25 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 25 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Рождество мерекесі (батыс христиандар)
Христиандардың басты мерекелерінің бірі. Әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мейрам дәрежесінде атап өтіледі. Еуропаның көптеген елінде бұл мереке нағыз отбасылық мейрам саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да, дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1979 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-мұражайы құрылды. Оның құрамына Ежелгі Тараз қаласының жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, төменгі Барысхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қалаларының жұрты, т.б. тарихи және мәдени ескерткіштер біріктірілген.
2000 жылы Алматыда тұңғыш отандық өндіріс троллейбусы жасалды.
2006 жылы Алматыда «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмнің премьерасы болды. Авторы – танымал режиссер Қалила Омаров. Фильмнің сценарийін музыкант Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызымен бірге жазған. Фильмде кейіпкердің танымал және белгісіз өмірінің көріністері пайдаланылған.
А. Жұбановтың туған жері – Ақтөбе облысында және Алматыда, Астанада және Париждегі мерейтойлық шаралар өткен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түсірілген. Мәскеу мұрағаттарынан материалдар пайдаланылған. Фильмде Жұбановтар әулетінің көптеген мүшелері және оның шөбересі, жас танымал дирижер Алан Бөрібаев та қатысқан.
2012 жылы Астана ТМД және ЕурАзЭҚ қалалық тәжірибелерінің «Өмір сүруге жайлы қала» V көрме-байқауының лауреаты атанды. Аталған байқау Мәскеуде «Мегаполис: XXI ғасыр: Қала және балалар» атты IV халықаралық форум аясында өтті.
Қазақстан астанасының атынан келген делегаттарға Ресей муниципалдық академиясының наградалары мен астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық ассамблеясының дипломдары табысталды.
Астана қаласы мұндай абыройлы наградаға жастардың еңбекпен қамтылуы саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған «Жасыл ел» жалпыұлттық бағдарламасын жасап, іске асырғаны үшін қол жеткізді.
2012 жылы «Astana Solar» ЖШС фотоэлектрлік модульдердің өндірісі бойынша зауытта іске қосу-реттеу жұмыстары салтанатты түрде басталды. «ҚазАтомпром» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорнының алғашқы күн батареяларына Президент Н.Назарбаев «Тұңғыш қазақстандық модуль! Құттықтаймын!» деген жазба қалдырды.
2014 жылы Қазақстан Президенті үш дәрежеден тұратын арнайы Еңбек даңқы орденін тағайындады. Үш дәреже иегері Еңбек Еріне теңеседі. Еңбегімен еленген жұмыскерлер, шаруаларға ғана беріледі.
2015 жылы «Қазпошта» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған пошта маркаларын айналымға шығарды. Марка 4 бояулы офсеттік тәсілмен басылды. Формасы – сегіз маркадан тұратын марка парағы.
Парақтың өлшемі: 140х120, марканың өлшемі 28х40. Таралымы 5 мың дана. Суретшісі – К.Плужникова. Марканың номиналы – 300 теңге.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Дала қазынасы» сериясының «Алқа» естелік күміс монеталарын айналымға шығарды. Номиналы: 500 теңге, металдың құрамы: 925 сынамалы күміс, массасы – 31,1 г, төрт қырлы монета диаметрі 43 мм шеңбердің ішіне сыяды. Дайындау сапасы: proof. Таралымы – 3 000 дана.
2017 жылы жыл сайын берілетін төртінші «Asian Chess Excellence Awards» сыйлығын тапсыру рәсімінде қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова 2017 жылы Азияның үздік бойжеткен ойыншысы атанды.
2018 жылы Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Оның негізгі миссиясы ғылым, ғылыми-техникалық қызмет және жас ғалымдар мен басқа да ғалымдардың еңбегіндегі ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру салаларындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысу.
2019 жылы режиссер Алдияр Байрақымовтың «На грани» фильмі Грекияның Пиргос қаласында өткен халықаралық «Олимпия» балалар және жасөспірімдерге арналған кинофестивальде киносыншылардың арнайы жүлдесімен марапатталды.
Бұған дейін «На грани» фильмі Ресейдің Анапа қаласында өткен ТМД және Балтық елдері киносының «Киношок» ашық кинофестивалінің негізгі байқауына қатысқан, сондай-ақ Беларусь елінде өткен «Листопад» халықаралық кинофестивалінде үздік сценарий үшін қазылар алқасының арнайы жүлдесімен және ЮНИСЕФ қорының сыйлығымен марапатталған. Сонымен қатар бұл фильм бұған дейін «Үздік дебют» номинациясы бойынша Қазақстан кинематографистер одағының «Құлагер» жүлдесіне ие болды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік «Қазақстанның бейнелеу өнері» монеталар сериясынан «Á.Qasteev «Búrkitshi» коллекциялық монеталарын және номиналы 100 теңгелік «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «I. Jansúgirov. 125 jyl», «S. Seifýllin. 125 jyl», «B. Mailin. 125 jyl», «T. Rysqulov. 125 jyl» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды.
2020 жылы қазақтың ұлы ойшыл, ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Түркияның Чорум қаласындағы Искилип ғалымдар мұражайында «Абай арнайы бөлмесі» және Искилип ауданында «Абай саябағы» салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар мұражайға Абайдың балауыз мүсіні қойылды.
2021 жылы Ақтөбе қаласында Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлерге арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешені ашылды.
Мемориалдық кешенде «Алаш» партиясының Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаханша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды белгілі қайраткерлерінің барельефті бейнелері бар.
Әлия Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында орналасқан рельефті композицияның биіктігі – 5 метр, ал ұзындығы – 7 метр. Жоба авторы – мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.
2022 жылы Hawk 's әлем жұлдыздары құрамына кіретін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Дубайда өткен әлемдік теннис лигасы турнирінде жеңіске жетті. World tennis League-2022 финалында Hawks құрамасы Kites командасын 37:25 есебімен жеңді. Біздің теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентектен басым түсіп, жекелей сында өз құрамасына маңызды ұпайды сыйлады.