай бастадым. Жаңа мектепте ауысқаннан кейін де бұл ісімді тоқтатқан жоқпын. Қайта пайдалы контент жасап үшін идеяларымды жинап, одан жоспар құрап, жүйелі түрде видео түсіруге кірістім. Сонда логикалық сұрақтарға байланысты және әртүрлі елдердің есеп шығару тәсілдерін салыстырған роликтер көп қаралым жинады. Қазір барлығы әлеуметтік желілерді қолданады. Оған күніне кемі 2-3 сағат жұмсайды. Сондықтан менің мақсатым — адамдардың назары ауған құралды пайдаланып, халыққа, әсіресе, оқушыларға математикадаға көп сұрақтардың оңай екенін көрсету және өз пәніме қызығушылықты арттыру. Бірақ әрине, мектептегі жұмысым бірінші орында. Меніңше, әлеуметтік желі мұғалімнің оқу орнындағы жұмысына кедергі келтірмеуі керек.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Қазақстан мен басқа елдердегі есеп шығару тәсілдерін салыстырып жиі видео түсіреді екенсіз. Оқушы бір тәсілді толығымен түсінгені дұрыс па, әлде әртүрлі тәсілді білудің артықшылығы бар ма?

— Иә, мұндай видеоларым бар, оның ішінде Қазақстан мен Қытайды, Қазақстан мен АҚШ-ты және басқа да мемлекеттердің тәсілдерін салыстырамыз. Мектепте елімізде енгізілген стандарт бойынша үйретеміз. Бірақ тест тапсыратын 11 сыныптарға жылдам, тез шешілетін тәсілдерді де көрсетіп жібереміз. Есеп шығарудың екі тәсілін білген бала тестті бір тәсілмен шығарып, екіншісімен жауабын тексере алады. Бірақ барлық шетелдік есеп шығаруын жолдарын оқушыға білу міндетті емес, оның біреуін болсын толық түсінгені маңыздырақ. Ал мұғалімдерге білген артық етпейді деп ойлаймын.

— Сабақ кезінде қаншалықты жасанды интеллектіні пайдалансыз?

— Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген кезде жасанды интеллектіні көбірек пайдаландым. Бірақ тек сабақты жеңілдету мақсатында қолдандым. Атап айтқанда, топқа бөлу, интерактивті ойнату не сергіту сәтін ұйымдастыруға көмекші ретінде пайдаландым. Бірақ сабақ түсіндіруде жаппай жасанды интеллектіні қолдануға қарсымын. Өйткені ол оқушы үшін сабақты қиындатып жіберуі мүмкін. Қазіргі жұмысымда ЖИ-ді қолдана бермеймін, себебі мұнда интернет әлсіз ұстайды.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Биыл Қазақстан мұғалімдері байқауында жеңіске жеттіңіз. Сіздің ойыңызша, мұндай байқау өткізудің маңыздылығы неде? Мұғалімдерге қандай пайдасы бар?

— Ұстаздарға арналған әлеуметтік желідегі мұндай байқаулардың өткізіліп тұрғаны дұрыс. Мен өзім Tiktok түсірер алдында көп іздемін және сол арқылы бұрын білмеген жаңа дүниелерді үйреніп жүрмін. Желідегі біздің роликтеріміз оқушыларға ғана емес, өзге мұғалімдерге де жаңа әдіс-тәсілдерді үйренуге, тәжірибе алмасуға көмектеседі. Мен түсірген видеодағы кей сұрақтарды өз сабағында қайталап жүрген ұстаздардың бейнежазбаларын да көрдім. Сондықтан Қазақстан мұғалімдері секілді байқаудың маңызы зор. Дегенмен, артық қыламын деп тыртық қылуға да болмайды. Тренд қуалаймын деп мұғалімдерге де кіріп келтіріп алмауды ойлаған жөн.

Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биология, информатика, ағылшын, қазақ тілі мұғалімдері әлсіз екенін айтқан болатын.