Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік министрі Корнелия Пипер ханымды қабылдады. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Байланыстар жаңа деңгейге көтерілмек» тақырыбымен берілген мақала осы кездесудің маңызына тоқталыпты. «Тараптар екі ел арасындағы байланысты барлық салада және әр деңгейде жан-жақты дамытудың маңыздылығы өте зор екенін айтты», - дейді басылым.
«Жүрегі жақсылардың алтын сандық, сандықты кілт болмаса кім ашады?" демекші, кейде кейіпкеріңнің образын аша алмай қаласың. Кілтін таба алмайсың. Ана бір кезде Гүлжамал жайлы жазуға талпындым, болмады. Алдыртпады. Бұған себеп алдымен оның көрінгенге көп ашыла бермейтіні болса, екіншіден Гүлекеңмен атүсті сөйлескенім болар деймін. Одан кейін ұмытылып кеткен шаруаның ыңғайы енді келген сияқты». Осылай ой өрбіткен «Егемен Қазақстан» басылымынң бүгінгі санындағы келесі мақала «Құртқаны сонда білерсің...» деген тақырыппен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақбаева жайында сөз қозғайды.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жарияланыпты.
***
Барыс жылы Қазақ елі ғарыш кеңістігіне қайта құлаш ұрады: кеше қазақстандық «kаzsat-2» жер серігін ұшыру биылғы жылдың желтоқсанына белгіленгені жария болды. «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Қазақстан «Байқоңырды» қайтаруға кіріседі» аттымақала осы жағымды жаңалықпен хабардар етіпті. «Бұл маңызды оқиға Қазақстанның еуропалық кеуделі ұйымға төрағалығына, Елбасының жаңа онжылдықтағы мемлекетіміздің өрлеуінің стратегиялық бағдарын айқындауына, еліміздің үдемелі индустриялық-иновациялық даму белесіне аяқ басуына арналатындықтан, оған зор саяси маңыз берілмек»,- дейді басылым.
Алматы облысының полицейлері ел аман, жұрт тынышта 250 азаматты алдап, қыруар қаржысын қолды еткен бір келіншекті қолға түсірді. Бұл не сұмдық? «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «250 азаматты «арбаған» әйел» атты мақаланы оқуға асығыңыз.
«Менің спортта алға қойған бір ғана арманым бар. Әлемдік аренаға шығып, дүйім жұрттың алдында қазақтың мықтылығы мен тектілігін таныту»,- дейді ережесіз жекпе-жектен Еуразия және ТМД чемпионы Бекнар Аманбаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Байрақты бәсекелерде беделімізді тіктеп жүрген батыр ұлдарыңыбен ой бөліскіңіз келсе, «Қазақтың тектілігін танытқым келеді» тақырыбымен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.
***
Әйгілі француз ғалымы Шарль Луи Монтескье бөліп көрсеткен биліктің үш тармағы - заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің тәуелсіздік алғанына 18 жыл болған біздің елімізде алдыңғы екеуі жемісті еңбек атқарса, үшінші тармағы, яғни сот жүйесін реформалау күн тәртібіне шығарылып отырған сыңайлы. Осы бір маңызды мәселені Елбасымыз өткен жылы қараша айында Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде айтса, күні кешегі Қазақстан халқына жолдаған соңғы жолдауында да тағы бір атап өтті. Мәселенің қаншалықты маңызды екендігі жайлы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарияланған Жарқын Түсіпбекұлының «Фемиданың қисық таразысын қалай түзетеміз?» атты мақаласынан оқи аласыздар.
«Мүгедек балаларды күтушілерге тек 18 жасқа дейін ғана жәрдемақы тағайындау керек пе?» Биылдан бастап елімізде қолға алынған осындай қадамның ескерілмей қалған тұсы да бар сияқты. Себебі 18 жастан кейін мүгедек баланың жағдайы жақсарып кете ме? Аталған сауал төңірегінде қоғам қайраткері Амангелді Айталы мен заңгер Кәрібай Тасшабаев «Алаш айнасының» ой-көкпар айдарында пікір таластырады.
Осыдан тура 10 күн бұрын «Дарьял У» радиолокациялық стансысында болған апат салдарынан қирандылар астында қалып қойған кісілерді іздестіру жұмысы тоқтатылды. Осы бір қайғылы оқиғаның егжей-тегжейін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Дарьял У» қасіретіне кім жауап береді?» тақырыбымен берілген мақаланы оқыңыз.