25 жылда Қазақстанда 2 млн ұрлық тіркелген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 млн-нан астам ұрлық тіркелген. Оның ішінде, 1,5 млн ұрлық фактісі ашылмай қалған. Бұл туралы бүгін Бас Прокурор Жақып Асановтың қатысуымен өтіп жатқан Заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында белгілі болды.

Бас прокуратураның мəліметіне сүйенсек, Қазақстанда ұрлық фактілері бүкіл қылмыстың 60 пайызын құрап отыр. Соңғы бес жылда ұрлықтан келген шығын 70 млрд теңгеден асып кеткен.

"Қазақстандағы қылмыстардың 64% пайызы ол -  ұрлық. Халықтың мазасын кетіріп отырған да  - ұрлық. Жылдан жылға көбейіп келеді. Халық құқық қорғау органдарына сенбейді. Өйткені, ұрлық фактілерінің 70 пайызы ашылмай қалған»,-деді үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокурор Жақып Асанов.