25 жылда 1 миллионнан астам отбасы баспаналы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 25 жылға жуық мерзімнің ішінде 113,2 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты оң нәтиже беріп отыр. 25 жылға жуық мерзімнің ішінде 113,2 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 1 миллионнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі бір адамға шаққанда 14,2 шаршы метрден 21 шаршы метрге дейін өсті. Осы салаға тартылған инвестиция 1994 жылдан бастап 2015 жылға дейін 14,5 млрд. теңгеден 739,9 млрд. теңгеге дейін өсті», - деді ол.

Министр алға тартқан деректерге қарағанда, 2016 жылғы қаңтар-тамызда барлық қаржыландыру көздерінің есебінен тұрғын үйді іске қосу өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға  өсті. Пайдалануға берілген  көп пәтерлі тұрғын үйлердің алаңы 26,7 пайызға артты. Мемлекеттің қаражаты есебінен тұрғын үй салу қарқыны да сақталып,  507 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өзінің тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы келетін азаматтардың саны өсті. Сонымен, 2014 жылмен салыстырғанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 430 мыңнан 709 мыңға  дейін өсті», - деді Қ.Бишімбаев.