26 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 26 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: magnific

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1964 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Целиноград қаласында медициналық институт ашылды. 1997 жылы институт медициналық академия болып қайта құрылды. Ал 2009 жылғы 6 қаңтарда Қазақ медициналық академиясы «Астана медицина университеті» АҚ болып қайта ұйымдастырылып, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ құрамына енді.

2010 жылы Бельгия Корольдігінде Қазақстан мен Бельгия арасындағы Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылданды.

2010 жылы Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының даңқты спортшылары аллеясы ашылды. Қажымұқан атындағы орталық стадион алдындағы алаңға есімдері қашалған 28 әйгілі спортшының аты жазылған гранит тақталар орнатылды. Олардың қатарында боксшы Бекзат Саттарханов, гимнастшылар Нелли Ким мен Әлия Юсупова, балуан Бисолт Дециев бар.

2011 жылы Малайзиядағы Қазақстан Республикасының елшілігінің ұйымдастыруымен Куала-Лумпур қаласында қазақстандық заманауи суретшілердің көрмесі ашылды. Алматыдағы «Өнер» арт-салоны ұсынған 100-ден астам картинада қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, дәстүрлері мен құндылықтары, ұлы даланың рухы бейнеленді.

2015 жылы Италия мұрағаты Қазақстанға Дешті Қыпшақ дәуірінде жазылған «Кодекс Куманикус» («Қыпшақ тілдерінің сөздігі») еңбегінің электронды нұсқасын ұсынды. Бұл — теңдесі жоқ бірегей тарихи мұра. Осы дереккөздер негізінде жеке кітап шығару мүмкіндігі қарастырылды.

2015 жылы Варшава қаласында Еуропа кәсіби футбол лигалары қауымдастығының (ЕПФЛ) Бас ассамблеясы өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның Кәсіби футбол лигасы ұйым құрамына қабылданды. Осылайша Қазақстанның Кәсіби футбол лигасы ЕПФЛ құрамындағы Еуропаның 24-кәсіби лигасы атанды. Қазақстан Ресей, Украина және Әзербайжаннан кейін аталған ұйымға мүше болған бұрынғы КСРО елдерінің төртіншісі болды.

2017 жылы режиссер Сәбит Құрманбековтің Ауғанстаннан тарихи Отанына оралған қазақ отбасының тағдырын баяндайтын «Оралман» көркем фильмі Италияда өткен XX халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде шетелдік қазылар алқасының шешімімен «Үздік көркем фильм» жүлдесін иеленді. Сонымен қатар фильм Дүниежүзілік католиктік коммуникациялар қауымдастығының (SIGNIS) тәуелсіз қазылар алқасының арнайы марапатына лайық деп танылды.

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында биологиялық және ландшафтық алуан түрлілікті сақтау мақсатында «Тарбағатай» ұлттық паркі ашылды. Парктің аумағы 143 550,5 гектарды, ал қорғау аймағы 204 602 гектарды құрайды. Мұнда Қызыл кітапқа енгізілген эндемик өсімдіктердің 35-тен астам түрі өседі. Сонымен қатар парк аумағында 1 640 өсімдік түрі анықталған, олардың арасында дәрілік өсімдіктер де көп.

2019 жылы Швейцарияның Трамелан қаласында өткен ауыр атлетикадан 49-шы «Challenge 210» халықаралық турнирінде қазақстандық Раушан Мешітханова 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Спортшы қос сайыс қорытындысы бойынша 205 келі (95 110) көтеріп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.

2023 жылы италиялық тревел-блогерлер Дамариде мен Франческо Қазақстанға келіп, елдің көрікті жерлеріне тәнті болды. Олар әлеуметтік желілерде Түркістан қаласынан түсірілген бейнеролик жариялап, Қазақстанның туристік әлеуеті әлі де кеңінен таныла қоймағанымен, көптеген әсем орындарға бай екенін атап өтті.

— Соның ішінде Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар. 2002 жылы ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қазақстандағы алғашқы нысан атанды. Биіктігі 39 метр болатын кесенені парсы шеберлері күйдірілген кірпіш пен саз қоспасынан тұрғызып, Орталық Азиядағы ең үлкен күмбезбен көмкерген, — деп атап өтті Дамариде мен Франческо.

2024 жылы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте бизнестің белсенділігін бақылауға арналған жаңа ақпараттық платформа таныстырылды. Платформада 2 мың отандық кәсіпорынның өндірістік жүктемесі, өнімдері, сыртқы саудасы, қызметкерлер саны және жасалған келісімшарттары туралы мәліметтер қамтылған. Жүйе мемлекеттік органдарға бизнесті қолдау шараларын талдап, тиісті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

2025 жылы Анель Ташбай жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол жеке уақытқа жарысу сайысында 17:06.05 нәтижесімен мәреге жетіп, жеңімпаз атанды.

2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Евгений Васенкин алтын, ал Нұрали Махмұт күміс медаль жеңіп алды. Евгений 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында өзбекстандық Асадбек Самандаровты 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Ал таеквондодан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрали Махмұт финалда өзбекстандық Омадбек Отабековке есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.